Бұдан соң Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің алаңында Ораза Айт мерекесі кең көлемде аталып өтті. Мәшһүр Жүсіп орталық мешітіне жиналған жамағатты Қазақстан мұсылмандары діни басқарма-сының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы діни мейраммен құттықтай келе, Ақсу қаласында тұратын көпбалалы анаға 3 бөлмелі пәтердің кілтін сыйға берді. Баспана толықтай жөндеуден өтіп, үй жиһаздарымен жабдықталған.

Бұл күні қаладағы «Ақмешіт», «Ғазиз», «Әбу Бәкір Сыддық», «Бижан», «Ар-Рахман», «Умар әл-фаруқ» мешіттері бірлесіп, «Ораза Айт - берекелі мереке» атты мәдени-рухани-спорттық шаралар ұйымдастырды. Мерекелік шараға шамамен 10 мыңға жуық адам қатысты. Балаларға арналып жеңілдетілген бағамен түрлі тәтті-дәмділер сатылатын дүңгіршектер де өз орындарын тапты. Алаңға тегін батуттар, алтыбақан және спорттық ойын құрылғылары орнатылды.

Өкіл имам Жолдас Қоспақұлы жиналғандарды Ораза Айт мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде жамағатқа отыз күн оразадан кейін сүйіншілеп келген Ораза Айт мерекесіне аман-есен жеткен мұсылмандардың отбасыларына амандық, Отанға тыныштық тіледі. Бұл күні жастар арасында қазақ күресі, арқан тарту, қол күрестіру, кір көтеру қатарлы спорттық жарыс- тар ұйымдастырылды. Сондай-ақ жасөс-пірімдер мен балаларға арнап мешіт ұстаздары Құран оқу жарысы, көңілді старт, викторина, өлең-тақпақтарды мәнерлеп оқу сайыстарын өткізді. Дәстүрлі «Қайырымдылық жәрмеңкесі» де назардан тыс қалған жоқ. Жергілікті өнер жұлдыздары ән мен жырдан шашу шашты. Спорттық сайыстарда озық өнер көрсеткен командалар мен жеке жеңімпаздарға арнайы сый-сыяпат жасалып, марапаттар табыс етілді. Мерекелік шараларға қатысқан барлық бүлдіршіндерге арнап сатып алынған 1 миллион теңгенің ойын- шықтары мен сыйлық кітаптары үлестірілді.

Сондай-ақ, қаладағы «Самал» сауықтыру орталығында тәрбиеленіп жатқан 20 бала арнайы дайындалған дастарқаннан дәм татып, жеке сый- сыяпаттарға кенелді. «Қолдан-қолға!» акциясы аясында қайырымдылық қызметі демеушілер арқылы 30 отба-сына азық-түлікпен көмек берді.

Шара барысында 24 қазан палау пісірілді. Сондай-ақ 1000 литр минералды су және 1500 дана тандыр нан тегін таратылды. Жиналғандар «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып, ерекше қуанышқа бөленді.

Шараның жоғары деңгейде ұйым-дастырылуына қаладағы «Еріктілер тобы» ерекше үлес қосты. Осылайша, Ораза Айт мерекесі естен кетпестей болып аталып өтті.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz