Куәлігін ауыстырды

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірдегі акция жан-жақты деңгейде ұйымдастырылды. Бұл ретте «Аулада қабылдау» шарасы да өткізілді. Облыс орталығындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 20, Максим Горький көшесі, 41, Ак.Шөкин көшесі, 157/2 және Айманов көшесі, 46-үйлердің аулаларында тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігі, әкімшілік заңнаманы сақтау мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады.

Акцияның алғашқы сағатында облыстық полиция департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров 6 адамның мәселесін тыңдады. Олардың қатарында Бахтияр Баяхметов те болды. Ол 1987 жылы алған жүргізуші куәлігін ауыстыра алмай жүргенін айтты. Амантай Әубәкіров оған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тапсыруға тиіс құжаттар тізімін ұсынды. Қызметкерлердің жедел әрекеті нәтижесінде Б.Баяхметов бар-жоғы 10 минуттың ішінде жаңа жүргізуші куәлігіне ие болып, тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

Айыппұл төледі

Акция кезінде Николай есімді қала тұрғынының мәселесі де өз шешімін тапты. Ол «Batyr Mall» ойын-сауық орталығының алаңында өткізілген шараға қатысу арқылы төленбеген айыппұлы барын білді. Мамандардың көмегі арқылы бірнеше минуттың ішінде электронды түрде мойнындағы қарызын төледі. Осылайша, отбасымен бірге шет елге демалуды жоспарлап отырған Николай жолға шығуға бөгет болатын мәселені оңай әрі жылдам шешті. Бұдан бөлек, қала тұрғыны Радченко Михаил Ресей Федерациясынан келген жұбайының шаһарда қалу уақытын ұзартуды сұрады. Әйелі ауырып қалғанына байланысты жолға шыға алмайды екен. Мамандар оның денсаулығын ескере отырып, қалада қалу мерзімін 2 айға ұзартты.

Тыныштықты бұзғандар жазаланды

Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 20-үйдің ауласындағы қабылдауға келген қала тұрғыны Александр Горостовский тұрғындардың тыныштығын бұзатындарды жазалау үшін қайда хабарласу керектігін сұрады. Полиция майоры Мақсат Сариннің сөзінше, түнгі сағат 23.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейін жұрттың мазасын алу заңбұзушылық болып саналады. Мұндай әрекетке жол бергендерді жазалау үшін 102 нөміріне хабарласу қажет. Бұл күні тұрғындардың шағымдарына сәйкес, тұрғылықты мекені жоқ 2 адам анықталып, олардан жауап алынды. Сонымен қатар, отбасының берекесін қашырған Ақсу қаласының тұрғыны мәжбүрлі түрде арнайы емдеу мекемесіне жіберілді. Бұдан бөлек, ауқымды шара кезінде облыстық полиция департаментінің «Инстаграм» әлеуметтік парақшасының 1000-ға жуық тіркелушісі онлайн режим арқылы мазалған сұрақтарына жауап алды.

Қала-аудандардағы акция

Екібастұз қаласындағы «Аулада қабылдауға» 40-қа жуық тұрғын қатысты. Акция арқылы сонау Кеңес үкіметі тұсында алған төлқұжатын жаңа куәлікке ауыстырғандар да кездесті. Железин ауданы орталығында ұйымдастырылған акцияға да жергілікті тұрғындар белсене қатысты. Шара кезінде жүргізуші куәлігі, жол белгісі, көші-қон заңнамасы, кәмелетке толмағандардың ісі, әкімшілік айыппұл бойынша 15-тей адамның мәселесі шешілді. Ал Ертіс ауданында өткен шарада Ресей Федерациясының азаматтары көмек сұрап келді. Бұл ретте Сергей Добрелин мен Ольга Добрелина шекарадан өтуге рұқсат сұрады. Олардың мәселесі көші-қон қызметінің әрекетімен 5 минуттың ішінде шешілді.

Павлодар ауданында полиция майоры Айбек Рақышев 2 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған Сұнғаш Темірғалиевке куәлігін қайтаруға көмек көрсетті. Осылайша, аймағымызда «Жолдағы қабылдау» шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тіпті, тәртіп сақшыларының құзырына жатпайтын сауалдар да түсті. Павлодарлық Виталий Василишин Павлов көшесі, 96/5, 96/6 тұрғын үйлердің аулаларында балалар ойын алаңы жоқ екенін айтты. Полицейлер бұл мәселе бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласты. Ондағы мамандар бұл мәселе бойынша қалалық әкімдік қаржы қарастырылғанын, құрылыс жұмыстары жүргізілетінін айтқан. Шара кезінде тұрғындар ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz