Халықтың тоқтығы Жер-Анадан нәпақасын табатын шаруалардың еңбегіне байланысты екені анық. Сондықтан көктемде диқандар күн-түн демей тер төгеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Шұғаевтың айтуынша, өңірімізде 1 млн. 384 мың гектарға егін егілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Ал көктемгі егістің көлемі - 1 млн. 93 мың гектар шамасында. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 42,9 мың гектарға, яғни 4 пайызға жоғары. Алқаптарды әртараптандыруға жыл сайын мән берілуде, дейді басқарма өкілі.

Егіс алқаптарының құрылымына келетін болсақ. Биыл 712 мың гектарға дәнді дақылдар, 223,1 мың гектарға майлы дақылдар, 60,9 мың гектарға біржылдық шөптер дәні себілген. Одан бөлек, көпжылдық шөптер мен сүрлем дақылдары да егіліпті.

Шаруалар 7,6 мың гектарда көкөніс, ал 2,9 мың гектар алқапта бақша дақылдарын өсіруді жөн көрген. Ағымдағы жылы да картоп ағыл-тегіл болады деп күтілуде. Бұл өнім түрі 18,7 мың гектарға отырғызылмақ. Былтырдың өзінде алған түсім облыс қажеттілігінен 3-4 есеге асқаны белгілі. Бұл ретте, М.Шұғаев картоптың көптігі артық етпейтінін, шаруалар аймақ қажеттілігінен асқанын сатып, пайда көретінін атап өтті. Сонымен қатар, облысымызда крахмал зауыты бой көтерсе, картопты өңдеу ісі алға басады деп болжануда. Қант қызылшасын өсіруге қатысты да ой айтылды. Тәжірибе жүзінде 11 шаруашылықта егілген бұл дақылдың өңірімізде қаншалықты өнімді болатынын биылғы күз көрсетеді. Алғашқы өнім көңілге қонымды болса, әзірге оларды Ресей мен Оңтүстік Қазақстанға сату көзделген. Кейіннен аймағымызда құрылысы жоспарланып отырған қант өндіру зауытына өткізу жоспарланған.

Диқандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жайы да айтылды. Биыл өсімдік шаруашылығын қолдауға жалпы сомасы 2,9 млрд. теңге көлемінде субсидия берілген. Тарқатып айтсақ, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға 700 млн. теңге қарастырылса, соның 448 млн. теңгесі шаруаларға төленіпті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге гербицидтердің құнын арзандатуға 227 млн. теңге төленген. Негізі, бұл мақсатқа облысымызға 900 млн. теңге қарастырылған көрінеді. Тұқым шаруашылығын қолдау да шет қалмаған. Оған 1 млрд. 322 млн. теңге бөлініп, оның 628 млн. теңгесі диқандарға жеткен.

Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Агробизнес» және «Кең дала» бағдарламалары бойынша шаруалар несие алуда. Бүгінде жалпы сомасы 2,9 млрд. теңгенің 113 несиесі беріліпті.

Жанар-жағармаймен қамту жұмысы да тыңғылықты жүргізіліпті. Аймағымызға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 18,6 мың тонна дизель отыны бөлінген. Оператордың қызметін қосқанда шаруаларға дизельді отынның бір литрі 167 теңгені құраған.

Диқандар өнімді молынан алудың әрі көктемгі, күзгі дала жұмыстарын барынша жылдам аяқтаудың кепілі – жаңа техникалар екенін жақсы түсінді, дейді М.Шұғаев. Оның дәлелі - биыл «ҚазАгроҚаржы» арқылы лизингпен ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары көптеп алынып жатқандығында. Мәселен, биыл 4,7 млрд. теңгеге мұндай техникалар мен жабдықтардың 136 бірлігі алыныпты. Қазіргі таңда аймағымыздағы ауыл шаруашылығы техникалары паркінің 30 пайызы жаңартылған.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz