Кеше Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов шаһарда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар нысанды аралады. Алдымен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы жұмыстармен танысты. Аталмыш жолда ұзындығы 13 шақырымды құрайтын велосипед жолағы салынбақ. Аймақ басшысы жол белгілерінің сапасына мән беріп, мерзімінен бұрын аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек, Болат Жұмабекұлы олимпиадалық резервті даярлау орталығы, футбол манежі, мұз айдыны және жабық кешендегі жеңіл атлетика манежінің құрылысымен танысты. Бұл ретте футбол манежі мен мұз айдыны ағымдағы жылдың соңына дейін тапсырылады деп күтілуде. Ал олимпиадалық резервті даярлау орталығының құрылысы өз деңгейінде жүргізілуде. Өңір басшысы аталмыш нысандарға электр, жылу желілері мен су тартуды жүктеді.

Облыстық туризмді және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашевтің айтуынша, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Олимпиадалық резервті даярлау орталығындағы жұмыс 2020 жылы аяқталмақ. Аталмыш аумақта абаттандыру жұмыстары да қарқын алуда. Алдағы уақытта жабық кешендегі жеңіл атлетика манежінің құрылысы басталмақ. Болат Жұмабекұлы аталмыш нысанда көлік тұрағын жүргізушілер мен жолаушыларға ыңғайлы етіп орналас-тыру керектігін айтты. Сонымен қатар, құрылыс жоспарына спортшыларға арналған жатақхана салуды енгізуді тапсырды.

Бұл күні Болат Жұмабекұлы жаңа жағажайды да аралады. Бұған дейін өңір басшысы құрылыс алаңында адамдардың серуендеуіне барлық жағдайды қарастыруды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта жаңа бөлікте кеспетастар төселіп, жауын-шашын салдарынан пайда болған ойықтар қалпына келтірілуде. Алдағы уақытта бұл жерде көне дәуірде тіршілік еткен жануарлардың мүсіні орнатылады деп күтілуде. Оның ішінде жылқы, мүйізтұмсық, піл, керік сынды жалпы саны 14 жануар бар. Аймақ басшысы аталмыш мүсіндердің сапасына мән беріп, құрылыс жұмыстарын жылдам аяқтауды жүктеді.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz