Еліміздегі ет өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын доңыз етін өздері өндірсе, сиыр етін облысымыздағы шаруа қожалықтарынан тасымалдайды. Құс етінен де тапшылық жоқ. Иелігіндегі 20 мың гектар жерге мал азығын өсірумен айналысады.

«Рубиком» өнімдері аймағымызда ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне кеңінен танымал. Тіпті, Ресейге экспортталып, көршілес мемлекеттің нарығынан орын алып отыр. Бұл ретте Омбы, Новосібір, Красноярск сынды қалаларда сауда нүктелері бар. Көршілес елге жылына шамамен 150 тонна өнім тасымалдайды. Кәсіпорынның коммерциялық директоры Максим Щербаков мұндай нәтижелерге тоқмейілсімей, ет-сүт өңдеу өндірісін одан әрі дамытуды жоспарлап отырғанын айтады. Осылайша, тұтас ел экономикасының ілгерілеуіне үлес қоспақ.

Бүгінде Ленин кентінде орналасқан ет өңдеу комбинатында 700-ге жуық адам еңбек етеді. Мұнда тәулігіне шамамен 40 тонна өнім шығарады.

- Қазіргі уақытта ет өнімін Қытай нарығына шығаруды жоспарлап отырмыз. Павлодарлық тауар өндірушілерге Күншығыс елінің нарығы ашылған жағдайда көп көлемде өнім экспорттауға дайынбыз. Бүгінде тиісті келіссөздер жүргізілуде. Болашақта сүт комбинатын шикізатпен қамту үшін тауарлы сүт фермасын іске қосуды да жоспарлап отырмыз. Бұл келесі жылдың еншісіндегі жоба болмақ, - дейді М.Щербаков.

Кәсіпорында ет өнімдерін дайындау автоматтандырылған жүйеге сәйкес жүргізілетінін атап өткен жөн.

Жалпы, облысымызда ет экспортын дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Облыстық ауыл шаруа-шылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Шұғаевтың сөзінше, ет экспортын екі есеге көбейту жоспарда бар. Өңірде ет шаруашылығы бағытында өндірістік қуаттылығы 13,4 мың бас болатын 10 бордақылау алаңы бар. Биыл 5 мың басқа арналған бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

- Былтыр 1300 тоннадан астам ет пен ет өнімі экспортқа шығарылды. Биыл бұл көлем 2300 тоннаны құрайды деп жоспарлануда. Бұл ретте «Рубиком» және «Смак-ПВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің орны зор. Алдағы уақытта бұл қатарға Шарбақты ауданындағы «Абай» ЖШС қосылмақ. «Рубиком» кәсіпорны ет өнімін Қытайға шығаруды көздеп отыр. Бұл мәселе ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде келісілуде, - дейді М.Шұғаев.

Марат Шұғаев «Рубиком» кәсіпор-нындағы доңыз өсіруге арналған селекциялық-генетикалық орталықтың қызметіне оң бағасын берді. Оның сөзінше, 65 мың бас малы бар кешеннің арқасында Павлодар облысы елімізде аталмыш өнім түрін өндіру бойынша бірінші орынды алады. Кәсіпорын жылына 12 мың тонна ет шығарады.Оның 50 пайызы сиыр еті болса, қалғаны шошқа еті.

Бүгінде облыста 28 ірі және орта тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Сүт шаруашылығын дамыту мақсатында 2023 жылға дейін тағы 10-нан астам тауарлы сүт фермасы салынады деп күтілуде.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz