«Кіші Ақжардың» оңтүстік алқабы мидай жазық дала. Рас, оңтүстік батыс тұста «Ақирек-Аршалы» әрі сексен-тоқсан шақырым жерде, «Үшқара», «Қалмаққырылған» тауларының сілем-дері мен ұшар бастары күн жарықта мұнартып тұрар еді. Қазір айнала күңгірт тартқандықтан, тауларды дүрбімен қарасаң да көрінбес.

Тым қашықта емес, қара жол үстінде бір қарайған елестейді, өзі қозғалмайтын сияқты. Бір орында қалшиып тұрғандай. Жобалағанда не трактор, не жүк машинасы тәрізді. Әйтеуір, толық анықтай қою қиын.

Биыл жылдағы демалысым жоқ іздеумен өтті. Туған жердің ой-шұнқыры маған бес саусақтай мәлім. Салтпын. Жолсыз бүлкектеп келем. Астымдағы қарагер белі қайыспайтын мықты әрі мінісқор, жуас еді. Қамшы салдырмайды,тізгінмен шаужайлап қалсаң болды, сар желіске сала жөнеледі. Дегенмен, желісі қаттылау, адамды соғады. Жанақ нағашымның шаруасына пайдаланып жүрген аты. Жоқ іздеуге әкеме бермей, осы нағашым маған берген.

- Жиен назарына қалмайын, ала ғой, тек шапқылап мертіктіріп алма, - деп қатты ескерткен.

Іздеген жоғым осал емес. Әкемнің есік пен төрдей тарғыл биесі мен май алып семірген құла байталы көзден ғайып болғанына жұмаға ауып барады.

- Тарғыл биені қасқыр жесін, кісі жесін, мейлі, япырай, құла байталды құдама байлап едім. Анада әкетіңдер, күз түсті, айырылып қалам деп құдайдың зарын қылдым. Болмады ғой. Соғымға әлі ерте, қар түссін деп қасарысты құда, - деп әкем өмірі жанынан түспейтін қу таяғымен жер сабалады. Қайың мықты деген шын екен. Жай ағаш болса, әкемнің жерді мына сабасынан баяғыда шырт сынар еді. Таяқ маған да тиіп қалмай ма деп қобалжыдым.

- Құдай маған пайдасыз ұл берді. Бүйтіп берген балаңды, құдай, өзің ал. Бес күн қаңғырса да, бір сыбысын біле алмаған жаман шірікті не қылайын, - деп әкем ашу шақырды.

Былтыр ғана қарындасым қалаға тұрмысқа шыққан. Күйеуі кәдімгі көп қазақтың қара домалақ баласы. Айқайлап тұрған қызметі жоқ, слесарь көрінеді. Тек индустриалды институтта сырттай оқитынын білген соң, көңілге тоқ санайыз. Алақандай ауылдың жағын тыйып бақ. - «Е, е, Айнабайдың қызы кімге тиіпті, күйеуі кім болып істейді екен?» - деп қыршаңқы сұраудан ауыз жаппағанда әкем:

- Күйеу балам күзетші, - деп қиқар жауап береді жұртқа.

Айналайын қазақ құда сыйлау салтын өмірі қисайтып көрген бе?! Екі жаққа қайырымы бірдей салтты артқа тартпай, жоғалтып отырған, құла байталды әкем құдасына көлденең тартқан. Қос құда қол алысып, қоштасқанда құдамыз:- «Қаланың қай жеріне сыйғызамыз, суы мол, жері құнарлы ауылыңызда жүре берсін. Сыйға - сый, сыраға - бал деген осы-дағы. Жүдә ризамын», - дегенін ме ауызғы үйде түнде құдаға асқан семіз ісектің сүбесін турап жеп отырып, құлағым шалып қалған. Сонда құдамыз құла байталды кейінге қалдырып кетіп еді. Енді құла байтал әкемнің ішін удай ашытпағанда қайтсін!

II

Павлодар теміржол милиция бөлім-шесінің бастығы подполковник Қалел Құсбеков әлдекіммен телефон арқылы жалғасып тұрғанда лейтенант Быков Василий Васильевич кабинетке асығыс еді.

- Жолдас подполковник Қалел Құсбекович, - дей бергенде Быковқа Қалел қолымен тысқа шыға тұруға белгі берді. Телефон трубкасын орнына орнықтырғаннан кейін: - Лейтенант Быков! - деп дауыстады.

- Асығыс кіріп қалғанымды кешіріңіз, жолдас подполковник, - деді лейтенант сасып.

- Тыныштық па? - деп сұрады Қалел.

- Вагондардан екі жәшік үнді шай, екі жәшік «Қазақстан» сигареті қолды болыпты.

- Осы биыл ұры көбейіп тұр-ау, - деді биязы ғана Қалел.

Қалел толық, орта бойлы, сәл қоңыр түстілеу, жылы өңді жігіт. Ұшқары кетпей, сабырлы әрі байсалды сөйлейтін жан еді. Ақкөңіл адамдардың әдеті ме, Қалел сөйлегенде сәл-пәл күлімсірей сөйлейді. Бүгін ол қызметіне милиция формасымен келмепті. Жалпы, азаматтар киетін киіммен қызметіне кіріскен. Үстіне ашық сұр костюм мен қызғыл жібек көйлек киген.

- Күні кеше платформадан ұрланған 30 текше метр тақтай орнына келді. Енді бүгін шай, темекі жоқ. Болмайды, мойнын астына келтіріп, бүгін түннен қалдырмай ұрыны ұстау керек. Бұл іс жүк артқан шоферлердің қолынан келеді. Көліксіз адам жәшіктерді арқалап әкете алмайды, - деп алды Қалел.

Қалел ойланып отырып, тағы да салмақпен сөйлей кетті.

- Екі жәшік шай, екі жәшік сигарет бір-бірден таратса да, қалаға жұғын болмайды. Бір әккі саудагер шофер қаладан тыс жерге әкетіп, ұқсатуы мүмкін. Дегенмен, сіз базарды байқаңыз. Шай сатып жүрген біреу іліксе, дереу жауапқа тартыңыз. Ал мына іске өзім кірісем. Сізге түсінікті ме? - деді Қалел Быковқа тесірейе қарап.

- Түсінікті, жолдас подполковник. Шыға беруге бола ма? - деп өтінді лейтенант. Қалел оның шығуына рұқсат берді.

Қалел ұрланған заттарды табу үшін қала ішіне оперативті топ құрды. Қаншама айтқанмен, Қалелдің құрығы ұзын боп шыққандай. Тексере келгенде, қаланың сауда орнының қоймаларына «ШР 11-73» номерлі машина үнемі жүк тасып тұрған. Осы машина азанда Май ауданына жүк әкеткені белгілі болды. Ізді суытпай Қалел шофер сержант Әдетов Қайролламен түс ауа Май ауданына жолға шықты...

III

Мен ағаш сияқты қарайғанға келгенде, қас қарайды. Қарлы жаңбыр төпеп тұр. Үсті-басым мұздап, қатып барады.Ат жалы мұздаққа айналды. Көзіне түскен еріген қарды қамшының сабымен сырын мазам кете бастады. Әрі қалшылдап барам. Жер-көк көктайғаққа айналды. Қарагер кей–кейде тайғанақтап қалады. Мынадай қарлы лайсаңда мал таба қою екі талай шығар деп көңілсіз ойға терең батып келем. Жарықтық, қарагердің тұмсығы қарайғанға бір-ақ тірелгенде ғана жүк машинасының тоқтап тұрғанын білдім.

- Ей,біреу бар ма? - деп дауыстадым.

- Кім керек еді? - деп бір еңгезердей адам шылбырыма жармаса кетті.

- Жоқ іздеп жүрмін. Көзіңізге жол-жөнекей тарғыл бие мен құла байтал түспеді ме?

- Жоқ, мазаны алма!?

- Машинаның қорабына үңілсем, екі бірдей жылқы теңкиіп жатыр. Сирақтарын сыммен буып тастапты. Біреуі басын көтеріп, пысқырып та жіберді.

- Әй мынау не жылқылар? - дедім анаған.

- Өлмей тұрғанда кет осы жерден. «Қарашеңгелдегі» ағайыныма қойған жылқыларым. Ет керек, біреуін соғымға соям, біреуін сатам:

- Доңғалағыма жел жібере алмай жатсам, пәле қайдан келдің, - деп шофер ал бұрқыра.

Мен сіріңке жағып, жылқыға тесірейе қарасам, әкемнің жылқылары екен.

- Әй, жігітім, мынау менің жылқыларым ғой. Өтірікті ысқыртпа. «Қара-шеңгелдің» маңатында басқан жоқсың. «Кіші Ақжар» мен «Үлкен Ақжардың» нақ ортасында тұрсың. Түсір жылқыларымды, - дедім оған. Ол иығымнан қол ағаштай темірмен салып жіберді. Көзімнен от жарқ етті. Әрең дегенде аттың басын бұрып кетуге мәжбүр болдым. Дес бергенде, бір машинаның жарығы жылт етті. Машина таянған сайын жарығы күшейе түсті. Сәтінде «Газ-69» маркалы жеңіл машина біздің жанымызға келіп тоқтай қалмасы бар ма. Ішінен екі бірдей адам секіріп түсті. Машинаның шамы жанып тұрды.

Қалел қалта фонарымен машинаның нөмеріне үңілді де, шоферіне:

- Сабазың, шайды алысқа ұқсаттың-ау, - дегенде, ол Қалелге темір көтерді. Қалел көз ілестірмей, онысын қағып түсірді. Темірмен қоса өзі де ұшып кетті. Ол атып тұрды. Бірақ бұл кезде Қайролла оның қолын шап берген. Енді бұл милиционерлердің алдында тырп етпей қалды.

- Мені қара басты. Төрт балам, кәрі әке-шешем бар еді. Бір жолға...деп мыңқылдады шофер.

- Қолыңмен істегенді мойныңмен көтересің. Саған мемлекеттің машнасын ұрлыққа жексін деп тапсырған жоқ. Ұрлықсыз да табысты күректеп табасың. Мынадай соққында түнделетіп, ерігіп жүрген жоқпыз. «Ұрлық түбі - қорлық» екенін біл, деп Қалел машинаның қорабын тексерді.

- Әй, сен бар ғой, нағыз баукеспе ұры екенсің. Енді қаланы жайлап, совхоздың малына ауыз салдым де, - деді Қалел. Ол оған ақырып, зекірген жоқ.

- Жолдас бастық, бұл менің жылқыларым. Алты күн іздеп, әуреге түстім. Мына сайтанның қолына қалай түскеніне таңым бар. Міне, паспорты,- деп мен де далбалақтап кеттім. Жылқылардың түр-түсі паспорттағыдай болып шықты. Сол жерде акт жасалып, Қалел жылқыларымды алдыма салды. Қуанышымда шек болмады. Қалелге рахметімді жаудырдым...

Бір түнде Қалелдің қаладан үш жүз шақырым жерге шығып кеткен ұрыны тап басуы айтарлықтай ерлік іс еді. Совет милициясының ісі сан алуан ерлік қимылға толы ғой!

Қарлы жаңбыр әлі төпеп тұр.

 

Төкен АЙДАРХАНОВ.

saryarka-samaly.kz