Сайлау өткеннен кейін журналис-термен жүздесіп, өз ойын білдірген ТМД уәкілдігінің өкілі Ольга Благо Ресейге қарағанда саяси науқанның Қазақстанда әлдеқайда жоғары деңгейде өткенін айтты.

- Сайлау учаскелеріне кірген кезде ерекше күйге бөлендім. Онда ел тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі адамдар да аталмыш маңызды шарадан қалмай, сайлау учаскелеріне келгенін көргенде таң қалдым. Арбада отырғандарға жеке кабина, құлағында кемістігі бар және көзі нашар көретін жандарға компьютер құралы берілген. Сол арқылы адамдар кандидаттар жөнінде ақпарат алуына болады. Біздің делегациялық топ Павлодар өңіріне өткен жұма күні кешке келді. Әріптестерім Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында және өзге аудандарда бақылау жұмысын жүргізді. Біз барған жерлерде үміткерлердің, партиялардың, қоғамдық ұйымдардың бақылаушылары да бірге болды. Ешқандай заң бұзушылықтар мен ескертулер болған жоқ, - деді Ольга Благо.

О.Благоның айтуынша, Новосібір облысынан келген 6 бақылаушы Павлодар облысындағы 65-тен астам сайлау учаскелерінде болған. Сөз арасында шетелдік тәуелсіз сарапшы Қазақстандағы сайлауды өз еліндегімен салыстыра отырып, оның ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

- Мені таң қалдырған тағы да бір ерекшелік, әр учаскеде сайлаушылардың өтініші бойынша жауапты мекеменің өкілдері тұрақты тіркеу жөніндегі анықтамаларын шығарып беріп жатты. Осылайша тізімде жоқ адамдар сол учаскеге тіркеліп, дауыс беруге мүмкіндік алды. Мұндай тәсілдер біздің елде әлі күнге дейін қолданысқа енгізілген жоқ. Негізі, Қазақстаннан үйренеріміз көп екен, - деді ол.

 

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz