Бұл туралы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғанибет Әубәкіров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты. Оның сөзінше, шикізаттық емес экспорт көлемінің төмендеуі сыртқы нарыққа шығарылатын металлургия және химиялық өнімдердің азаюына байланысты болып отыр. Яғни, ферроқорытпа, бастапқы алюминий, алюминий тотығы, темірден жасалған жартылай өнімдер мен полипропилен, хлор және тұз қышқылы және тағы да басқа химиялық заттар биыл аз шығарылған.

- «Павлодар» арнайы эконо-микалық аймағында инвестиция көлемі 67 млрд. теңгені құрайтын 10 кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындар бір жыл ішінде 1,5 мың жұмыс орнын ашып, 80 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Оның ішінде экспорт 32 млрд. теңгені құрайды. Биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр-ғанда 1,4 млрд. теңгеге өскен. Бюджет- тің жеке инвестицияларға қатынасы 1:12 теңгені құрады, - деді ол.

Жақында Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында еліміздегі барлық арнайы экономикалық аймақтар динамикасы бойынша, біздің өңір жетекші орын алатыны туралы айтылған. Еске сала кетейік, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы Солтүстік Македонияның Скопья қаласында өткен Еуропалық саммитінде бүкіләлемдік World Free Zones Organization ұйымының Орта Азиядағы өкілі мәртебесіне ие болған.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz