Халықаралық жасыл технология- лар және инвестициялық жобалардың орталығынан келген өкілдер облыс әкімі Болат Бақауовпен кездесті. Олар елімізде жасыл экономиканы дамыту және экологияны қорғау саласында қолға алынған жұмыстар туралы баяндады.

- Павлодар облысына келген мақсатымыз айқын. Өйткені, мұнда көптеген өнеркәсіп орындары шоғырланғаны белгілі. Ал біздің орталықтың мақсаты - Қазақстанның жасыл экономикаға жылдам өтуіне, сондай-ақ, қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтардың көлемін азайтуға мүмкіндік беретін технологияларды зерттеу. Тек бұл ғана емес, сонымен қатар, біздің экономика «жасыл» технологияға өткен жағдайда кадрлар мәселесін шешу жолында да жұмыстар атқаратын болады, - деді халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының ғылым және білім беру саласындағы бас сарапшысы Гүлбазар Медиева.

Бұл орталық Қазақстанда «жасыл» технологияларды енгізудің драйвері болып, Орталық Азияның климаттық жағдайында технологияларды локализациялау үшін институционалдық базаны дамытуды және инвестиция тартуды қамтамасыз етеді. Аз ғана уақыт ішінде орталық Австрия, Германия, Дания, Ресей, Қытай, АҚШ, Жапония және Корея сияқты мемлекеттердің алдыңғы қатарлы «жасыл» ұйымдарымен келісімге қол жеткізген. Бас сарапшының айтуынша, «EXPO-2017» көрмесінен кейін «жасыл» экономиканы дамыту бағытында 133 жоба жүзеге асырылуда. Оның 105-і шет елдердің жобалары болса, қалғаны - қазақстандық. Қазіргі уақытта еліміз ұсынған жобалардың өндірісте қалай енгілізіп жатқанын жүйелі түрде қада-ғалау мақсатында орталық еліміздегі 12 облыспен тығыз байланыс орнатқан.

Бүгінде біздің өңірдегі 11 кәсіпорынды зерттеу жұмыстары басталған. Гүлбазар Медиева жасыл экономиканы дамыту үшін қандай технологияларды пайдалану керектігі жөнінде әрдайым ұсыныс айтуға дайын екенін айтты. Мәселен, өңіріміздегі 30-40 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындардағы негізгі құралдардың тозуы «жасыл» технологияларды қолдануда басты кедергі болып табылады. Сондықтан мысал ретінде мұндай кәсіпорындардағы пештердің сүзгісін немесе басқа құрылымдарды ауыстыруға тура келетінін айтты.

«Жасыл» экономиканың даму бағыттарының бірі геотермалды энергияны пайдалану болып табылады. Геотермалдық энергетика дегеніміз энергияны жердің ішкі жылуынан алу. Геотермалды энергетика табиғи және жасанды болып бөлінеді. Алғашқысы табиғи жылы көздерден алынса, екіншісі жер қабатына суды және басқа сұйықтарды және газ тәрізді заттарды айдап сіңіруден алынады. Геотермалды энергетика тұрмыстық қажетте және жылыту қондырғыларында кең қолданылады. Қазір елімізде бұл энергияның шамамен жеті пайызы пайдаланылады. Бұл ретте облыс әкімі Болат Бақауов біздің өңірде осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

- Біз «жасыл» экономика, әсіресе, геотермалды энергияны пайдалануға әр кез қызығушылық танытамыз. Бүгінде жаһандық үрдістер біздің алюминийді сатылымға шығара алмайтынымызды білдіреді. Себебі кейбір өнімдер жасыл технологияларды қолдану арқылы өндірілуі тиіс. Сондықтан біз сіздердің осы салалардағы бастамаларыңызды қолдаймыз. Алдағы уақытта бірге жұмыс істейміз, - деді Б.Бақауов.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz