Рымтай ШӨКЕЕВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Әрбір қазақстандық кезектен тыс Президент сайлауының ел үшін маңыздылығын түсініп барып, дауыс берді деп ойлаймын. Бұл елдің бірлігі, жас ұрпақтың келешегі, халықтың тыныштығы мен татулығы жолында жасалған үлкен таңдауы болды. Биылғы маңызды науқанға біздің облыстың ардагерлері толығымен атсалысты деп айта аламын. Тіпті, облыстағы 117 мың ардагер 9 маусым күні түскі сағат 13.00-ге дейін өздерінің сайлау учаскелеріне барып, дауыс беріп үлгерді. Осыған қарап-ақ, аға буынның белсенділігін көруге болады.

Бұл жолғы сайлаудың баршамыз үшін жөні бөлек болғаны айтпаса да түсінікті. Таңдауымыз арқылы еліміздің болашағының жарқын болатынына да бек сенімдіміз. Президенттікке үміткер болған 7 кандидаттың ішінен халықтың басым дауысын жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев елдің гүлденуі жолында аянбайтынына сенеміз. Бастысы, аналар жылап, балалар аш болмай, ел іргесі тыныш болса болғаны.


Кенже КЕҢЕСБАЕВ, Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Биылғы жылдың 9 маусымы ел тарихында айшықты орын алатын датаға айналды. Бұл күні тұтас ел болып, мемлекетімізге жаңадан Президентті сайладық. «Сырт көз - сыншы» демей ме? Өз басым бірнеше сайлау учаскесіне арнайы барғанда көргенім - сайлау дәл біздің өңірде ұйымдасқан түрде өтті. Ардагерлер мұндай маңызды шарадан ешқашан қалып көрмеген. Олар өткен дәуірден бері қалыптасып қалған дағдылары бойынша ерте келіп, өз таңдауларын жасап жатты.

Біздің елге ең бірінші тыныштық пен бірлік керек. Бұл еліміздің дамуы үшін, әлемде дамыған алпауыт мемлекеттермен терезесі тең болуы үшін ауадай қажет. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, еліміздің Президенті болып сайланғалы отырған Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі күнге дейін қазақ даласында тұрақтаған тыныштықты сақтап, Елбасының сарабдал саясатын әрі қарай жалғайтынына сенемін. Жасыратыны жоқ, елімізде әлі күнге дейін өз шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Осыны халықпен бірлесіп, олардың ойларымен санаса отырып шешкені абзал болар еді деп ойлаймын. Бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын!


Ольга НИКОЛАШИНА, облыстық «Фин-угор» этномәдени орталығының төрайымы:

- Ең әуелі барша қазақстандықтарды жаңа Президенттің сайлануымен құттықтаймын! Мен Қазақстан Республикасының азаматы әрі қазақ жерінің тумасы ретінде мұндай маңызды әрі ауқымды шарадан қалуға құқым жоқ еді. Сол себепті отбасыммен бірге өз таңдауымызды жасадық. Ең әуелі балаларыма сайлаудың маңыздылығын түсіндіріп, таңертең ерте азаматтық борышымызды өтеуге асықтық. Меніңше, елдегі әр отбасы мен әр тұлға солай жасады деп ойлаймын. Сайлау күні қызмет бабымен екі учаскенің жұмыс барысымен таныстым. Сонда көргенім, бақылаушылардың да, халықтың да көңіл-күйлері жоғары болды.

Негізі, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев уақытынан бұрын өз өкілеттігін тоқтатқан күннен бастап, халықтың санасында көптеген сұрақтың болғаны анық. Бұл сан алуан сұрақтың жауабы табылған күн болды. Барша қазақстандықтардың ең бірінші тілегі - ол елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің сақталуы және Отанымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарыштап өсуі. Жаңа Президент осы бағытта жұмыс істеуде аянып қалмайтынына, Елбасының бастап кеткен маңызды істерін жалғайтынына біз сенеміз.


Роман КРАСНОЩЕКОВ, облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі:

- Біздің халық өз таңдауын жасап, сайлаудың алғашқы қорытындысымен танысып та үлгерді. Еліміздің жаңа Президенті болып Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлануы заңдылық еді. Біз, жастар, еліміз үшін маңызды шарадан шет қалмай, өз таңдауымызды жасадық. Бұл әрбір қазақстандықтың басты парызы деп білемін. Жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстанның алдында үлкен жауапкершіліктің тұрғаны анық. Осы орайда біз Қазақ елінің жастары үлкен белсенділік танытып, жаңа Президенттің әрбір ісін құлшыныспен атқаруға дайынбыз. Себебі, еліміздің жас буыны ретінде мемлекет тарапынан көптеген қолдауларға ие болып отырмыз. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табатынына сенемін!

Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, отбасыммен бірге маңызды шарадан қалмай, таңғы сағат 7.00-де өзіміздің сайлау учаскемізге барып, бізге жарқын болашақ сыйлай алатын, еліміздің тұтастығын сақтай алатын адамға дауысымызды бердік. Сонымен қатар, осы маңызды шарада «Nur Otan» партиясының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі ретінде тіркеліп, басқа партияның және шет мемлекеттен келген бақылаушылармен бірге жұмыс істедім. Байқағанымыздай, сайлау ашық өтті.

 

Пікірлерді үйлестірген - Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz