Екі айға созылған сайлау науқанының ресми қорытындысын Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен хабарлады.

Оның баяндауынша, облыстық, респуб-ликалық маңызы бар қалалардың және астананың сайлау комиссияларының дауыс-тарды санау нәтижелері туралы хаттамалары Орталық сайлау комиссиясына толығымен келіп түскен. Оның қорытындысы бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны 9 млн. 274 мың 034 адамды құраған.

Сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны 105 612 немесе сайлаушылардың 0,88 пайызы болған. Ал жарамсыз деп танылған сайлау бюллетеньдерінің саны 71 624 немесе барлық бюллетеньдердің 0,59 пайызын құраған. Сонымен қатар жойылған бюлле-теньдердің саны – 793 010.

– «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 66-бабы 2-тармағы 1-тармақшасына сәйкес, сайланған Республика Президенті болып дауыс беруге қатысқан сайлаушы-лардың 50 пайызынан артық дауыс алған кандидат танылады. Осы нормаға сәйкес, хаттамалар негізінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сайланған Президенті болып танылды. Қ.Тоқаевтың кандидатурасы үшін сайлаушылардың 6 млн. 539 мың 715 дауысы берілді немесе дауыс берген сайлаушылардың 70,96 пайызы жақтады, – деді Л.Сүлеймен.

– Бүгін біз соңғы екі айға созылған сайлау науқанын қорытындыладық. Барлық деңгейдегі сайлау органдары Қазақстан Президентінің 2019 жылдың 9 маусымына белгіленген Президенттің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі Жарлығын орындады. Сайлаудың соңғы нәтижелері айқындалды, Қазақстан Президенті сайланды. Барлығыңызды осы маңызды мемлекеттік оқиғамен құттықтаймын, – деген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сөзінің соңында сайлауды ұйымдастырушыларға, ұлттық және халықаралық байқаушыларды сайлау үдерісінде ашықтық пен транспоренттілікті қамтамасыз еткені үшін, ал белсенді сайлаушыларға позициялары үшін алғыс білдірді.

 

Egemen.kz

saryarka-samaly.kz