Таңдау жасалды

Павлодар қаласындағы №15 учаскесіне тіркелген сайлаушылар сайлау күні таң ата дауыс беруге ағылды. Алғашқылардың бірі болып аталмыш сайлау учаскесіне облыс әкімі Болат Бақауов отбасымен келіп, өз таңдауын жасады.

Бұрыннан ертемен дауыс беруге асығатын жандардың бірі 86 жастағы зейнеткер Иния Шафигулина да учаске ашылысымен таңдауын жасап үлгерді. Адам қарасы аз кезде алаңсыз дауыс беруге үйренген қария қашан да саяси науқаннан қалмайтынын айтады. Елдің болашағы үшін әрдайым сайлауға қатысуды өзінің азаматтық борышы санайды.

Саяси науқанға алғаш рет қатысып, дауыс беру мүмкіндігіне ие болған жастар да аз емес. Солардың бірі – Әнел Көбенова.

- Алғаш рет дауыс беріп, өзімнің азаматтық ұстанымымды білдірдім. Еліміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасадым деген ойдамын. Жалпы, еліміздің саяси өмірінен хабардармын. Әрдайым қызығушылық танытып, жан-жақты ақпараттанып отыруға тырысамын. Сайлауға түскен әрбір үміткердің сайлауалды бағдарламасымен жақсы таныспын. Кім қандай ұсыныстарын алға тартқанын да жақсы білемін, - дейді №15 учаскеге алғашқылардың бірі болып келген әрі алғаш рет дауыс берген Әнел Көбенова.

Дауыс беруді азаматтық борышына балап, үлкен жауапкершілікпен қарап, учаскелер жұмысы басталған сәтте таңдау жасаған азаматтарға естелік сыйлықтар табыстады.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада орналасқан №15 сайлау учаскесінің төрағасы Ғалым Шаймардановтың айтуынша, саяси науқанға дайындық мұқият жүргізілді.

- Біздің учаскемізде 1633 сайлаушы тіркелген. 24 азамат үйде дауыс беруге ниет білдірді. Бұрынғы сайлауларға қарағанда биыл мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы кабина қарастырылып отыр. Мұнда көзі нашар көретін, құлағы нашар еститін немесе мүлдем естімейтін азаматтардың таңдау жасауына жағдай жасалған. Арнайы құралдармен жабдықталған, - дейді Ғалым Қинаятұлы.

Сонымен қатар, сайлаушылар тізімінде аты-жөнін таба алмаған жандарға мекенжай анықтамасын лезде алып беруге көмектесетін арнайы маман жұмыс істеді. Еріктілер қатарынан сайланған бұл қызметкер халыққа қызмет көрсету орталығына тікелей өтінім жіберіп, азаматтарды мекенжайы бойынша тізімге қосуға жұмыс жасады.

Сайлау учаскесінің алғашқы бір сағатында сайлаушылардың екі пайызы таңдау жасап үлгерді. Аталмыш сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын бұқаралық ақпарат құралдарын қоса алғанда барлығы 42 байқаушы бақылаған. Олардың арасында шетелдік байқаушылар да бар. Төрағаның айтуынша, ешбір заңбұзушылық тіркелген жоқ, бәрі қалыпты жағдайда өткен.

Жастар белсенділік танытты

Еліміз үшін маңызды саяси науқанда Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев алғашқылардың бірі болып дауыс берді.

Шаһар басшысы отбасымен бірге қалалық Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта білім беру мектебіндегі №75 сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасап, жергілікті тұрғындарды айтулы күнмен құттықтады.

- ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы – мемлекетіміз үшін тарихи оқиға. Еліміздің азаматы ретінде жұбайым екеуіміз өз таңдауымызды жасадық. Павлодарлықтар ел болашағы үшін белсенділік танытты деп ойлаймын. Бастысы – бірлігіміз мығым, бейбітшілігіміз мәңгі болсын, - деді қала әкімі.

Бұл күні аталмыш сайлау учаскесінде таңғы сағат 7.00-ден бастап дауыс беруге келген адамдардың қатары көп болды. Саяси додада Заманбековтер әулеті бірінші болып өз таңдауларын жасады. Сайлау учаскесіне алғашқы болып дауыс берген бұл отбасыға арнайы сыйлық табыс етілді.

- Отбасымызбен таңғы сағат 6.00-де оянып, Президент сайлауында дауыс беруге келдік. Мұндай маңызды оқиға кезінде ерте дауыс беруді әдетке айналдырғанмын. Ең бірінші болып дауыс береміз деп ойлаған жоқпыз. Сәті түскеніне қуаныштымыз. Мемлекетімізге тұрақтылық пен береке, халқымызға қоғамның әл-ауқаты мен өркендеуі мен ертеңгі күнге деген сенімділік керек. Саяси науқан тұңғыш Президентіміздің саралы саясатын жалғастырып, кемелді келешекке жол бастайтын тұлғаны таңдауға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан тарихи шешім қабылданатын кезде сайлауға қатысуды азаматтық міндетіміз деп білеміз, - дейді отағасы Танабай Заманбеков.

Жалпы, №75 сайлау учаскесінде барлығы 1940 адам тіркелген. Оның ішінде тұңғыш рет дауыс бергендердің саны 13-ті құрайды. Алғаш рет саяси науқанға қатысып отырғандардың қатарында Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің студенті Жоламан Ақылбек те бар.

- Өмірімдегі осындай саяси науқанға алғаш қатысуым Президент сайлауына тұспа-тұс келіп отыр. Бұл - мен үшін зор жауапкершілік. Ерте тұрып дауыс бергенім үшін қуаныштымын. Биыл – «Жастар жылы». Сондықтан еліміздің болашағы үшін біз осындай тарихи оқиғадан қалыс қалмауымыз керек деп білемін. Өз басым ел тізгінін ұстауға лайықты деп білген кандидатқа дауыс бердім, - дейді Жоламан Ақылбек.

Осы орайда, еліміз үшін саяси маңызды додада жастар ерекше белсенділік танытқанын атап өткен жөн.

Бейбітшіліктен асқан бақыт жоқ

Павлодар қаласының тұрғыны, тыл ардагері Бозжігіт Тұрғанбекұлы жасы 91-ге келсе де немере-шөберелерінің келешегі үшін дұрыс таңдау жасау үшін отбасымен бірге келіп, дауыс берді.

- Денсаулығыма байланысты Ұлы Отан соғысына қатыса алмасам да, оның зардабын көрдім. 13 жасымнан елде еңбек еттім. Сондықтан бейбітшіліктен асқан бақыт жоқ дер едім. Жасым 90-нан асса да ұрпағымның жарқын болашағы үшін жұбайыммен дауыс беруге келдім. Жаңадан сайланатын Президентіміз елімізге жақсылық әкелсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жастарымыз Отанымыздың көркеюі жолында адал еңбек етсін деп тілеймін, - деді қария.

Сайлау учаскесінде жұмыс істеген бақылаушы Диана Геделинг аталмыш учаскеде заңбұзушылық орын алмағанын айтады.

- Бақылаушы ретінде комиссия мүше-лерінің жұмысын қадағаладық. Яғни, сайлау учаскесіне келген адаммен сөйлесу мәнері, дауыс беру қағидасын түсіндіру барысын назарға алдық. Сонымен қатар, учаскеде үгіт-насихат жұмыстарына жол бермеуді де бақыладық. Заң бойынша мұндай әрекетке тыйым салынады. Бүгінгі учаскеде 7 бақылаушы болды. Олардың қатарында кандидаттардың сенімді өкілдері мен тәуелсіз бақылаушылары бар, - деді Д.Геделинг.

Осылайша, павлодарлықтар таңғы сағат 7.00-ден бастап кешкі сағат 20.00-ге дейін өз таңдауларын жасады.

Перзентханада дауыс берді

Өңірде азаматтардың дауыс беруге қолжетімділігін арттыру үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылды. Әсіресе, ауруханалар мен перзентханалар секілді емдеу орындарында арнайы сайлау учаскелері жұмыс істеді.

Павлодар облыстық перинаталдық орталығында орналасқан №124 сайлау учаскесінде жас босанған аналар таңғы сағат 7.00-ден бастап дауыс берді. Кезектен тыс Президент сайлауына аталған орталықтағы 29 ана қатысып, өз таңдауын жасады.

Маусымның 8-інен 9-ына қараған түні облыстық перинаталдық орталығында 10 сәби өмір есігін ашыпты. Дүниеге келгендердің 8-і - ұл, 2-еуі - қыз бала.

- Бұл - қолжетімділігі шектеулі жандарға арналған сайлау учаскесі. Осы жерде қанша адам дауыс беретіндігі алдын ала белгілі болғандықтан 8 маусым күні сайлау бюллетеньдерін дайындап қойдық. Басқа учаскелерде дауыс беру науқаны кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасатын болса, біз сайлаушылардың барлығы келіп болған соң жұмысымызды аяқтайтын боламыз, - деді №124 сайлау учаскесінің төрайымы Әлима Омарбекова.

Перинаталды орталықта өз таңдауын жасағандардың бірі Ақсу ауылдық аймағына қарасты Сарышығанақ ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Анар Сәуленова:

- Мен жуырда төртінші баламды дүниеге әкелдім. Үш қыздан соң көптен күткен ұл бала сүю бақытына бөлендім. Қуанышымда шек жоқ. Перзентханада жатып ел үшін маңызды науқаннан қалыс қалып қоямын ба деп алаңдаған едім. Олай болмағанына қуанып тұрмын. Бүгін мен де ел қатарлы өзім лайықты деп таныған кандидатқа дауысымды бердім. Саяси науқаннан бізді, яғни, аналарды шет қалдырмай, елеп-ескергені үшін орталық сайлау комиссиясына алғыс айтамын. Ел болашағы мығым болып, сайлаудың әділ өтуіне тілекшімін.

Павлодар облысындағы 543 сайлау учаскесінің 23-і қолжетімділігі шектеулі орындарда азаматтарға қызмет көрсетті. Мәселен, облыс орталығындағы №3 қалалық ауруханада, №1 қалалық ауруханада және облыстық туберкулезге қарсы диспансеріндегі емделушілердің дауыс беруіне мүмкіндік жасалды.

«Үлкен жауапкершілікті сезіндік»

Ал Инновациялық Еуразия университетінде орналасқан №588 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берген қала тұрғындарының қатары көп болды. Кәмелеттік жасқа жаңадан толған бозбала мен бойжеткендер де, ақ самайлы қариялар да ел үшін маңызды шарадан тыс қалған жоқ. Бақылаушылар мен комиссия мүшелері сайлауға келген қала тұрғындарына дауыс берудің шартын түсіндіріп, тәртіпті бақылады.

Аталған сайлау учаскесінде 2257 адам тіркелген. Комиссия мүшелері өз аяғымен учаскеге келіп дауыс бере алмайтын 18 азаматтың үйіне барып, таңдау жасауына мүмкіндік сыйлады. Ал кәмелеттік жасқа енді ғана толған 15 сайлаушы тұңғыш рет дауыс берді. Алғаш рет сайлауға қатысқан азаматтың бірі Павлодар қаласының 19 жасар тұрғыны Ғалым Қарагасеков:

- Мен бүгін алғаш рет сайлауға қатыстым. Үлкен жауапкершілікті сезініп тұрмын. Бұл - біздің еліміздің болашағы. Достарым мен бірге оқитын курстастарым да осы күнді тағатсыздана күтіп жүрді. Менің тобымда оқитын 18 қатарласымның барлығы да сайлауға белсене қатысуда. Болашақ Президентіміз жастарға көбірек көңіл бөлсе екен деймін. Жаңаша бағытта, ғылым мен техниканың тілін еркін меңгергіміз келеді. Шетелге шығып білім алуға зор мүмкіндік туғанын қалаймын, - дейді қала тұрғыны.

Сайлау учаскесіне келіп, дауыс берген азаматтардың бірі - жасы 86-ға келген еңбек ардагері Тоқтар Басабиев:

- Кіндік қаным тамған өлке - Ертіс–Баян жері маған қашан да ыстық. Балалық шағымның бақытын сұрапыл соғыс жылдары ұрлады. Содан бері өмірде әртүрлі кезеңдерді бастан өткізіп, осы күнге аман-есен жеттік. Инженер-гидротехник болып жарты ғасыр уақыт еңбек еттім. Көп жылдар шетелде оқып, елеулі қызметтер атқардым. Кейін Қазақстанға оралып, жұмыс істедім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне құрметпен қараймын. Ол кісі аз ғана уақыттың ішінде жас мемлекетті аяғынан нық тұрғызды. Келер Президентіміз де Нұрсұлтан Әбішұлының салған жолын жалғастырса екен деймін. Аллаға шүкір, бүгінде Отан тыныш, ел аман. Менің көңілім толмайтын бір ғана дүние бар. Ол - жемқорлық. Ел тізгінін қолға алатын ендігі Президент осы кесепатты ауыздықтаса деймін. Елімізде ауызбіршілік болсын, - деді.

Осылайша, өңірде тұратын әрбір Қазақстан азаматы сайлауға қатысып, ел алдындағы міндетін абыроймен атқарды. Сайлау учаскелеріне келген азаматтардың жүзінен мерекелік көңіл-күйді байқадық. Себебі олар болашағымыздың баянды, келешегіміздің кемелді болуы үшін өз таңдауларын жасады.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Айдана ҚУАНЫШЕВА, Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz