Ол 1959 жылы 11 маусымда бұрынғы Семей облысы Бесқарағай ауданы Өндіріс ауылындағы мұғалімдер отбасында дүниеге келген. 1969 жылдан Павлодар облысы Май ауданында тұрды. 1974 жылы Жалтыр 8 жылдық мектебін, 1976 жылы Белогорье орта мектебін аяқтады. Бір жыл «Жалтыр» совхозының құрылыс учаскесінде жұмысшы болды. 1977 жылы Семейдің Н.Крупская атындағы пединститутының филология факультетіне түсіп, 1982 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Содан кейін Жалтыр мектебінде, клубында, мәдениет бөлімінде, «Шамшырақ» газетінің редакциясында қызмет атқарды. 1993 жылдан Баскөл ауылындағы А.Иманов атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Қазіргі таңда жоғарғы санатты ұстаз «Жігер» балалар мен жасөспірімдер клубында қызмет атқарып жүр.

Ғабит Сапаров облыс жұртшылығына өзінің көркем ойы мен кестелі сөзінің арқасында танылды. Оның жүрек тебіренісі өлең болып ағылып, ерке Ертістің суындай жырға сусаған қалың оқырманның шөлін қандырды. Шығармалары республикалық газеттер мен «Жұлдыз», «Абай» журналдарында жарияланды. Сондай-ақ облыстық «Сарыарқа самалы» және біздің аудандық «Шамшырақ» газетінде тұрақты түрде басылып келеді. Ғ.Сапаров талай мәрте сөз барымтасына түсіп олжалы болды. Мәселен, 1988 жылы Мәшһүр Жүсіп атамызға арналған облыстық айтыста Қанат Шайғазинмен полигон тақырыбын қозғап, Май ауданы тұрғындарының онкологиялық аурулардан қынадай қырылып жатқанын тілге тиек етті. Мәшһүр Жүсіптің басына кесене салу, Маңғыстаудан құлпытас әкеліп қою секілді ұсыныстар айтты. Кейіннен осы айтылғандардың барлығы жүзеге асып, Олжас Сүлейменов бастаған «Семей - Невада» қозғалысы құрылды. 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Семей ядролық полигоны толықтай жабылды. Мәшһүр Жүсіп бабамыз мәңгілік байыз тапқан Ескелді мекенінде зәулім кесене тұрғызылып, оған Маңғыстаудың тастары пайдаланылды. «Невада – Семей» қозғалысы құрылып, Алматыдан ақын Олжас Сүлейменовтің айбынды дауысы қазақ сахарасына жеткенде, қолына дәптер алып, ауданымызда қозғалысқа қолдау көрсетуге алғаш дауыс жинаған да осы Ғабит Сапаров ағамыз болатын.

Ғ.Сапаров айтыста ғана емес, жазба поэзияда да дарынымен көзге түсе білді. Павлодар облысында өткен I қаламгерлер байқауында Жаяу Мұса атындағы сыйлықты жеңіп алды. Ол көбінесе қысқа да нұсқа жазады. Айтары анық, сөзі тиянақты. Ақынның өзгелерден ерекшелігі, ел ішінен шыққан дарындарды көрсе, қуанады. Демеу болып, жақсылығын асырып, жыр арнайды. Оның өлеңдері өзіндік көркемдігімен, қарапайымдылығымен қуатты да тартымды. Орынсыз пәлсапаға бой ұрып, ақыл айтып кетпейді.

Жыр дариясы жиһан кездіріп, қилы-қилы тағдырлармен табыс-тырып, сан қиырға саяхат құрғызады. Оның Отанға, туған жерге деген отты өлеңдері жігеріңді жаниды. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде әйгілі спортшы, қандасымыз Мұстафа Өзтүрік Павлодар облысына ат басын тіреп, жас дарындармен кездесті. Ғабит Сапаровтың осы жүздесуде оқыған рухқа толы арнау өлеңі талай жастың қиялына қанат бітірді. Ғ.Сапаров қоғамда кездесетін қилы-қилы мәселелерді дер кезінде көтере білді. Курчатов қаласында атом станциясының салуына алғашқылардың бірі болып қарсы болғанын да оқырман жақсы біледі. Қаламын қару қылып, елінің бары мен жоғын жырына арқау етіп келе жатқан ақынның 60 жылдық мерейтойы атаусыз қалмаса екен дейміз. Тым болмағанда аудан көлемінде тойланса, елдің ықылас, ниеті шығармашыл жанның шабытына шабыт қосып, мәртебесін бір көтеріп тастар еді.

«Өнер – өмір. Өлең – өмірдің шуағы. Ақындық - екінің бірінің басына қона бермейтін бақыт. Талант – тәңірдің сыйы. Әлемді түрлі қиыншылықтардан иман мен поэзия ғана құтқарады» - депті бір ойшыл. Қойнауына қасиет пен құт дарып, шаңырағына өлең түнеген өлке – Май елінің өнерін өрістетіп, оған өзіндік қолтаңбасын қалдырумен келе жатқан ақын Ғабит Көпжасарұлының поэзия әлеміне бергенінен берері көп болсын!

 

М.ХАЙРУЛЛИНА, жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі, Баскөл ауылы, Май ауданы.

saryarka-samaly.kz