Жаздың басталуымен және егіс науқанының аяқталуымен тұспа-тұс келген мейрамды «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің әжелері ұйымдастырды. Бірлес-тіктің әр аудан мен қаладағы көшбасшылары атаулы мейрамға ерекше дайындалған. Саябақта бой көтерген 9 киіз үйдің әрқайсысы мерекеге орай 30 литр қымыздан үлестірді.

Облыстық «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова қонақтарға мейрамның нышандары - саба мен торсықты тыныстырып, аталмыш мейрамның тарихына кеңінен тоқталды.

- «Сабатой» мерекесін Наурыздан кейінгі екінші мейрам ретінде атауға болады. «Сабатой» мерекесінің мазмұнында халықтың жайлауға көшуі, көш басын тіреген мекенді аластауы, жерді ағарғанмен суару жоралғылары бар. Бүгінгі күнге біздің апалар ерекше дайындалды. Соның бір дәлелі, сыйымдылығы 20 литр болатын жылқының терісінен тігілген сабаны әжелеріміз бен қыздарымыз аз күннің ішінде тігіп шықты. Себебі бұрын ата-бабамыз «Сабатой» кезінде сабаға құйылған қымызды үй аралап, тарататын болған, - деді Бақытжамал Максилова.

Мейрам барысында қонақтар жергі-лікті өнерпаздардың өнерін, халық шығармашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін және облыстық Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі ұсынған көрмені тамашалады. Мұнда қымызға арналған ыдыс-аяқ, саба мен торсық, қымыз ішуге арналған саптыаяқ және шара қойылған.

- Біздің мұражайда қымызға қатысы бар 60-қа жуық көне жәдігері сақталған. Бүгінгі «Сабатой» мейрамына орай солардың ішінен таңдап, ХХІ ғасырда қолданыстан шығып қалған, кейінгі жас буын ұмытып кеткен бұйымдарды алып келіп отырмыз. Оның ішінде қымыз құюға арналған сыйымдылығы шамамен 20-30 литр болатын шараны айтуға болады. Сонымен қатар, жылқының терісінен тігілген, алыс жолға шыққанда қымыз құйып алуға арналып жасалған торсықты алып келдік, - дейді Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Гүлнәр Нұрахметова.

Мереке барысында бірқатар әжелер өңірімізге «Қымызмұрындық» тойлауды алғаш алып келген, марқұм Зара Қабдешқызының бейнесі салынған «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің «Дара жол» төсбелгісі мен «Асыл әже» кубогына ие болды. Сонымен қатар, «Алтын» және «Күміс» алқа иелерінің иығына ақ орамал жабылды.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz