Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына әкелінген соң, жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді. Президенттің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік Әнұран ойналып, 21 дүркін зеңбіректер атылды. Ақорда резиденциясының үстінде ҚР Мемлекеттік Туы көтерілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау салтанатында ең әуелі өзіне зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтты.

- «Сайлау - бұл қатысушылардың пікірі ғана жеңіске жететін жарыс» - дейді. Расында, әділ пікір. Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Сондықтан, бұл жеңіс - халқымыздың жеңісі! Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау - менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін!

Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Шын мәнінде, халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы - заңды, орынды. Себебі, қазіргі дамыған Қазақстан - бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы. Елбасы - қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол - жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу - бәрімізге ортақ парыз, - деді Президент.

Қ.Тоқаев өзінің саяси платформасы ел тұрғындарының сұраныстарына орай жүзеге асатынын жеткізді. Ең әуелі Қазақстанның үшінші жаңғыруын, бес институционалды реформа мен өзге де маңызды стратегиялық құжаттарды жүзеге асыруға басымдық беріледі. Еліміз тұрақты дамудың жаңа кезеңіне өту үшін тың тәсілдер мен жаңа шешімдер қажет. Бұл бойынша алдағы уақытта жаңа бағыттар жарияланады.

Екіншіден, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу, мейлінше мұқтаж азаматтарға көмек көрсету көзделеді. Ел билігіне әлеуметтік саясатты жаңарту керек. Үшіншіден, отандық кәсіпкерлерді қолдауға, инвестициялар тартуға және оларды қорғау, іскерлік белсенділікті ынталандыруға, бұл бойынша кеңауқымды орта тап құруға мән беремін, деп уәде етті Мемлекет басшысы.

- Бүгін халықты, ең алдымен не мазалайды? Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді. Халықты толғандырып отырған басты мәселе - табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық - біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін ортамерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет.

Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі - көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек.

Келесі өзекті мәселе - халықты сумен қамтамасыз ету. Таза ауызсу әрбір үйде, әрбір отбасында болуы - міндет. Тағы бір маңызды, халықты мазалайтын мәселе. Бұл - жолдардың сапасы. Сол себепті автожол-дардың жағдайын жақсарту - біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі, - деді Қ.Тоқаев.

Ел азаматтарын билік пен қоғам арасындағы диалогтың дамуы айрықша алаңдататыны мәлім. «Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жөн деп шештім. Оның құрамына барлық бірлестік өкілдері мен жастар енеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы осы жылдың тамыз айында өтеді. Билік халыққа берген барлық уәдесін орындауы тиіс», - деді Президент ұлықтау рәсімінде.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы келесідей маңызды бағыттарға баса мән беруіміз керектігін атап өтті.

Бірінші бағыт. Халықтың табысын арттыру. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін Экономикалық өсім болуы тиіс.

Екінші бағыт. Сыбайлас жемқорлықты жою. Бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады.

Үшінші бағыт. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Сот - заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы - бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті - халықтың сеніміне ие болу.

Төртінші бағыт. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі - бұл стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет.

Бесінші бағыт. Тұрғын үй мәселесін шешу. Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды.

Алтыншы бағыт. Әділетті әлеуметтік саясат. Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта, ең алдымен, не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар. Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз.

Жетінші бағыт. Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары. Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім: Қуатты аймақтар - Қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз.

Сегізінші бағыт. «Рухани жаңғыру» құнды-лықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс - мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады.

Тоғызыншы бағыт. Қазақстан әлемдік аренада үлкен абырой жинады. Біз конструктивті, үйлесімді, көпвекторлы бағытты жалғастырамыз. Әлемдік аренада ұлттық мүддені қорғайтын боламыз. Елдің сыртқы саясатының жұмысы елге, ұлттық бизнеске, әрбір азаматқа пайда әкелетін болады.

- Ал оныншы бағытты жас ұрпаққа арнап айтқым келеді. Сіздер ең үлкен армандарыңызды іске асыруларыңыз қажет. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» атты арнайы жоба іске қосылды. Біз жастардың бизнес бастамаларын іске асыруға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасын қолға алдық. Жастардың StartUp-тарын қолдай береміз, - деді Президент.

Сөз соңында Қ.Тоқаев алдымызда ауқымды жалпыхалықтық міндеттер тұрғанын, оларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар еліне айналатынын айтты. Алдымыздағы барлық қиындықтарды бірге еңсеріп, қуатты әрі гүлденген Қазақстанның өркендеуі үшін барша халықты бірге еңбек етуге шақырды.

 

Әзірлеген – Мұрат ҚАПАНҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz