Қарағанды облысы Қу ауданы, Арқалық совхозының жері бұрын Қарқаралы уезі, Едрей болысы атанған. Соған қарасты үшінші ауыл - Мәдидің туған ауылы. Бұл ауылды Үшқара деп атайды. Үшқарада Мәди Алшынбаев 1875 жылы дүниеге келген. Үшқара тауының маңында Кең жайылыс, Айрық деген жерлер бар. Қазір сол жерлерде совхоздың фермалары орналасқан. Ол Айрықты Алшынбайдың Айрығы деп атайды. Мәдидің руы - Қаракесек. Қаракесек ішінде Орта жүзге аты шыққан әділ шешен, даңқы тарих төрінен орын алған Қаз дауысты Қазыбек би - осы Мәдидің арғы тегі. Қазыбектен Бекболат туады. Одан - Тіленші, Тіленшіден атақты бай Алшынбай. Алшынбайдан Қақабай, Бәпи, Шәпи, Бепеу және Қосық атты бес бала туады. Оның ішіндегі Бәпидің баласы - біз айтқалы отырған Мәди. Әкесі шаруа-шарқы шағын кедей болады да, ағайын арасында көңіл қалыс басталады. Әкесімен қатар жүруге жараған кезінде мұның кедейлігі бетіне мін болып басылады. Өз теңдесі қатарында өнерлі де, бір-екі кісілік күші бар адам болады. Айтқан кемістік сөздерді басынан асыруға намыс көреді де, ағайын арасынан жік табады. Ауыл кедейлеріне көрсеткен зәбір-жапалардың дұрыс еместігін көрген ол көп ұзамай сол кездегі болыс басы өз ағасы Қақабай Алшынбаевтан бастап барлық байларға қарсы шығып, шаншудай қадалады. Қасына қарулы жігіт жинап, сол байларды мұқату үшін малдарын тартып-талап алып, жұқа шаруаға таратып, қысы-жазы тау жайлап кетеді. Болыс Қақабай інісі өзіне істеген бұл ісіне жауап ретінде оны 1912 жылы Қараөткелге айдатып, түрмеге жабады. Мәдидің атақты «Қаракесек» әні осы түрмеде жатқанда туған.

Сұрасаң руымды Қаракесек,

Досымнан дұшпаным көп қылған өсек.

Үстінде құс мамықтың толық сусем,

Бұл күнде қу қарағай болды төсек.

Міндім де Қаракөкк, жылыстадым,

Бардым да Қараөткелге ,жыл қыстадым.

Науқасым жанға батып жатқан кезде,

Болмады жан аяйтын туысқаным.

Мәди Қараөткел түрмесінде аяқ-қолы кісендеулі жатқанда үйінен хабар болмай зарығып, жұбайы Қазиға да «Зарығу» әнін шығарған.

Сәлемхат келмеді ғой Қазижаннан,

Тілеймін медет бер деп бір Құдайдан.

Қайтпаған қара тастан қайран жүрек,

Қорқады осы күні бұл қамаудан, – деп налиды.

Мәди Қараөткел түрмесінде екі жыл жатқаннан кейін оны одан бетер қатаң ұстау мақсатында Көкшетау түрмесіне апарып қамайды. Сонда ол:

Басынан Үшқараның құлағаным,

Кекілін кербестінің сылағаным.

Түскенде сен есіме, қайран елім,

Құшақтап қу тақтайды жылағаным, - деп әндетеді. Осы түрмеде бар керегі жарты қадақ нан екендігін де өлеңге қосқан.

Қажырлы ер Мәди аяқтағы кісені мен қақпаны бұзып, жаз айында қашып шығады. Жаяулап-жалпылап төрт күн жүріп, бір байдың ескі жұртына келіп паналайды. Бір күні шөп шауып жатқан жұртты көріп, маңайға көз салып тұрса, атқа теңдеп артқан сүйретпесі бар бір адам келе жатқанын байқайды. Сол адамды күтіп алып, жөн сұрасады. Ол Қарауыл ішіндегі Жалмағамбет деген бай екен. Өз жайын жасырмай айтып, қымыз сұрағанда бай:

- Сені қымыз беріп аяу- дың орнына тиісті жеріңе апарып қайта тапсырайын, - деп айғай көтереді. Мәди оны оп-оңай аударып тастап, атын мініп, қашып құтылып кетеді. Сол кезде айтқан өлеңі мынау екен:

Он бір күн мекендедім құба жонды,

Сырт бүтін, іш өртеніп қайғы толды.

Ет қатты, қымыз ашты дейтін басым,

Орыстың қара наны балдай болды.

Мәди сол шапқан күйінде Үшқараға жетіп, әкесі Бәпидің иесіз қорасын паналайды. Ол кезде Үшқара тауының маңы толған ел болатын. Мәдидің қашып жүргенін сезіп бір дұшпаны болыстыққа хабарлайды. Қақабай сегіз қызыл бөріктілерін (полиция) жіберіп ұстатады да, үшінші рет жер аударуға үкім жасайды.

Сонда Мәди:

Өз қорам деп келіп ем,

Өз халқым деп сеніп ем.

Мұнша қоймай ұстайтын,

Бұл халыққа не қып ем, - деп кейиді.

Алшынбайдың бір әйелінен туған Сіләмбек Алшынбаев мұндай қаныпезерлікке шыдай алмай, ағасын жақтап сөз көтереді. Ағайын арасынан шыққан екіұдай сөз ру басындағылардың ашуын қоздырады. Осы жайлы Сіләмбек бауырына қарап тұрып Мәди:

- Сіләмбек, ортадағы сен бәйтерек,

Қорғалар бұтағыңа сан көбелек.

Майысып сол бұтағың сынып кетсе,

Болғанмен құр бәйтерек неге керек, - дейді табан аузында.

Ағайын арасында азулы, өзі орысша оқыған ұлықтарға беделді Қақабай Алшынбаев Мәдиді 1916 жылы Атбасарға жер аудартады. Осыған орай «Қарқаралы» әні туады.

Атыңнан айналайын, Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Сайыңнан сайғақ құрлы пана таппай,

Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы.

Қонғаны ауылымның Талды-ау деймін,

Жағалап ел жайлауға барды-ау деймін.

Кір жуып, кіндік кескен туған жерлер,

Артыңа бір қарамай қалды-ау деймін.

Атбасар түрмесіне жер аударылған Мәди крестьянский начальниктен осы маңда өзіне кесілген жаңа мерзімін өтеп шығуға ант береді. Атбасарда алты ай болғаннан кейін 1916 жылдың ақырында босап шығып, Қарқаралыдағы өз еліне келеді. Бұл кезде Алшынбаев Қақабай болыстықтан түсіп, әкесіне 2500 жылқы, 3500 қой біткен атақты бай 28 жастағы Айғожа Теміржанов болады. Бұл да Мәдиді ел бүлдірген қарақшы санайтын қасқырдың бөлтірігі еді. Қудалап күн көрсетпейді. Бірақ 1917 жылғы ақпан революциясының салқынынан әкімдердің есі ауыса бастаған болатын. Патша түсіп, Керенский тұрып, оның артынан Колчак келіп, елдің әр иесінің қолында бір тұл болған кез еді. Ешкімге сенбеген Мәди бұл кездері Үшқара мен Қарқаралы тауларын жеке жайлап жатады. 1917 жылы күзгі салым Ердей болысына сессия құруға Аяғанов Ахметқали деген оқыған қазақ шығады. Айғожа Ахметқалимен бірге оқыған дос екен. Мәдиді оған хабарлап ұстатпақ болады. Ахметқали арнаулы шақыртумен 12 полицей алдырып іздетеді. Мәди Үшқара тауының бауырында Қара құдық деген жерде полицейлермен атысып қолға түседі. Бұл 1917 жылдың сентябрь айы болатын. Сонда Мәдидің пристав Аяғановқа айтқан: «Сен Аяғанов Теміржановтан алған параң кісі құнына тұрса, сора бер қанымды. Кедей халқын зәбірлеу қолдарыңнан келеді. Егер күнім туса, мен де көрермін. Қолыңнан келгеніңді істе, аяма мені, мен кезек алсам, сендерді аямаймын», - деген бір ауыз сөзін елі жадында сақтаған. Қол-аяғын артына байлап, қараңғы тас қорада 15 күн зәбірлегеннен кейін Мәдиді Қарқаралының түрмесіне әкетеді. Сол жатқаннан ол 1918 жылы Колчак туы жығылған соң төңкеріс кезінде босап, елге келеді. Көп көрген ауыр мехнаттан кейін есіл ер ауруға шалдығып, көпке дейін айыға алмай жүреді.

Төңкеріс тағдырын тез түсінген Құланшы руынан шыққан Малдыбаев Мұстақым деген жігіт елді әлі де байлар билеп-төстеуін көріп, қасына топ жиып, қарсы шығады. Ауруынан айыға бастаған Мәди Бәпиұлы Мұстақыммен тізе қосып дос болады. Бұлар елге тізесі батқан Айғожа болысты түсіртуге, кедейден болыс сайлауға елді бөле-жарып, соңына ертіп алады. Дүние-малы мен көп таныстыға бар Айғожа болыс сол кездегі Қарқаралы управление начальнигі Мей-Варгановтың аузын алып, майлап қояды. 1919 жылдың басында Малдыбаевты ұстатып түрмеге жабады. Серігінен айрылған Мәди тиісті орындарға арыз жазып, ісін қуып, көп уақытын босқа өткізеді. 1919 жылдың қысы бойы Малдыбаев түрмеде отырып қалады. Айтқожадан алған парасын жұта алмай қалған Мей-Варганов Мәдидің арызына бас ауыртпай, үзілді-кесілді жауап береді. Мәди мұның үстінен жоғары орынға арыз жолдайды. Ол арыз да Мей-Варгановтың қолына түсіп, Мәдимен одан бетер өштесе түседі.

Бұл уақыттарда жеңілген ақтар бет-бетімен қашып кетіп жатқан аласапыран 1919 жылдың жазғытұры болатын. Дутов, Черепанов деген әскербасылар Қарқаралыға орнап алған еді. Кім болса соны түрлі сылтаумен торғай құрлы көрмей атып тастап жатқан кез болатын. Малдыбаев жұмысымен Қарқаралыда жүрген Мәдиге бұл кез өте қауіпті болды. Мей-Варганов болса Мәдиді тауып, оны атып өлтіруді қандықол Жасанов дейтінге тапсырады. Мәди ізін тіміскілеп түскен Жасанов жауыз 1919 жылы марттың 27-сі күні Мәдиді атып өлтіреді. Ақтың әскері мен қызыл, бай мен кедей, іш пен тыс араласып жатқан уақытта Мәдидің жаласын зерттеуге халықтың мұршасы болған жоқ. Есіл ерінен айырылып еңіреген халық Қарқаралының қасындағы Сарыбиіктің бетіне жол үстіне Мәдиді жерлейді. Кейін басына ескерткіш орнатылды.

 

Баспаға дайындаған - Бейбіт БӨЖЕН, Павлодар қаласы.

saryarka-samaly.kz