Екі күннен кейін елімізде ҚР Президенті сайланады. Әр азамат өз таңдауын жасап, конституциялық құқығын жүзеге асырады. Бүгінде әр сайлау учаскесі саяси науқанға әзірлігін пысықтап, кем-кетігін түгендеп қойды. Павлодар қаласының №64 сайлау учаскесі де жауапты күнге толықтай дайын. Қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтылыпты.

Облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінде орналасқан бұл учаскеге 2421 азамат тіркелген. Аталмыш сайлау учаскесінің төрағасы Дмитрий Аксеновтің айтуынша, бүгінде аты-жөндерін тізімнен тексеріп келіп жатқан тұрғындар да бар. Келген азаматтардың бірі тізімде болмай шыққан көрінеді. Мекенжай анықтамасын әкелгенннен кейін ол азамат тізімге енгізіліпті.

Павлодар қаласындағы №64 сайлау учаскесіне қарасты сайлау-шылар тізімінде биыл алғаш рет сайлауға қатысып, дауыс беретін 51 азамат бар. Яғни, олар - 18 жасқа толғандар. Сайлаушылардың ең егдесі - 1928 жылы туған екі азамат.

Естеріңізде болар, денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне бара алмайтын тұрғындар өтініш беріп, үйде таңдау жасауға құқықтары бар. Ол үшін өзі тіркелген учаскеге өтініш білдіріп, 9 маусым күні үйіне көшпелі жәшікті жеткізуді сұрай алады. Бүгінде №64 сайлау учаскесіне мұндай 6 өтініш түсіпті.

- Учаскеміз талапқа сай жабдықталды. 4 кабина орнатылды. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тағы бір жәшігіміз болады. Екі көшпелі жәшік қарастырылған. Интернет желісіне, телефон байланысына қосылдық. Пандус та бар, - дейді учаске төрағасы Дмитрий Аксенов.

Саяси науқанға дайындық аймағамызда аяқталуға жақын. Әзірлік қызу жүргізілуде. Облыс бойынша 543 учаскелік сайлау комиссиясы құрылған. Оның 23-і азаматтардың уақытша болу орындарында жұмыс істейтінін айта кетейік.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz