Қажымұрат Құсанұлы Смағұлов 1939 жылдың 20 тамызында Ресейдің Новосібір облысы, Қарасуық ауданы, Жоғары Баян ауылында туған. Орта мектептен соң Павлодар педагогикалық училищесінде ұстаздық білім алған, 1967 жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Кәсіби журналист ретінде алдымен қазіргі Аққулы және Май аудандарының газеттерінде жұмыс істеп, кейін облыстық «Қызыл ту» газетіне келді. Жалпы, журналистика саласында 40 жылға жуық еңбек етіп, «Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі» атағын алды. Негізі, Ертіс-Баян өңірінде әдебиеттің сатира жанрында қалам тербеп, көзі қарақты оқырманға әзіл-оспағымен танылған қаламгерлердің қатары саусақпен санарлық. Қаламгер облыстық «Қызыл ту» газетінде «Қышқыл күйіс, мысқыл мүйіс» айдарын жүргізіп, қоғамның небір келеңсіздігін әзіл арқылы жоғарыға жеткізіп отырған. Бұдан бөлек, «Жазықсыздар», «Тағдырлар», «Батырлық туралы жыр» атты үш дастан жазған. Сонымен қатар, «Қалжыңдауға қалайсыз?» және «Бәрін де біліп жүрміз!» атты екі кітабы жарыққа шығып, оқырманнан өз бағасын алды. Қажымұрат ағамыз тірі болса биыл 80 жасын дүркіретіп тойлар едік. 2009 жылы 70 жасқа жетпей, мына дүниемен мәңгілікке қош айтысты. Еске алу кешіне жиналған әріптес інілері қаламгерлік қабілетін және бірге жүрген уақытта көрген ағалық қамқорлығын сөз етті.

– Қызмет бабында Қажымұрат ағаның жақсылығын көп көрдім. Жұмыста да, өмірде де ағалық ақылын айтып, қажет кезде ескерту жасап отыратын. Журналистикаға алғаш келген кезде қателігімізді бүкпесіз ашық айтып жүрді. Газетте жүрген кезінде іссапармен таңертең кетіп, кешке келсе де мақаласын жазып алып келетін. Содан кейін ертеңінде тағы да іссапарға кетіп бара жатады. Қажекеңнің шығармашылығы сатирамен ғана өлшенбейді, өлеңдері де өрелі еді, - деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов.

С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, белгілі сазгер Назымбек Дүкенбай Қажымұрат Құсанұлының 40 шақты өлеңіне ән шығарған екен. Арасында балаларға арналған туындылар да бар. Сазгер кейінірек Қажымұрат ағаның сөзіне жазылған әндерді топтастырып, «Жүректен шыққан әуендер» деп аталатын бір кітап шығарыпты. Жинаққа өлеңнің мәтіні мен әннің нотасы бірге басылған. Қажағаңның өлеңдеріне белгілі сазгер Қайырбек Сәтиев те ән жазған. Мысалы, «Сарбаздар маршы», «Ақшиман - ардағым», «Ардақты аға» сынды әндер тыңдарман жүрегінен орын алған.

- Қажекең екеуіміз жақсы дос бола білдік. Маған талай өлеңін арнады. Екеуіміздің шығармашылық байланысымыз өте тығыз болды және үйлесім таба білді. Мысалы, мен қандай тақырыпта ән шығарғым келсе, бірден Қажымұратқа айтамын. Ол сөзін жазады және саз бен сөзі бір-біріне құйып қойғандай келе қалады, - дейді өз естелігінде сазгер Назымбек Дүкенбай.

Қажымұрат Смағұл даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаев туралы «Батырлық туралы жыр» атты поэма жазған екен. Шара барысында батырдың ұлы Мұрат Қайырбаев сөз сөйлеп, әкесінің есімін асқақтатқан ақын рухына тағзым етті. Сондай-ақ, осы шараның қадірлі қонақтары – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүлеймен Баязитов, Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі Ақын Алақанұлы, Павлодар облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Мұхит Омаров, ардагер журналист Социал Әйтенов, облыстық «Халық радиосының» редакторы Жұмабек Сманов, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаевтар кеш кейіпкерінің адамгершілік қырларын және шығармашылық жетістіктерін тілге тиек етті. Сонымен қатар, марқұмның ұлы Дәулен Смағұлов бастаған бірқатар жақын туыстары сөз сөйлеп, ол кісінің отбасында қандай жар, қандай әке болғанын еске алды.

Қаламгердің биылғы 80 жылдығына орай еске алу кешін ұйымдастырып, марқұмның рухына зор құрмет еткен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ұжымына алғыс білдіреміз.


Салтанат СМАҒҰЛОВА, қарындасы:

- Мен Қажымұрат Смағұлдың ағасы Тоқтарбайдың жалғыз қызымын. Ағамыз ойындағысын тура айтатын шыншыл адам болды. Осы қасиетін жақын туыстары да жақсы білетін және сол мінезімен құрметтейтін. Бірақ, сыртқа қатал болып көрінгенімен, ерекше мейірімді, үлкен жүректі, кең пейілді жан. Оны туыстары ғана емес, әріптестері мен оқырмандары да ерекше құрметтеді. Міне, бүгінгі кеш - соның бір көрінісі. Осылай қадірлеп, қастерлеп еске алып жатқан облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымына және барша әріптестеріне отбасы мен туыстарының атынан алғыс білдіремін.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz