Спорттық шараның ашылу салтанатына С.Ермұратовтың замандастары, туған-туыстары және әріптестері қатысып, ардагер журналист туралы естеліктер айтты.

- Сәлімбай Ермұратов облыстық «Қызыл ту» («Сарыарқа самалы») газетінде еселі еңбек етті. Жұмысқа өте тиянақты жан еді. Одан соң телевидение мен радиода ұзақ жылдар жұмыс істеді. Әсіресе, радиодағы күнделікті жаңалықтарды әзірлеуде С.Ермұратовтың шеберлігі әріптестеріне үлгі еді. Әттең, тағдыр жазуымен ерте дүние салды, - деді Сәлімбай ағаның замандасы, ардагер журналист Социал Әйтенов.

Дүбірлі додаға облыс орталығындағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен қоса, Ақсу қаласынан және Шарбақты ауданынан спортшылар келіп, бақ сынады. Спорттық шараны ұйымдастыруға Сәлімбай ағаның туған-туыстары да белсене араласты.

- Ағам биыл тірі болса 70 жасқа толар еді. Ол саналы ғұмырында журналистиканың түрлі саласында еңбек етті. Арамыздан ерте кеткен асыл жанды естен шығармай, жыл сайын осындай дәстүрлі турнир ұйымдастыратын әріптестері – облыстық «Халық радиосы» ұжымына алғыс айтамын, - деді С.Ермұратовтың қарындасы Күнсұлу Рақымбайқызы.

Ерлер арасында өткен сайысқа 13 спортшы қатысты. «Ертіс Медиа» ЖШС-нің «Аналитикалық ақпарат» бөлімінің қызметкері Ерсайын Ертісбаев топ жарды. Жүлделі II орын облыстық «ERTIS» телеарнасының тілшісі Есенбек Санатұлына бұйырса, қола жүлдеге облыстық «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Асыл Әбішев ие болды. Әріптесіміз – облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі Алпысбай Хонж үздік бестікті қорытындылады.

Ал әйелдер (қыздар) арасында өткен сайыста облыстық «ERTIS» телеарнасының атынан қатысқан Марина Сахароваға тең келер ешкім болған жоқ. Марина - дәстүрлі турнирдің тұрақты чемпионы. Күміске Ақсу қалалық «Ақсу жолы» газетінің қызметкері Ақмарал Ерманат қол жеткізсе, облыстық «Сарыарқа самалы» басылымының тілшісі Мереке Амантай үздік үштікті түйіндеді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай және естелік сыйлықтармен марапатталды. Дәстүрлі турнирге қатысушы барлық спортшы сый- сыяпаттан құр қалған жоқ.

 

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz