Биыл Шоң би Едігеұлының туғанына – 265 жыл. Бұған дейін өз заманында ел басқарып, халқына әділ төрелігін жүргізген тарихи тұлға туралы көп айтылмай келіп еді. Биыл сол олқылықтың орны толды деуге болады. Оқушылар жаңа деректер анықтап, Шоң Едігеұлы туралы мол мағлұматтарды жарыққа шығаруда. Бұл байқауды ұйымдастырушы – облыстық «Мәшһүр Жүсіп» қоры екенін айта кету керек. Аталмыш қордың президенті, тарих ғылымдарының кандидаты Ертай Жүсіповтің сөзінше, шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарамасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында ұйымдастырылған.

- Байқаудың облыстық кезеңіне 5-11-сынып аралығындағы 60-қа жуық оқушы қатысуда. Алдағы жоспарымыз Шоң би оқуларының аясын кеңейтіп, республикалық деңгейде ұйымдастыру. Себебі, бұған дейін елімізде Шоң би Едігеұлының өмірі мен елге сіңірген қызметін насихаттауға бағытталған мұндай оқулар болған емес. Яғни, бірінші болып біз қолға алып отырмыз. Жалпы, Шоң би туралы мәліметтер өте аз. Көрнекті жазушы, жерлесіміз Қалмұхан Исабаевтың романы бар. Мақсатымыз – еліміздегі ұмыт болған ұлы есімдерді қайта жарыққа шығарып, халыққа насихаттау, - дейді Ертай Қуандықұлы.

Шоң би оқулары байқауының ережесі бойынша қатысушылар үш аталым бойынша бақ сынады. Біріншісі – «Эссе жазу» яғни, Шоң би туралы оқыған, білгендерін белгіленген уақытта жазып шықты. Екіншісі – «Арнаймын жыр маржанын бабаларға» деп аталатын жас ақындар мүшәйрасы. Бұл тақырыпты таңдағандар Шоң би Едігеұлының тарихи портретін, тарихи тұлғасын поэзия тілінде сөйлетуі керек. Ал үшіншісі - тест түріндегі сұрақ-жауапқа жауап беру. Байқаудың нәтижесі бойынша, «Эссе жазу» номинациясының бас жүлдесін Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 гимназиясының 6-сынып оқушысы Ұлжан Төлеубай жеңіп алды. Ал Шоң бидің тарихи тұлғасын өлеңмен әспеттеген жас ақындар мүшәйрасының бас жүлдесі Екібастұз қаласы С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 8-сынып оқушысы Бексұлтан Қайдаровқа бұйырса, сұрақ-жауап аталымында №38 орта мектептің оқушысы Шоң Абдуллин жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, бірнеше бала Торайғыр би, Шорман би, Тәйкелтір би, Едіге би, Қазанғап би аталымдарымен марапатталды.

Қазылар алқасының төра-ғасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Байбосын өз сөзінде оқушылар байқауға ерекше дайындықпен келгенін атап өтті.

- Мен ақындар мүшәйрасына қазылық еттім. Шоң би туралы жазбаша мәліметтердің азды-ғына қарамастан, оқушылар жақсы дайындалып келіпті. Тұшынып оқуға тұрарлық өлеңдер болды. Кейіпкердің образын жан-жақты ашқан жақсы туындылар болды. Жалпы, Ертіс-Баян өңірінде ашылмаған, айтылмаған тарихи тұлғалар баршылық. Көбі - ерте заманда болыс болған, би болған адамдар. Мысалы, көп аталмай жүргендердің қатарында Қазанғап би, Исаның Қабышы, Оразбайдың Сүлеймені, Райстың Әйтімі секілді тұлғалар бар. Солардың есімін шығаратын уақыт жетті. Екіншіден, Успен, Железин, Тереңкөл аудандары туралы көп айтылып, жазылмай қалады. Негізінде бұл аудандарда да құрмет тұтар тұлғалар болған. Міне, соларды да насихаттауымыз керек, - деді Сайлау Әшенұлы.


Шоң АБДУЛЛИН, облыстық Шоң би оқуларының жеңімпазы:

- Мен байқаудың сұрақ-жауап номинациясына қатыстым. Сұрақтар күрделі болды. Мысалы, Шоң бидің өмірбаяны және атқарған қызметі жайлы. Жалпы, бабамыздың халыққа сіңірген еңбегі ерен. Сол кездің өзінде ағарту саласына көңіл бөліп, кедей-кепшіктердің балаларының білім алуына жағдай жасады. Сонымен қатар, ел арасында болған дау-шарға әділ төрелігін айтып, тыныштық орнатқан екен. Осы байқау арқылы біздің тарихымызда осындай ірі мемлекеттік қайраткердің, халықшыл тұлғаның болғанын білдік.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz