Ақынның сұлу жырларымен 2-курста оқып жүргенімде етене таныстым. Бас алмай оқыдым. Әлі оқумен келемін. Төгіліп түскен шумақтары жанымды жылылыққа бөледі. Қаламгердің жыр жинақтарының ішінде «Шілдесінің» шоқтығы биік. Осы жыр жинағының алғысөзінде бір құрбысының «Фариза, сенің жырларыңды оқығанда, Атыраудан Алматыға жаяу барғандай ентігіп қаламын» деген жолдары келтіріліпті. Расында да, ақын жан тебіренісін қайталанбас сұлу жырларында өрнектеді. Қазақ қызының бал сезімін, күйініші мен сүйінішін жырларына арқау еткен Фариза ерекше дарын иесі еді. Өзі айтпақшы, әнге арнайы өлең жазбаса да, композиторлар ән жазды. Әншілер шырқады, бірден елдің жүрегін жаулады. Өлеңмен өрілген өмірге деген құштарлығы құз-жартасты жарып шығып, мойнын көкке созатын қарағай–шыршадайын шымырлана, шиыршық ата түсті. Мінезді жырларының өн бойынан асқақ рух пен нәзік иірім қоса өрілді.

Сонау сексенінші жылдардың басында Алматыдағы Шет тілдер педагогикалық институтында оқып жүргенімізде әдебиет әлеміндегі жаңалықтарды қалт жібермейтін едік. Баспадан жаңа шыққан шығарманы оқып шыққанша асық болатынбыз. Кейін оқуды бітіріп, елге оралдық. Еңбек еттік. Ұмытпасам, 1987 жылы жазда Алматыға жолым түсті. Шаруамды бітірген соң жолға шығуға әзірлендім. Кенет автобус аялдамасынан он екі ақынмен кездесу кеші өтетіні жайлы хабарландыруды көрдім. Кездесудің өтуіне әлі бір апта бар. Соған қарамастан, дереу билетімді тапсырдым. Сырбай мен Ғафу, Тұманбай мен Қадыр, Жарасқан, Мұхтар Шаханов пен Фариза Оңғарсынова. Қалай бармасқа мұндай жыр кешіне?!

...Бардым. Концерт залының фойесінде ақындардың жыр жинақтары сатылып жатыр екен. Фаризаның кітаптары сатылып кетіпті. Амалсыздан бір открытка сатып алдым. Қолтаңба алуға. Кеште арқалы ақындар жырларына кезек берді. Фариза да өлеңдерін оқыды. Байқаймын, оқырмандардың дені Фариза мен Мұхтар Шахановтан қолтаңба алуда. Фариза өз жыр жинақтарына ғана қолтаңбасын беретінін айтып жатты. Залда отырып, бір парақ қағазға «Фариза апай, кітаптарыңыз сатылып кетті. Мына открыткаға қолтаңбаңызды берсеңіз, Роза. Павлодар» деп жазып, оны открытканың ішіне салып, сахнаға жөнелттім. Қараймын, Фариза оқыды да, жазып берді. Қолтаңбасында «Роза, айналайын! Осы жыр кешінен бір белгі болсын осы жолдар. Сұлу ғұмыр тілеймін. Фариза апай» деп маржандай жазуымен жазыпты. Мұндай қуанбаспын.

Содан бері де жылжып талай жылдар өтті. Ел астанасы Сарыарқаның төсіне көшті. Фариза апай Парламентке депутат болып сайланды.

Жаңа ғасырдың басы. 2003 жыл, білем. Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінде тілшімін. Бірде қаладағы «Атамұра» ұлттық орталығынан хабарласты. Павлодарға сапарлап келген Фариза ақын Екібастұзға соғатын көрінеді. Апайым Сая Молдайып екеуіміз бірге істейтінбіз. Сол-ақ екен, құстай ұшып «Атамұраға» жеттік. Жолай үйге соғып, ақынның «Шілдесін», 2 томдық жыр жинағын, «Маңғыстау монологын», «Шашы ағарған қыз» және т.б. кітаптарын ала шықтым. Қолымда - гитара.

Жиырма шақты адам жинала қалыпты. Фариза Оңғарсынова келді. Қарсы алдық. Үстінде ақ шалбар, жеңіл кофта. Өзімен жүздесуге келген үркердей топқа көңілі толмағандай болды. Халқының ардақтысы ғой. Қазақы екі дөңгелек үстелге жайғастық.Сөз арасында шығармашылығына қатысты бірер сауал қойдық. Гитарамен Мұқағалидың «Фаризасын» орындадым. Соңынан естелік үшін суретке түстік. Фариза апай: «Қыздар, менің жырларымды қайдан білесіңдер?» деп қояды таңырқай. Көпшілік Фариза апайды шығарып салуға сыртқа шықты. Ақын қоштасып, анадайда күтіп тұрған ақшаңқан көлігіне беттеді. Мен болсам апаймен әңгімелесе қалайша көлігіне дейін барғанымды білмеппін. Кенет маған: «Егер Екібастұзға шақырсаңдар, оқырман қауыммен шығармашылық кешімді өткізуге бейілмін», - деді де, ұялы телефонының нөмірін берді.

Содан Фариза апайды қалайда Екібастұзға шақырудың орайын келтіруді ойластырдым. 1957 жылы іргетасы қаланған қалаға қазақ қаламгері ат басын бұрғанын естімеппін.

Бірде Астанаға әдейілеп бардым. Парламентке. Фариза Оңғарсыноваға. Жетінші қабатта отырады екен. Жылы шыраймен қарсы алды. Шығармашылық кешін өткізуге шақыра келгенімді айттым. Өзінің қай өлеңін, қандай жыр жинақтарын білетінімді сұрады. Мен болсам жыр жинақтарына қоса, қай өлеңіне қай композитор ән жазғанын, оны қандай танымал әнші орындайтынына дейін жіпке тіздім. Бір өлеңін жатқа оқып бердім. Кешін «Фариза, Фаризажан, Фариза-жыр» деп атауды ұсындым. Ақын ұсынысымды құп алды. Сол күні Қ.Қуанышбаев атындағы театрда жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Актриса» («Алтын тордағы тоты құс») спектаклінің премьерасы екен. Соған шақырыпты Фариза апайды. Маған соған кел деді. Онсыз да театр десе ішкен асымды жерге қоямын. Кешкісін күйеу балам Нариманды ертіп бардым. Фариза апай алдыңғы қатарда отыр екен. Біздерді өзінің тұсындағы екінші қатардағы орынға шақырды. Қойылым аншлагпен өтті. «Актриса» рөліндегі Лейла Ханинга тамаша сомдады. Соңынан актриса өзіне ұсынған қып-қызыл раушан гүл шоғырын сахнадан Фариза апайға ұсынды. Ал Фариза апай оны артына бұрылып, маған берді. Ақынның бұл әрекетін хас өнерге, поэзияға деген құрметі деп ризашылықпен қабылдадым.

Екібастұзға келісімен жергілікті әкімдікке хабарласып, Фариза Оңғарсынованы шақырып келгенімді, жыр кешін өткізсек деген ойымды жеткіздім. Жергілікті билік бірден келісті. Ұйымдастыру комитетін құрдық. Алдымен мектеп оқушылары арасында Фаризаның өлеңдерін жатқа оқудан конкурс өткіздік. Бір қуанарлығы, бұл байқауға ауыл мектебінің ұл-қыздары да қуана қатысты. «Атамұра» орталығында өткен байқауда 120 бала бақ сынады. Поэзияны ерекше мәнерлеп оқығандары ақынмен жүздесуде оқу құрме-тіне ие болды. Іле кештің сценарийін жазуға кірістім. Фариза апай менің өтінішіммен 130 жыр жинағын беріп жіберді. Жұртшылық кітаптарды пышақ үстінен талап әкетті. Шығармашылық кешіне тағы да ала келуін өтінген едім. Әкелмепті. «Ыңғайсыздандым» дейді. Мұндай қарапайым болар ма?!

Сәуірдің ақ таңында Екібастұздағы кешін өткізуге Фариза Оңғарсынова да келіп жетті. Алдымен ақын «Самал» қонақ үйіне тоқтады. Сәлемдесуге әрі шығармашылық кешінің сценарийін шолып шықсын деп қонақ үйге бардым. «Отарқа» газетінің сол кездегі редакторы марқұм А.Қаңтарбаев сұхбат алып отыр екен. Ол кісі шығып кеткен соң Фариза апай маған: «Роза, мені жергілікті әкімдікке айтпай, өзің шақырғансың ба? Мендей адамды олай шақырмайды ғой», - деді. Сонда мен: «Апай, осыған дейін бірер рет ақындарды шақыруға ұсыныс жасағаныммен, жоғары жақтан қолдау таппадым. Сосын осылай әрекет еттім», - деп едім, күлімсіреп, құшақтап бауырына қысты. Сценарийді шолды да, бәрі жөнімен жазылған деп өзіме қайтарды. Жергілікті режиссер Әмина Қалдыбаева кештің өн-бойын музыкамен келісті көркемдегенін, әнші Ләззат Шушаева әндерін айтатын өнерпаздарды іріктеуге атсалысқанын айта кету керек. Фариза ақын шығармашылық кешінің тегін болуын қалады. Қала ортасындағы зәулім «Өнер» мәдениет сарайында ине шаншар орын болмады. Қаншама адам сыймай сыртта қалды, ауыл-елден кездесуге арнайы келген адамдардың сыймай қалғаны қиын болды... Өз басым бұрын-соңды мұндай нөпір халықты көрген емен.

Қайран Фариза апай сөз арасында көпшілікке «мені Екібастұзға шақырған - жергілікті билік емес, өлеңімді сүйіп оқитын мына Роза» деп мені меңземесі бар ма...

Фариза дегенде, Махамбетті, Мұқағалиды, өлеңдеріне ән жазған композитор Әсет Бейсеуовті айналып өтуге болмас. Кешті ақынның шығармашылығына қатысты сауал бере отыра, жүргіздім. Залдан да сауалдар ағылды. Жергілікті өнерпаздар Фаризаның әндерін шырқаса, студент жастар мен оқушылар өлеңдерін, орыс тіліне аударылған өлеңдерін жатқа оқыды. Өзі де жырларына кезек берді. Бір жарым сағатқа лайықталған кеш үш сағатқа созылды. Сонда Фариза апай: «Мына отырған көпшіліктің бәрі өздігінен келіп отыр ма?» деп таңырқап сыбырлайды маған. «Әрине, апай, елдің бәрі Сіздің өлеңдеріңізді сүйіп оқиды», - деп қоямын. Сол жолы өзінің сүйікті өлеңі «Кеттің енді, жаныма жанашыр кім», «Мен сонда жылап қалғам» сияқты өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыдым. Жұрт қолтаңбасын алуға кітаптарын таба алмай сеңдей соғылысты.

Кеш біткен соң көпшілік сахнаға лап қойып, Фариза апайдан қолтаңба алуға ұмтылды. Сол күні екібастұздық жырсүйер қауым Фариза ақынның сұлу жырларына бір қанықты. Жыр кешін жұрт әлі жыр ғып айтады. Тіптен нөпір халықтың арасынан сыртқа шығу мүмкін еместей көрінді. Ішке кіре алмай қалған халық фойеде «Фариза ақынды көріп қалсақ екен» десіп бірін-бірі таптап кетердей әлі күтіп тұр екен. Содан мәдениет үйінің қосалқы есігінің кілтін таптырып, Фариза апайды сыртқа басқа жағынан шығарды.

Жергілікті әкімдік Фариза апайға мейрамханада дастарқан жайды. Әйтсе де, «Далаға келіп-кеткендей болмай, біздің үйден де дәм татып кетіңіз» деп шаңырағымызға шақырған едім... Келді Фариза апай. Қазіргі Шәкәрім к., 5-үйдің, 17-пәтеріне бас сұқты. Сол үйде табанының ізі қалды. Бір қызығы, аяқ астынан үйге кісі толды да кетті. Бәрі ақынмен жақын білісуге асық. Сол күні ән айтылды. Өлең оқылды. Ұмытылмас кеш болды. Қимай шығарып салдық. Ертеңіне апай Астанаға жүріп кетті. Екі күннен соң звондап тұр. «Роза, менің кешімді өткіземін деп, шаршап қалған жоқсың ба? Кештерімнің бұрын-соңды осындай деңгейде өткенін білмеппін. Керемет өтті. Саған алғысым шексіз», - деп ризашылығын білдірді. Айтқандайын, сол кездегі ҚР Вице-Премьері Иманғали Тасмағанбетов алаңдаушылық білдіріп, Павлодар облысының әкімдігіне хабарласқан екен. Шамасы Фариза ақынның кеші ойдағыдай өтер ме екен деп қобалжыса керек. Кешке Павлодар облыстық радиосының сол кездегі басшысы, журналист Ғалия Балтабай да келіп қатысып, таспаға жазып алды. Біз Фариза апайдың үйіне қонаққа барарда Ғалия Балтабай республикалық радиодан Екібастұздағы кешті беріп жатты. Фариза апай: «Қазақ радиосынан» анадағы кешті беріп жатыр, тыңдаңдаршы», - деп звондады. Қандай сәйкестік! Сол жылы күзге салым Фариза апай Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 110 жылдығын Павлодар қаласында атап өтуге ұйытқы болды. Кешті өзі жүргізді. Ж.Аймауытов театрының актерлері театрландырылған көрініс көрсетті. Одан кейін Павлодар мемлекеттік университеті ақынмен жүздесті. «Павлодарға мен үшін келдің ғой. Менің машинама отыр, ала кетейін», - деп қайтарда мені қасына отырғызып алды. Жолай әлем, қала берді неміс әдебиетін тілге тиек етістік. «Генрих Гейненің өлеңдерін түпнұсқада оқисың ғой. Менің өлеңдерімнен айырмашылығы қалай?» деп сұрады. «Генрихтің лирикасы ғажап қой. Деңгейлессіз. Фариза апай, сіз - әлемдік деңгейдегі ақынсыз. Әттең әлем тілдеріне аударылсаңыз ғой», - дедім. Әңгімелесе отыра Екібастұзға қалай жеткенімізді білмей қалдық. Олар әрі қарай Астанаға жүріп кетті.

Кейін тағы бірде Сая екеуімізді Астанаға үйіне арнайы қонаққа шақырды. Тіпті, жеңіл көлікпен тоқтаған үйімізден алып кетті. Үйінде ақын, әнші, композитор Елена Әбдіхалықовамен таныстық. Ол Мәдениет министрлігінде қызмет етіп жүр екен. Тағамдарды өзі дайындапты. Тіл үйіреді. Әлдебір неміс аудармашысы Фариза ақынның өлеңдерін аудармақшы болса керек. Үйінде ақын оның алдына құрметті қонақ ретінде қойдың басын ұсыныпты. Ол болса, таңырқап, мұрнын шүйірген ғой. Сонда мінезді ақын: «Менің ұлттық тамағымды менсінбей отырған сен өлеңдерімді аударып жарытпассың» деп, өлеңінің неміс тіліне аударуына келісімін бермепті. Дастарқан басында ақын Ақан серінің әйгілі «Балқадишасының» сөздерінің «Күйеуім сексен бесте, шал Қадиша» деп келетін тұсының жаңсақ орындалып жүргенін айтып отырды. Расында да, ол жайында сонау бір жылдары «Жалын» журналында Ілия Жақановтың жазғаны есте. Өзі осы әнді домбырада салды. Дауысы ерекше. Қазақ әдебиетінің аяқалысына қатысты ойларын білдірді.

Өмірінің соңғы жылдарында сырқаттанып, Германияда ем қабылдап жүрді. Бірде сол жақтан ұялы телефоныма хабарласты. «Роза, неге хабарласпайсың? Мына жақта неміс дәрігерлері өлеңдерімді ана тілінде оқығанша асық. Тіл білмеген қиын екен. Әйтсе де, Германияға сені ала кетсем бе деген ой келген-ді. Маған еріп барар ма едің?» - деп сұрады. «Әрине, апай, барған болар едім», - дедім. «Менің осында келгеніме жеті ай болды. Сенің бала-шағаң, жұмысың бар ғой», - деп күрсінді. Сол жолы соңғы рет сөйлескеніміз екен. Қазір Фариза ақынмен етене араласа алмағаныма, өзімнің құнтсыздығыма қатты өкінемін.

1978 жылдың 23 қаңтарында әкем бақиға аттанып, жаным жабырқаған болса, Фариза ақын да дәл сол күні мына жалғанмен қош айтысып, өзегімді өртеді. Жаныма жақын жандардың бір күнде өтуінің астарында әлдебір тылсым сырдың тартылысы жатқандай ма, қалай?! Өмірі өлеңмен өрілген ақын:

«...Тағдыр ғұмыр кештірмей малша маған,

Кемтар етпей,

Кенде етпей ар-санадан

Ғұмыр бітті.

Мен кешкен сәттің бірін

Сезіне алмай өтеді қаншама адам...», - деп жазып қалдырыпты. Мынандай жыр жолдарын жазудың өзіне де күш-жігер керек шығар.

Аяулы ақынды мәңгілік мекеніне шығарып салуға теңіз толқынындай лықсыған халықта есеп жоқ. Біз де бардық. Қимастықпен қош айтыстық. Атырауда кіндік қаны тамып, саналы өмірін Алматыда өткізген ақынға мәңгілік мекен Астанадан бұйырды. Енді ақынның мәңгілік ғұмыры басталды. Халқы сүйіп оқитын асқақ та, асау жырлары барда, ақын тірі. Фариза ақынның өмірден өткеніне қырық күн толғанда Екібастұзда ақынды еске алу кешін ұйымдастырдым. Бұл жолы да әндері шырқалып, сыршыл да, сыншыл жырлары оқылды. Естеліктер айтылды. Тек қана Фариза жоқ.

Ақын тек поэзия ғана емес, прозаны да ақ өлеңдей төгілтті. Есілтті. Өзін баяғыда Атыраудан Алматыға алдыртқан жазушы Шерхан Мұртаза кейін «Фаризаның поэзиясы – шың, прозасы - сол шыңды тіреп тұрған шоқылар» деп баға берді. Айтса-айтқандай-ақ, Фаризаның жырлары халқының баға жетпес рухани құндылығына айналды. Жазушы Ғабит Мүсірепов «Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркекке, әйелге, кәріге, жасқа деп шектеліп қойылған саржайлау да жоқ, құлазыған қу дала да жоқ. Ащы көл де ортақ, тұщы көл де ортақ. Ғарышқа дейінгі биіктік те ортақ. Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен қазақтың ақын қызы Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін...», - деген екен.

Ақиық ақын Мұқағали қазақ поэзиясының падишасына арнаған «Фаризаға» атты жыр жолдарында: «...Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз» дегенімен, әзірге екеуінің де жыр жинақтарын шаң баса қоймағаны анық. Өйткені екеуі де - елінің ардақтысы, аяулысы. Халық оларды іздеп тауып оқумен келеді.

Қыз-ғұмыры жырмен өрілген ақын бірде «Астанада «Ақындар аллеясын» салса етті» дегені бар-ды. Расында да, уақыт өте келе Елорданың төрінен қазақ ақындарына неге аллея ашылмасқа?! Оның төрінен ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ асқақ бейнесі орын алса игі. Ол маңда ақындар жырларын оқу үрдіске айналса, тіптен мұндай аллеялар еліміздің бар өңірінде ашылса, о бастан ақындыққа, жыршылыққа жаны құмар қазақтың Поэзияға деген құрметі болар еді. «Кейінгі ұрпаққа «кезінде қазақ деген халық болған, олар мынадай бұйымдарды тұтынған» деп музейде көрсетуге шақ қалған кезде, ана тіліміз босағадан сығалауға шақ қалған кезде егемендік алдық» дегені бар Фариза ақынның.

«Фариза - аспанға алау атып, шоқ шашыратып жатқан рух жанартауы» деп Әбіш Кекілбаев айтқандайын, ақын жырлары қазақ деген халық барда жоғалып кетуі тіптен де мүмкін емес. Ол әлі алдағы ғасырларға барады.

Бір білерім, менің пірім де, музам да – ФАРИЗА!

 

Рауза МҰСАБАЕВА, аудармашы, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz