Мұндай зиянды шөп көбінесе жер үйлердің ауласында, теміржолдар мен автожолдардың жиегінде қаулап өседі де, қоршаған ортаға пайдасы бар басқа табиғи өсімдіктерді басып кетеді. Қазіргі күні осы циклахена арамшөбін жою мәселесі қарастырылуда.

Жақында облыс әкімі Болат Бақауов облыстық карантиндік зертханада жергілікті биологтармен, экологтармен және аллерголог дәрігерлермен кездесіп, арамшөптерді жою жолдарын талқылады. Республикалық «Фитосанитарлық диагнос-тика және болжамдар әдістемелік орталығы» облыстық филиалының жетекшісі Владимир Панковтың пікірінше, циклахена шөбі біздің өңірде 40 гектарға жуық аумаққа өседі екен. Бірақ, кейбір биологтар бұл көрсеткіш бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін алға тартуда. Себебі, бір Кенжекөл ауылының өзінде циклахена «жаулаған» жердің көлемі 20-25 гектарды құрап жатыр. Ал өңірі-міздегі «Берегиня-БИО» үкіметтік емес ұйымының сарапшысы, эколог Татьяна Пономареваның сөзінше, қазіргі таңда арамшөпті жою жолдары мен технологиясы әзірленуде.

- Бұл солтүстікамерикалық циклахена деп аталады. Ертіс жағалауындағы елді мекендердегі үйлердің барлығының ауласына өседі. Сонымен қатар, қалалық жерлерде автожолдар мен теміржол тораптарын жағалап шығады. Мұның зияны адамға ғана емес, пайдалы табиғи өсімдіктерге де тиеді. Яғни, мұндай арамшөп көп жайлаған жерлерде мал азығы да өспейді, егін де сала алмайсыз. Екіншіден, бұл - өте аллергендік өсімдік. Көп адам аллергияны жусаннан пайда болды деп жатады. Негізі, мұндай аурудың 99 пайызын осы циклахена шөбі тудырады. Сондықтан осы маусымның соңына қарай аталған арамшөп түрін шабу немесе дезинсекциялау жұмысын жүргізу керек, - дейді Татьяна Пономарева.

Кездесу барысында облыс әкімі Болат Бақауов бұл бағытта жаңаша жұмыс жасау керектігін айтты. Яғни, алдымен мұндай арамшөп түрі облыс көлемінде қанша аумақта өсетінін анықтап алу керек. Бұл – аймақтағы әрбір аудан және ауыл әкімдерінің құзырында.

- Арамшөптердің алдын алу мәселесін осыдан бір ай бұрын көтерген едік. Сондықтан бұл - біздің назарымыздағы тақырып. Негізі, көпшілік оның аллергия туғызатын зияны бар екенін біле бермейді. Бірақ, қазір осы циклахен шөбі қанша аумақта өсетіні белгісіз. Алдағы уақытта аумағын анықтап алып, содан кейін оны жою жолдарын қарастырамыз. Бізді алаңдататын тағы бір мәселе – облыста аллерголог дәрігерлердің жетіспеушілігі. Негізі, әрбір 50 мың адамға бір дәрігер болуы тиіс. Бірақ, бізде бар-жоғы үш маман ғана жұмыс істейді. Сондықтан осы мәселені де шешуіміз керек, - деді Болат Жұмабекұлы.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz