Анатолий БОЙЧИН, облыстық мәслихат депутаты:

- Өте ұтымды ұсыныс. Бір жағынан баланың денсаулығы, екінші жағынан қауіпсіздік үшін өте маңызды. Біз өзеннің бойында орналасқанбыз. Қырлы жер болса тағы бір жөн. Ертіс өзені жағасында болғандықтан балаларды ертерек жүзу, суда өзін ұстай білу ережелеріне үйрету қажет. Әлбетте, бір сәтте барлық баланы қамти алмауымыз мүмкін. Сондықтан құзырлы органдармен, кәсіби мамандармен бірлесіп, ойластыруымыз керек. Қай жастан бастап қолға алған жөн екенін де салмақтап алсақ абзал. Мәселен, балабақша жасынан үйретуге кіріссек, өңіріміздің осы бағыттағы әлеуеті қандай екенін біліп алуымыз қажет. Жалпы, жүзеге асыруға болатын іс деп білемін. Тіпті, аса қажет деп те айтар едім. Облыс орталығының өзінде қаншама бассейн бар. Енді білім беру және спортқа жауапты басқармалар нақты ұсыныстарын ортаға салса, ары қарай әрекет етеміз ғой. Облыс- тық мәслихат тарапынан да қолдаусыз қалмайды деп ойлаймын. Мамандардан бір балаға қанша сабақта жүзуді үйрете алатынын білсек, содан кейін аймағымыздағы мүмкіндіктер ескеріледі, қаражат жағы да есептеледі.


Галина ЖЕМУЛАТДИНОВА, олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің жүзу бойынша жаттықтырушысы:

- Әлбетте, балаларды ерте жастан жүзуге үйреткен жақсы. Ең тиімді жас – 7 жас. Әр баланың икеміне, дене бітіміне қарай үйрету мерзімі де әртүрлі. Кей бала бір күнде қағып алып, жүзе жөнелуі мүмкін. Енді бір баланың еркін жүзуі үшін бір жылға жуық уақыт қажет болуы ықтимал. Жалпы, балаларды жаппай жүзу сабағымен қамту үшін мүмкіндік бізде әлі жеткіліксіз. Әсіресе, жаттықтырушылардың тапшылығы бар. Жалақының аздығынан мектебімізге жаттықтырушы болып келуге ынталылар аз. Олар арнайы клубтарда жұмыс істегенді жөн көреді. Сондықтан осы мәселені және бассейндердің жұмысын реттеу керек. Біз де балаларды жүзудің ережелеріне үйреткенді ерте бастағанға мүдделіміз. Сонда жүзуден бәйгеге түсетін спортшыларды да іріктеп алу мүмкіндігі артар еді. Меніңше, өзен-көлдерде балаларды жүзуге үйретуге келмейді.


Айнұр ИМАНБАЕВА, ата-ана:

- Балаларымызды мектеп жасынан жүзуге үйретсе, тек қуанар едік. Өйткені, жазда балаларымыздың шымыр болуы үшін жүзудің пайдасы мол екенін білеміз. Құрысқан денені жазуға да ең тиімді тәсіл. Бірақ, шыны керек, баламызды бассейндерге апаруға мүмкіндігіміз келмейді. Конкурс негізінде қабылдайтын бассейндерде орын шектеулі. Санаулы мектептерде ғана жүзу сабағын өткізуге арналған бассейндер бар. Қарап отырсақ, ескі балабақшаларда да кезінде кішігірім бассейндер қарастырылған. Ал кейінгі уақытта мұндай мүмкіндік жасау қаперге алынбайтыны қынжылтады. Осы ретте, мен мектептерде аптасына болмаса да, айына екі рет жүзу сабағын өткізу жағдайы жасалса деп тілеймін. Бұл менің ғана емес, бүкіл ата-ананың арманы дер едім. Қаламызда бассейндер аз емес. Жаңасы да салынды. Сондықтан бәлкім, мемлекеттік тапсырыс негізінде жекеменшік бассейндерге де балаларымызды апаруға жол ашу керек. Мұндай қадам өзен-көлде суға бату қаупін сейілтумен қатар денсаулықтарын оңалтуға да көп септігін тигізер еді.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz