Бұл жөнінде аймақтың бас ұстазы Дінислам Болатханұлы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жария- лап, тестілеуде жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерді жетістігімен құттық-тады. Олар - Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия-сының түлегі, «Алтын белгі» иегері Меруерт Қабылденова (136 балл) және Ертіс ауданындағы №4 мектептің түлегі Молдабаев Әлижан (135 балл).

Айта кетерлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің талабына сәйкес ҰБТ нәтижесіне ешқандай рейтинг жасалмайтындықтан, бұған дейін тест тапсырған өңір түлектерінің нақты қандай көрсеткішке қол жеткізгені әзірге белгісіз.

Ақсудағы гимназия директорының міндетін атқарушы Әскербек Дүйсенбаевтың айтуынша, мұндай жоғары білім көрсеткіші - ұстаздар мен оқушылардың еңбегінің нәтижесі.

- Тестілеу шарасы аймағымызда ойдағыдай өтіп жатыр. Ешқандай заңбұзушылық оқиғасы орын алған жоқ. Біздің өңірдегі тест барысын Қарағанды облысынан арнайы келген мамандар бақылауда. Тест өткен бірнеше күннің нәтижесі бойынша қолымызда нақты мәлімет жоқ. Себебі, қазір рейтинг жасалмайтын болды, - дейді облыстық білім беру саласын бақылау департаментінің басшысы Еркінбек Аязбаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, тестілеу шарасы облысымызда 30-шы маусымға дейін жалғасатын болады. ҰБТ өтіп жатқан барлық пунктте апелляциялық комиссия жұмыс істеуде.

Жалпы, биыл республика бойынша 117 242 талапкер тест тапсырады деп жоспарланған. Ал облыс бойынша 2 889 түлек ҰБТ-ға қатысып, білімдерін таразыламақ.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz