103 қызметінің 6-бекеті облыс орталығынан 45 шақырым жерде іске қосылды. Жедел жәрдем бекетінің жұмысымен танысып, ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов ақ желеңділердің жұмысына сәттілік тіледі.

- Павлодар өңірі - Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқаулығын алғашқылардың бірі болып орындаған елдегі алғашқы аймақ. Біз осы ісімізбен мақтана аламыз. Енді облыс аумағында 6 бағытта қызмет ететін өзіміздің жедел жәрдем пунктіміз бар. Адам өміріне арашашы болуда дәрігерлер үшін әр секундтың маңызды екенін білеміз. Сол себепті, жедел көмек көрсетудің сапасын арттыруды назарда ұстаймыз. Бұған дейінгі тәжірибеге сүйенсек, 103 қызметі кез келген бағытқа 12 минут ішінде келіп, жедел көмек көрсетіп жүр, - деді А.Оралов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Ержановтың айтуынша, өңірде ашылған 6 жедел жәрдем пунктінде 48 жаңа жұмыс орны ашылған. Мұндағы әрбір учаскеде екі бригада жұмыс істейді. Яғни, төрт медициналық көмекші мен төрт жүргізуші бар. Олардың біреуі кезекші, екіншісі алғашқы қоңыраудан кейін бес минуттан соң базаға өтеді.

- Әр бекетке берілген 2 жедел жәрдем көлігі заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтармен толықтай жарақталған. Санитарлық көліктердің барлығында қоңырауларды қабылдайтын смартфон, дефибриллятор, кардиометр, жасанды респиратор бар және дәрі-дәрмек жеткілікті. Бұдан былай басқарма тағы қандай бағыттар бойынша жедел жәрдем бекеті қажет екендігін бақылайтын болады. Мүмкін, Астана-Қарағанды бағыты бойынша ашылып қалар, - деді Е.Ержанов.

Айта кетелік, бұған дейін 103 қызмет көрсету бекеті республикалық және облыстық тас жолдардағы Павлодар ауданының Новоямышев, Чернорецк, Розовка, Аққулы ауданының Шарбақты, Ақсу қаласының Қызылжар ауылдарында ашылған болатын.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Хмельницкий ауылы, Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz