Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдос Жақыповтың айтуынша, былтыр аймағымызда мал басын тұқымдық түрлендіру жұмыстарына 54,1 мың сиыр қатыстырылған. Биыл бұл көрсеткішті 58,9 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін қосымша 1851 бас асыл тұқымды бұқа қажет, дейді мамандар.

Мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамытудың негізгі алғышартының бірі – өндірістік бордақылау алаңдарын құру. Бүгінде облысымызда жалпы қуаты 13,4 мың бас малға шақталған барлығы 10 бордақылау алаңы жұмыс істейді. А.Жақыповтың сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта олардың санын арттыру бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, Аққулы ауданында «Ардақ» шаруа қожалығы 1 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салуды қолға алды. Бұдан бөлек, баянауылдық «МТС Жайма» ЖШС 1,5 мыңға шақталған мал семірту алаңын 3 мың басқа дейін кеңейтуге кіріскен. Ал Май ауданындағы «My Feedlot» ЖШС жаңадан 1,5 мың бас ірі қараны бордақылауға мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асыруда.

Ерекше атап өтерлігі, биыл шетелден асыл тұқымды мал әкелу жұмысы қарқын ала түсті. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде аймақ шаруалары 2011-2018 жылдар аралығында өзге мемлекеттерден 7,4 мың асыл тұқымды аналық мал басын сатып алған. Нәтижесінде, асыл тұқымды малдардың жалпы саны бұрынғы 7,4 пайыздан 13,4 пайызға артып, 54,9 мың басты құраған еді. Ал жыл басынан бері облысымызға шетелден 2 мыңнан астам ірі қара жеткізілген. Жыл соңына дейін тағы 8 мыңнан астам асыл тұқымды мал жеткізіледі деп жоспарланған. Бұл салаға айтарлықтай серпіліс алып келмек.

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығының маңызды бағыттарының бірі – шағын фермерлік шаруашылықтарды дамыту. Мемлекет тарапынан бөлінген субсидияның арқасында қорасындағы азын-аулақ малына қарап отырған тұрғындар өз шаруашылығын ашып, кәсібін жүргізіп отыр. Мысалы, өткен жылы ірі қара мал өсіретін 77, қой, ешкі өсіретін 20 шаруашылық құрылған болатын. Биыл жыл соңына дейін тағы 200-ден астам шаруашылық жұмысын бастайды деп күтілуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ет экспортын еселеудің қамымен жүр. Өткен жылы аймақ шаруалары шетелге 1348 тонна ет жөнелткен болатын. Биыл бұл көрсеткішті 2300 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Әзірге жыл басынан бері 600 тоннаға таяу ет өнімдерін шетел асырыппыз.

Аймақ басшылығы жоғары мән беріп отырған бағыттардың бірі – тауарлы сүт фермаларын құру. Қазіргі кезде облысымызда жалпы қуаты 9844 басты құрайтын 28 ірі және шағын тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Оның ішінде 10 ферма Тереңкөл ауданында шоғырланған. Озық технологиялармен жабдықталып, заманға сай құрылған сүт өндіру орындарының қатарында Ақсу қаласындағы «Үштерек және К», Успен ауданындағы «Галицкое», Павлодар ауданындағы «Жаңа қала», Железин ауданындағы «Пахарь», сондай-ақ, «Ертіс» серіктестіктерінің тауарлы сүт фермаларын бөле-жара атап өтуге болады. Олардың жұмысы автоматтандырылған.

Биыл аймақ бойынша 4091 бас сиырға шақталған 7 тауарлы сүт фермасын ашу, кеңейту жоспар-ланған болатын. Қазіргі кезде оның біреуі жұмысын бастап кетті. Тереңкөл ауданындағы «Астық-ПВ» ЖШС Чехия Республикасынан 691 бас асыл тұқымды мал әкеліп, жаңа өндірісті іске қосты. Жыл соңына дейін жоғарыда аталған «Галицкое», «Үштерек және К», «Жаңа қала» серіктестіктері тауарлы сүт фермаларының көлемін 1 мың және 500 басқа дейін ұлғайтпақ. Бұдан бөлек, «Крон Агро» ЖШС, «Луганск» кооперативі және «Ертіс» шаруа қожалығында сүт өндіру орындары бой көтермек.

Жалпы, аймағымыздың мал шаруашылығы саласында оң көрсеткіштер сақталуда. Өткен жылы облыс бойынша 96,5 мың тонна ет, 382,1 мың тонна сүт, 214,4 млн. дана жұмыртқа өндірілген болатын. Биылға межеленген көрсеткіш одан да жоғары. Ресми деректерге сүйенсек, қазір аймақта 524,2 мың бас ірі қара, 636,4 мың қой, 86,9 мың ешкі, 185,6 мың жылқы, 1 млн. 781 мың құс бар.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz