Аналогтан арыламыз

Газетімізде бұған дейін бірнеше мәрте жазғанымыздай, кәдімгі үй ішілік немесе далалық антенна арқылы көрсететін аналогтық арналар маусым айының соңында толықтай өшеді. Оның орнын заманға сай цифрлық эфирлік хабар тарату жүйесі иеленбек. Яғни, сандық сападағы кескіні айрықша айқын, дыбыс үйлесімі құлаққа жағымды арналарды үзбей көре аласыз. Мұндай жүйеде аналогты хабарлардағыдай көмескілену болмаса кескіннің экранда ойнап, секіріп тұруы деген атымен болмайды. Тіпті, теледидарыңыз заманға сай болса кейбір арналарды HD форматында тамашалайсыз.

Ұлттық телевизиялық сигналды сапалы ету тұрғысында жүзеге асып жатқан цифрлық эфирлік хабар тарату жүйесі кестеге сәйкес біздің өңірімізге де келіп жетті. Биыл Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарында аналогты жүйе толықтай тоқтатылып, бұл аумақтарда тек цифрлық хабар тарату қолжетімді болып қалады. «Қазтелерадио» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Амангелді Жұмадировтың айтуынша, мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру өңіріміз үшін аса басымдыққа ие. Аталған бағдарлама аясында Қазақстанда, соның ішінде Павлодар облысында цифрлық эфирлік телехабар таратуды енгізу жобасы белсенді жүруде.

- Цифрлану қазіргі технология дамыған заманда қоғам үшін аса пайдалы әрі оның болашағы зор. Аналогты хабар тарату ескірді әрі ол қазір дүниежүзі бойынша көп елдерде мүлде қолданылмайды, - деп түсіндірді А.Жұмадиров. - Қазақстанда аналогты эфирді өшіру және цифрлық эфирлік хабар таратуға (ЦЭХТ) көшу шаралары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. 2018 жылы еліміз бойынша үш бірдей облыс жаңа форматтағы телевизияға қосылды. Бүгінде Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының тұрғындары сапалы цифрлық телевизияға қол жеткізіп отыр. ЦЭХТ-ды енгізу аясында әлгі үш өңірде жаңадан радиотелевизиялық станциялар (РТС) салынды, сондай-ақ ескілері модернизациядан өтті. Жалпы саны осындай 144 РТС бүгінде аталған облыстарда тұратын жалпы халықтың 99,8 пайызын сапалы отандық арналармен қамтып отыр.

Амангелді Серікұлы биыл Павлодар, Алматы және Қостанай облыстары бұл игілікті толықтай иеленетінін айтады. Яғни бізде де сондай шаралар деріне жеткізіліп атқарылды. Ендігісін аналогты хабар тарататын станциялардың жұмысын тоқтату ғана қалды. Ал цифрлық эфирлік хабар тарататын РТС-тер барлық аймақта қазірдің өзінде қызмет етіп тұр. Айтып өткен абзал, аталған үш облыс бойынша жалпы саны 1784 елді мекен үшін 178 РТС-тің жаңартылатыны жаңартылып, жетпегені жаңадан салынған.

Толықтай алғанда ЦЭХТ-ды енгізуге біздің облыс 100 пайыз дайын отыр. Қазіргі сәтте өңірдегі 385 елді мекеннің 356-сы жаңа форматтағы хабар таратумен қамтылған. Өңір бойынша заманға сай 29 РТС бар.

- Ауылдарда жаңа кескіндегі 15, қалаларда 27 отандық арна көрсетіп тұр. Дей тұрғанмен, цифрлық эфирлік телехабар тарату желісімен қамтылмаған елді мекендер де бар, олар Отау ТВ ұлттық жерсеріктік телевизиясына қосыла алады. Мұндай елді мекендер саны – 29, бұл ауылдарда шамамен 2 231 отбасы тұрып жатыр. ЦЭХТ қолжетімді болмай тұрған елді мекендердің көбі Баянауыл ауданына тиесілі. Таулы жер станциялардың емін-еркін хабар таратуына көп жағдайда бөгет тудырады. Әрі жер аумағында халық сирек қоныстануына байланысты жаңа РТС-тарды мұнда жыпырлатып орната беру экономикалық тұрғыдан аса тиімді емес. Бүгінгі сәтте әлгіндей 1600 отбасының Отау ТВ-ға қосылғаны анықталып отыр. Жалпы облыс бойынша жерсеріктік жүйенің 45 000 абоненті бар, - дейді А.Серікұлы.

Халыққа септесіп отыр

Мамандар цифрлық телевизияға көшу мен оның мүмкіндіктері туралы халық арасында аз айтып жүрген жоқ. Бүгінде «Қазтелерадио» АҚ облыстық филиалы мен облыстың ішкі саясат басқармасы және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, ауыл-ауылдарды аралауда. Кездесулер көбіне ұлттық хабар тарату жүйесі нашар деңгейде жетіп тұрған шалғай жерлерде ұйымдастырылып, ақпараттық-түсіндіру шаралары жүргізілуде. Топ мүшелері әр үйге барып, цифрлық арналардың мүмкіндігін түсіндіріп, қажет болса тұсаукесер шараларын көрсетеді. Әрі ақпараттық парақшалар мен түрлі буклеттер де көптеп таратылуда.

Соңғы уақыттағы осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесі өз жемісін бере түсуде. Өңірдегі атқарушы органдармен бірлесудің арқасында атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылардың біразы жаңа кескіндегі арналарды қабылдайтын цифрлық құрылғылармен қамтылыпты. Мәселен, Ертіс ауданы бойынша 21 отбасы ЦЭХТ-ға қосылған. Ал қалған өңірлер бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатындар аналогты хабар тарату өшірілгенше қабылдағыштармен толықтай қамтылады деп күтілуде. Бұл жоба аудандардың жергілікті бюджеті арқылы қаржыландырылуда. Айтпақшы, үйдегі теледидары ескі тұрғындар (2013 жылға дейін шығарылған теледидарлар цифрлық арналарды қабылдай алмайды) цифрлы қабылдағыш сатып алуға шамалары келмесе «Қазтелерадио» АҚ-ның облыстық филиалындағы сатулар бөлімшесіне немесе интернеттегі сайтына өтініш қалдыра алады. Акционерлік қоғамдық жергілікті билік өкілдерімен бірлесе отырып, әлгіндей отбасыларға мүмкіндік шегінде көмек көрсетеді.

Жаңа жүйеге көшу қиын ба?

Қазақстан халықаралық тәжірибелерге және өзге елдердегі ЦЭХТ-ға көшу қорытындыларына иек арта отырып, көптеген мәселелердің алдын алуға тырысуда. Мәселен, жұртшылықты цифрлық қабылдағышпен қамтуда дүрбелеңге жол бермеу айрықша ескерілуде. Сауда нүктелеріндегі әлгіндей абоненттік жабдықтардың сатылымда болуына үнемі мониторинг жүргізіліп, бағасы бақыланады. Қабылдағыштардың қат дүние болып кетпеуі де үлкен жауапкершілікті талап етеді, - дейді мамандар. Себебі оның бағасы шарықтап, кейбір алыпсатарлар пайда көзіне айналдыруы ғажап емес. Салдарынан көпшіліктің цифрлық телехабар таратуға көшуге қатысты сенімдеріне селкеу түсуі ықтимал. Қоғам арасындағы осындай дүрбелең, алаңдаушылықтардың алдын алмай болмайды.

Жалпы алғанда әлем бойынша аналогты таратуды өшіру көп қиындыққа ұрындырады екен. Бірде-бір мемлекет оны бір сәтте тоқтатып, цифрға көше салмаған. Украина мен Қырғызстан елдері жаңа жүйеге өту барысында көптеген проблемаларды бастан кешірді. Сондықтан осы кемшіліктер мен мәселелердің барлығын Қазақстан есепке ала отырып, кезең-кезеңмен көшу бағдарламасын қабылдады.

Біздің елімізде аналогты сигнал өңірлерде кезегімен өшіріліп, цифрлық эфирлік хабар тарату құрылғылары бір мезгілде салынуда. Мұндай тәсілдің әлеуметтік-практикалық маңызы аса зор. Өзге елдердің тәжірибесі көрсеткендей, халықтың жеткілікті деңгейде ақпарат алмауынан цифрлық форматқа өту жағымсыз құбылыс ретінде қабылдануы мүмкін. Мамандар осы жайтты басты назарға алып отыр.

Амангелді Серікұлының сөзінше, аналогты сигнал жіберетін теле-жабдықтар моральдік тұрғыдан әбден ескірген. Оларға қосалқы жабдықтар мүлде шығарылмайды. Сондықтан оларды әрі қарай пайдалану - ойға сыймайтын жайт. Ал цифрлық технологиялардың уақыт сайын жаңартылып, дамып жатқанын ескерсек, оның болашағы зор екенін пайымдай аламыз.

Дей тұрғанмен, цифрлық сигнал тарататын жабдықтар күрделі әрі сәйкесінше қуат алатын көздер қажет. Заманға сай технологияларды қашықтықтан басқаруға болатыны біраз жұмысты жеңілдетеді. Дегенмен олардың тарату аймағын кеңейту мақсатында арнайы таратқыш діңгектер орнатылып, жабдықтардың қалыпты температурада сақталуы үшін қымталған орындар қарастырылуы керек. Бұған қоса адам аяғы сирек басатын аумақтарда жаңа РТС-тер құру көптеген қиындықтарға ұрындыратыны да анық.

Мәселен, Жамбыл облысындағы «Батыс» деп аталатын станцияның бірі теңіз деңгейінен 3500 метр биікте орналасқан. Станция өте биік жерде орналасуына байланысты қызмет көрсетуші мекеменің қызметкерлері ол жерге қыста атқа мініп барады екен. Мұндай станцияларды штаттан тыс жағдай орын алмаса қашықтықтан басқара беруге болады.


Біздің кеңес:

Үйіңіздегі кез келген теледидар цифрлық арналарды қабылдауға қауқарлы. Арналарды қабылдаудың екі жолы бар:

Бірінші жолы: Егер теле-дидарыңыз сұйық кристалды (ЖК, LED, OLED) немесе плазмалы болса әрі ол 2013 жылдан бері шығарылған құрылғы болса, еш қиындық жоқ. Мұндай теледидарларда цифрлы қабылдағыштар, яғни DVB-Т2 стандартында жұмыс істейтін қосалқы функциялар қарастырылған. Кәдімгі далалық немесе үйішілік антеннаны құрылғыңызға жалғап, теледидарыңыздағы баптағыш мәзірде (меню) «Тек цифрлы арналар» деген команданы таңдайсыз. Әрі қарай теледидар автоматты түрде цифрлы каналдарды өзі тауып, шығарып береді. Қалалы жерлерде мұндай арналардың саны – 27, ал ауылдарда – 15.

Екінші жолы: заманауи, бірақ 2013 жылдан ерте шығарылған немесе тыл жағы томпайған ескі «жәшік» теледидарлар жаңа стандарттағы арналарды тек арнайы құрылғылар арқылы ғана қабылдайды. Ондай құрылғылар «Цифрлы қабылдағыш» деп аталады.

Қабылдағыштың бір ұшына кәдімгі антеннаны жалғап, екінші ұшын теледидарға қоссаңыз болғаны, цифрлы арналардың автоматты түрде жіліктеп, экранға шығарады. Мұндай құралдардың бағасы облыстағы сауда нүктелерінде 3700 теңгеден басталатынын еске салайық.


Тобықтай түйін:

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалып жатқан эфирлік тарату бағытындағы жұмыстардың мақсаты – халыққа сапалы және көп арналы отандық хабарды жеткізу. Ауылдарда отандық арналар саны 3-4 есеге өсіп шыға келетінін ескерсек, мұндай қолжетімділікке өту елдің шекара маңындағы аумақтарында тұратын тұрғындар үшін өте маңызды. Өйткені көп үйлер көршілес елдердің жерсеріктік телевизиясына қосылып, барлық ақпаратты солар арқылы алып отыр. Бұл – біздің ақпараттық қауіпсіздігімізге үлкен нұқсан. Өзгенің телевизиясын қарауға мәжбүр болып отырған азаматтарымыз енді отандық 15 арнаны шектеусіз көріп, шетелдік телеөнімдерден біржола бас тарта алады.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz