Естай Беркімбаев менің әкем Нығыманмен дос-жаран адам болған. Екеуі кейде қағысып та қалатын. Ондай сөз-барымталары әркез болып тұратын.

1934 жылдың жазы болатын. Біздің колхоз Салпаң көлі жағасында еді. Әкем балық аулайтын құрмасын жер үйге айқара жауып, жамап жатқан. Пошта бөлімінен хат тасушы қарт кісінің күнде өтетін жолы біздің үйдің сыртына жақын еді. Сол арбадан түскен қапсағай ұзын кісі әкейге қарай ентелей басты. Алыстан таныған әкей де қарсы барып, екі ақсақал айқара құшақтасып, кеуделерін тақаса қысып айрылысты да, екінші жағымен және қауышып айырылысты. Содан барып амандыққа кірісті. Бұл келген көп үзілістен кейін көріскен Естай ақын екен. Естай біздің үйге қонақ болды. Әкей мен шешей бұл кісімен жараса әзілдесіп отырды. Аракідік өлеңмен қағысып қалады. Сондағы бір сөз қағыстары есімде қалыпты.

Нығыман:

Естай сен қыр мен ойды кезіп жүрсің,

Ел-жұрттан, қатын-бала безіп жүрсің.

Жаяулап «Жайқоңыр» деп ән саласың,

Қорланға әнші болған күнің құрсын!

Естай:

Әй, Ныға! Шайпаулаған тілің құрсын,

Оң жолға бұл сапарда Тәңірім бұрсын.

Кемдігін кедейліктің тартып жүрмін,

Бір түрі күн көрістің болғаннан соң.

 

Қайтейік, Маралдыны қалдырдық қой,

Ақ үкі, алтын балдақ алдырдық қой.

Кешегі өзің көрген жастық шақта,

Жүрекке айықпас дерт салдырдық қой.

 

Байлардың атын қарап, сарқытын жеп,

Қор болдық бір заманға аз жүріп ек.

Килігіп көз таныстың күлкісіне,

Кеудеде шықпаған жан жүрміз ғой тек.

 

Осыны сен айтқан соң жаза салдым,

Әр жерге дәм-тұз тартқан талай бардым.

Жөн екен сенің-дағы бұл айтқаның,

Қасына бармақпын мен балалардың.

Олар әр нені айтып көп сырласып, Естай ертеңінде келген уақытында «Пошта шалға» ілесіп аттанып кетті. Естайдың бұдан кейін де талай келгенін білем. Көптеген сөздеріне де куәгер едім. Ол кезде мен бастауыш мектепті бітірген, жатқа бірнеше дастандар білетін кезім. Домбыра шертіп өлең айтқанда: «Мынау - әкеңе бітпеген өнер», - дегені бар Естайдың.

Онысы біздің әкей домбыраны аса машық етпей, тастап кеткен кісі. Өзім ес білгенде әкейдің домбыра ұстағанын көрген емеспін. Ол кісі өлеңді әндетіп, ау жамағанда, етік тіккенде домбырасыз айтып отыратын. Мен талай бір қысаларды әкейдің айтуымен жазып алып жаттадым. Сонда әкей маған жаздырып отырып, жаңылып кеткен жерлерінде азырақ әндетіп алып есіне түсіретін еді. Әкемнің, ескіше оқуға болмаса, сауаты жоқ кісі еді. Оның өлеңдерінен менің жазып алғаным өзінің шығарған «Ермек батыр» қысасы және ел арасында тараған түрік ертегісі «Бақтыжардың қырық мисалы» дейтін ертегі. Әңгімені өлеңмен бастап жазған 1600 жолдай дастаны бар.

 

Ақын Қимадиден НЫҒЫМАНОВТЫҢ мұрағатынан.

saryarka-samaly.kz