«Рухани жаңғыру» бағдарла-масының негізгі аспектілерінің бірі – қоғамдық сананы жаңғырту. Бұл - еліміздегі саяси және экономикалық ахуалды ғана қамтып қоймай, жалпы рухани-мәдени тірлігімізге сілкініс беріп, ұлттық сананы жаңғыртудағы жаңа бір қадам. Осы бағдарламаны қай жағынан алып қарасақ та, оның негізгі мақсаты – адами капиталды дамыту. Яғни, ел тұрғындары тек әлеуметтік-экономикалық жағы- нан ғана қамтылып қоймай, оның замана талабына сай мәдени-рухани дамуына, ұлт ретінде өзін-өзі тануына ықпал етпек.

Бүгінде еліміздің әр аймағында жобалық кеңселер ашылып, жұмыс топтары құрылып, осы бағытта сан-салалы шаруалар атқарылуда. Аталмыш бағдарлама бүгінгі күнде Ертіс-Павлодар өңірінде де жаппай қолдау тауып, бірнеше бағытта бірегей шаруалар атқарылып жатқанын айтқымыз келеді.

Тарихымызды танудағы атқары-латын игілікті істердің бірі – аты белгілі адамдардың басын қарайту, яғни белгі қою, кесене көтеру, т.б. Павлодар облысында бұл дәстүр қай заманда болсын үзілген жоқ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде былтырғы жылы Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған Мұса Шорманұлы жатқан қорымға Маңғыстаудың ақ тасынан үлкен мемориалдық кешен тұрғызылып, мазмұнды мәдени-тарихи шара өткізілді. Облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында атақты әнші Майра Уәлиқызының ескерткіші орнатылып, Ақтоғай ауданындағы Естай Беркімбаевтың кесенесі жөнделіп, Май ауданында Ақбалық хазіретке, Шарбақты ауданында Темірғалы Нұрекеновке кесене көтерілді.

Ұлттық таным-түсінігімізді қалыптастыру үшін аса қажет шаруалардың бірі – сакралды орындарды анықтау. Әрине, «сакралдының» бәрін киелі, қасиетті деп түсінсек, Құдайға күнәлі болармыз. Дегенмен, бұған дейін халыққа белгілі болып келген Мәшһүр Жүсіп, Исабек ишан, Ғабдұл-Уахит хазірет, Таймас әулие, Түйте әулиенің тасы секілді жерлерді халық өзі бұрыннан қасиетті санап, тәу етіп келген. Өткен жылдары рухани-тарихи бағдарламаның шеңберінде Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірі, Екібастұздың Шиқылдақ ауылдық округіндегі Амалдық сопы мазары, Ақкөл ауылдық округіндегі Күреңбай сыншы зираты тізімге кірді. Ақсу қаласына қарайтын Сарышығанақ ауылындағы Тастеке әулиенің зираты, Шарбақты ауданының Есілбай ауылындағы Шәкәу мола (Айтмұхаммат) Таңжанұлының зираты, Аққулы ауданындағы Шоғбан қожа Алдамжарұлының зираттары көтеріліп, белгілер қойылды.

Солай десек те, кеңес билігінің тұсында Ертіс-Баянаула өңірінен шыққан талай тарихи тұлғалардың есімдері ескерусіз қалып қойғаны тағы да рас. Олардың арасында ел қорғаған батыр мен бағлан да, халыққа имандылық шашқан әулие мен абыз да, елге тұтқа болған би мен шешен де бар.

Мысалы, Торайғыр би Едігеұлы, Жанақ әулие Жаңабатырұлы, Үкібай би Найзабекұлы, Көпей сопы Сермұхамметұлы, Лекер әулие Бекболатұлы, Айтмұхаммет әулие Исабайұлы, Қопа шешен Аққозыұлы, Омар дәрігер Тайтекеұлы, Түйте әулие Дүйсенейұлы, Әліпбайдың Ыбырайы (дуана, әулие), Дәрібай ақын Баяндыұлы, Қырықбай әнші Жұмабекұлы, кен көзін таба білген Қосым Пішенбайұлы, Кәркей қажы Атажанұлы, Шұғай халфе Кенебайұлы, ақын Жүнісбек Жолдинов, қазақ әдебиетінің бастауында тұрған адамдардың бірі Қадыр Тайшықов, оның інісі, журналист Насыр Ноғаев, Алаш қайраткері Ахметолла Барлыбаев, алғашқы қазақ зиялыларының бірі, әдебиетші-сыншы, Қазақ көркем әдебиет баспасының тұңғыш директоры Рақымжан Жаманқұлов, ақын, драматург Аллажар Теміржанов, т.б. бар. Енді осы қоғамдық сананы жаңғырту жобасының шеңберінде аталған адамдардың есімдерін қайтадан жаңғыртып, олардың шын мәнінде кім болғанын бүгінгі ұрпаққа жеткізу міндеті тұр.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін осы аталған тарихи тұлғалардың өмірінен бірер дерек келтірелік. Жанақ Жаңабатырұлы - көзінің тірісінде әулие атанған адам. Әкесі Жаңабатыр да, өзі де - Абылай заманының билері. Жаңабатыр би жайлы Мәшһүр Жүсіп: «Абылай заманындағы билердің қақ маңдайы еді» – деп жазады. Бір таңқаларлығы, Алла тағала бір басына әулиелік пен ғұламалықты қатар берген Мәшһүр Жүсіп Жанақ әулиенің қасиеті жайлы қашанда таңдай қағып жазады. «Жанақ «Аттым!» десе, мал болсын, жан болсын мұрттай ұшады!» – дейді. Жанақ әулиенің бұл қасиетінің жұмбағын бүгінгі ғылым да шеше алмайтыны рас. Сонда Жанақ жаратушының пейілі түскен ерекше жаратылған пенде ме? Болмаса көзбайлаушы ма? Қалай десек те, әйтеуір пенде баласының түсінігінен биік тұрған бір тылсым күштің иесі.

Заманында «Қаһарлы Жанақ», «Дұғалы оқ Жанақ» атанған дейді. Бұл адам жөнінде Мәшһүр Жүсіп тағы да былай деп жазады: «Жанақтың бейіті Сілетінің арғы қабағында, Соқсаң-соқ деп аталатын шаттың қарсысында. Керей, Қанжығалы елдері ауырған малын апарып түнетіп, жазылып кетеді екен. 1914 жылы 56 жасымда әдейі іздеп барып, дұға оқып, басына түнеп, «дұғалы оғын» алып қайттым». Яғни, Мәшһүр ана дүниедегі Жанақтың рухымен тілдесіп, оның ерекше қасиетін – «дұғалы оғын» сұрап алған екен. Ал оның аруағымен қалай тілдесіп, қалай сұрап алды, ол да біз үшін жұмбақ. Оны Мәшһүр Жүсіп әулиенің өзі ғана біледі. Кейін осы «дұғалы оқты» кейбір басбұзарларға қарсы Мәшекең де қолданған екен.

Баянауыл өңірінен шыққан феноменнің тағы бірі – Әліпбайдың Ыбырайы. Халық бұл кісіні «Әліпбайдың дуанасы» деп атап кеткен. Өмірінде үкіметке жұмыс істеп көрмеген, тек дуаналықпен жүрген бұл кісі соғыс басталғасын ауылдық кеңеске келіп: «Ер азаматтар болса майданға кетті, енді колхозға қолғабысымды тигізейін, маған пошта тасуды бер» деп сұрап алған екен. Сөйтіп, дуана ауылдан 100 шақырым қашықтықтағы аудан орталығы Баяннан күнбе-күн пошта тасып тұрыпты. Барып-қайту жолы - 200 шақырым. Таңертең сөмкесін иығына іліп, бүлкектетіп шығып кеткен дуана сәске түс болмай ауданға жетіп, поштаны алып, түс ауа үйінде отырады екен. Ол кезде белі берік атпен де бұлай жүре алмайсың. Дуананы көтеріп жүретін қандай күш екенін ешкім білмейді...

Баян жерінен шыққан таңқаларлық адамдардың бірі – дәрігер Омар Тайтекеұлы. Бұл адамға сонау арғы бабаларынан емшілік қонған. Жаз айларында Қарақұдық деген жерге жайлауға шыққасын, ем алам дегендер осылай қарай ағылып, қара күзге дейін жайлау басы бір емшілік орталыққа айналады екен. Мұса мырзаның заманында Омар дәрігер Омбы генерал-губернаторының баласының басына ота жасағаны жайлы мына бір әңгіме бүгінге жетіп отыр.

Генералдың жалғыз ұлы басынан қатты науқастанып, Ресей мен шет елдерде қаратып, ем табылмайды. Осы жағдайды білетін аға сұлтан Мұса Шорманұлы губернаторға кісі салып, бізде бір белгілі емші бар, соған көрсетпес пе екен, сағатын салса жазылып кетер дейді. Сөйтіп, Омбыдағы ұлық Омарды әдейілеп қалаға алдырады. Баланы әбден қарап көрген Омар дәрігер: «Баланың ми қабатында құрт бар екен. Оны алу үшін бас сүйектің қақпақшасын ашу керек. Оны жасайтын дәрігерді Петербордан алдырсаңыз, қалғанын мен өзім атқарар едім» – депті. Ресейден келген ғалым-дәрігерлер бұған қарсы болады. Бірақ Омар оларға бұның ақырғы мүмкіндік екенін дәлелдегесін, олар келісімін беріп, баланың бас сүйегін ашса, айтқандай, баланың ми қабығына жабысып бір қара құрт тұр екен. Бұны көрген ресейлік дәрігер бас салып пинцетпен жұлып алмақшы болады. Оны қолынан ұстай алып тоқтатқан Омар әуелі шырпы тұтатып, сосын оны қолма-қол өшіріп, ыстық басын құртты арқасына баса қояды. Арқасынан ыстық өткен құрттың ми қабатына сұққан аяқтарын жазып алғанда, енді алуыңызға болады депті. Омар дәрігердің осындай табиғи емшілік қасиетіне генерал-губернатор мен орыс дәрігерлері тәнті болған екен.

Біз сөзіміз дәлелді болуы үшін осы өңірде жасап өткен, ел ішінде есімдері ұмытылмай қалған екі-үш адам жайлы аз ғана ақпарат ұсындық. Ал ізденер болсақ, бұл секілді тарихи тұлғалар әлі де жетерлік. Оның бәрі - алдағы уақытта атқарылатын шаруалар.

 

Сайлау БАЙБОСЫН, жазушы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

saryarka-samaly.kz