Лагерьде Назарбаев зияткерлік мектебінің 25 оқушысы мен Шарбақты ауданының көпбалалы және аз қамтылған отбасыларынан, сондай-ақ үздік оқушылардан құрылған 75 қатысушы екі апта бойы табиғат аясында демала отырып, білімдерін тереңдетіп, сөздік қорларын байытпақшы. Жергілікті оқушылардың қазақ және ағылшын тілдеріндегі білімдерін жетілдіруге Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары жұмылдырылды. Аталған мектептің шетелдік және қазақстандық ұстаздары қазақ тілі, ағылшын тілі, ағылшын тіліндегі математика, ағылшын тіліндегі информатика сабақтарын өткізіп, оқушылар арасында тілдік орта қалыптастыруға күш салмақ. Сондай-ақ, оқушыларға білім беру ісіне Шарбақты ауданындағы білікті ұстаздар да белсене араласуда.

Маусымның ашылу салтанатына аудан әкімі Әзілхан Әбеуов, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев қатысып, ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асқан жобаға құтты болсын айтты. Алдағы жоспарларымен таныстырды.

Наурыз айында Павлодардағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен келісімшартқа қол қойдық. Бүгінде аталған мектептегі шетелдік мамандар оқушыларға ағылшын тілін үйретіп, демалушыларға Абайдың қара сөздерін оқытып, мақал-мәтелдер жаттатып, сөздік қолданыстарын кеңейтуде. «Жастар жылы» аясында жасалып отырған бұл бастама балалар үшін айрықша маңызға ие деп ойлаймын, - деді аудан әкімі Ә.Әбеуов.

Салтанатты шара барысында лагерьдің жас өнерпаздары өздері дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынып, жаппай флеш-моб биледі.

Тілдік лагерьдің негізгі мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Балалардың сөздік қорын байыту, қазақ тілін үйрене отырып, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Сондай-ақ, үш тұғырлы тіл саясатын дамытуға үлес қосу. Тілдік лагерьдегі демалушыларға ағылшын тілін тәжірибелі мұғалімнің бірі - Мануэль Ортега. Үш жылдан бері Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебінде математика пәнінен сабақ беретін колумбиялық маман табиғат аясында демалып, таза ауада серуендей отыра балалардың санасына ағылшын тілін сіңіру оңайырақ екендігін айтты.

Тіл үйрету лагерінің алғашқы маусымына қатысушылар екі апта бойы осында демалады. Оқушылар бос уақыттарында Шарбақты өңіріндегі тарихи орындарға экскурсия жасап, көрікті мекендерді аралайды, спорттық ойындарға қатысады. Бұл жерде демалушыларға барлық жағдай жасалған. Бастама нәтижелі болса, ерекше лагерь жаз бойы жұмыс істемек.

 

Алпысбай ХОНЖ

Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz