- Гүлнар Баркенқызы, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында музейлер жұмы-сына маңыз берілген. Әсіресе, құнды жәдігерлерді сандық жүйеге көшіру керек-тігі айтылды. Осы бағыттағы жұмысты бастадыңыздар ма?

- Әрине, музей қорындағы көне экспонаттарды цифрландыру бойынша жұмысты осы жылдың басында-ақ қолға алғанбыз. Қазіргі таңда біздегі жәдігерлердің 8 пайызы жаңа форматқа көшірілді. Бұл біреуге аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ, өте күрделі әрі қиын жұмыс. Алда қыруар шаруа күтіп тұр. Онымен қоса, осы іспен тек 1 ғана адам айналысады. Мысалы, біздің ең бағалы жәдігеріміздің бірі - «Бокко». Ол - цифрлық жүйеге көшіріліп, бүгінде сувенир түрінде көшірмесі шығарылған алғашқы бұйым. Оның әуелі 3D моделі жасалады, кейіннен 3D принтер арқылы көшірмесі шығады. Мұндағы біздің басты мақсатымыз кез келген бұйымның дәлдігін, яғни, түпнұсқа бейнесінің сақталуын қадағалауымыз керек.

- Цифрландыруға көшірудің пайдасы қандай?

- Бұл - ұлтымыздың сан ғасырлық тарихын кейінгі ұрпаққа айна-қатесіз жеткізудің төте жолы. Қазір технологияның, ақпараттық жүйенің дамыған заманы. Бұл бізге қажет әрі пайдасы орасан зор. Біз кез келген апаттық жағдайларға да дайын болуымыз керек. Мәселен, италиялықтар өздерінің ең көне тарихи жәдігерінің тұпнұсқасы өртеніп кеткен кезде оның сандық форматқа көшірілген түріне қарап, қайта жасап шықты. Сондықтан ұлттық құндылығымызды танытатын көне ескерткіштер мен жәдігерлерді барынша цифрландыруымыз керек. Бұл - заман талабы.

- Аталмыш бағдарлама аясында тағы қандай шаралар атқардыңыздар?

- «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы ұмыт болған көптеген құндылықты жаңғыртуға жол ашып отыр. Бұл бағытта музейдің атқарып отырған жұмысы өте көп. Жылдың басында атқа міну мәдениеті бойынша экспозиция жасадық. Қазір ол өңірде өтетін кез келген көрмеде көпшілік назарына ұсынылып жүр. Ата-бабаларымыз өз дәуірінде оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген. Міне, осы бағытта арнайы жоба әзірлеп, мектептерді аралап, оқушыларға металлургия, қолөнер салалары бойынша әңгімелеудеміз.

- Музей жергілікті өлкетанушылармен тығыз байланыста ма?

- Біз әрдайым өлкетанушылармен қоян-қолтық жұмыс істеудеміз. Қазір аймақтағы өлкетанушылардың жұмыстары зерделеніп, нақты тізімі жасалды. Алдағы уақытта өлкетанушылардың слетін өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, «Тамыры терең туған жер» жобасы да біздің облыстың ауыл-аймағындағы өлкетанушылармен байланысымызды арттыра түсті. Былтыр музейдің жанынан белгілі өлкетанушы Жеңіс Марданов атындағы өлкетанушылар қоғамы құрылған болатын. Тағы бір атап өтерлігі, біз тек өңірлік өлкетанушылармен ғана емес, еліміздің әр аймағында зерттеумен айналысып, Павлодарға қатысты жұмыстар атқарып жүрген мамандарды іздеп тауып, бірлесіп әрекет етуді жолға қойып келеміз.

- Соңғы уақытта өңірдегі қазба жұмыстарына да белсенді араласып жүрсіздер. Соның бірі «Қалмаққырылған» жобасы деп естідік.

- Мамандарымыз аймақтағы тарихи маңызы зор жерлерге барып, қазба жұмыстарын жүргізіп жүр. Жақын арада «Қалмаққырылған» жобасын қолға аламыз. Атап өтерлігі, Ермат Байқұрманов, Әбілқақ Түгелбаевтар бастаған белсенділер мен ақсақалдардың араласуының арқасында қазба жұмысына бюджеттен 10 млн. теңге қаржы бөлінді. Тарихшыларымыз тақырып аясында арнайы жоба әзірледі. Әуелі қалмақтармен соғыс болған жерге арнайы белгі қойып, этнографиялық экспедиция жасауды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, жергілікті тарихшылар мен көнекөз қарияларымызды шақырып, «Қалмаққырылған» оқиғасы туралы айтқандарын жазып алуымыз керек. Себебі, осы тақырып аясында айтылатын аңыздар өте көп. Кейіннен монографиялық кітап шығару ойымыз бар.

Бұдан бөлек, біздің мамандар Тимур Смағұловпен бірлесіп, Әулиекөлдегі қазба жұмыстарына қатысуда. Былтыр Железин ауданындағы «Алтын төбе» моласындағы қазба жұмыстарына қатысып, одан табылған заттарды музейдің қорына қосқан болатынбыз.

- Бәрекелді! Бастаған істеріңізге сәттілік тілейміз!

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz