Өткен сенбі күні павлодарлықтар отандық эстрада жұлдызы Дильназ Ахмадиеваның әндерін тамашалаған болса, алдағы сенбі күні, яғни 29 маусымда ресейлік әнші Ирина Дубцова Павлодарға келеді деп күтілуде.

- Ирина Дубцованың өнеріне тек ресейліктер ғана емес, шетелдік өнерсүйер қауымы тәнті деуге болады. Үнемі ізденісте жүретін, тыңдармандарын таңқалдырудан жалықпайтын өнер жұлдызын «Еrtis Promenade» сахнасында көру, оның әндерін жанды дауыста тыңдау - қайталанбайтын мүмкіндік. Барша жерлестерімізді, қала қонақтарын сенбі күні төменгі жағалауда күтеміз. Себебі, бұл өнер кешінің өзгеге ұқсамайтыны анық, - дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Мейірманов.

Ирина Дубцованың есімі «Фабрика Звёзд - 4» байқауында кеңінен таныла бастады. Аталмыш ән додасында барынша ашылып, өз мүмкіндігін көрсете білген өнерпаз байқаудың жеңімпазы атанған болатын. Кейіннен «Новая волна - 2004» байқауында өнер көрсетіп, екінші орынға ие болған, сондай-ақ, «Муз-ТВ» және «Золотой граммофон» жүлдесінің иегері. Оның орындауындағы «О нём», «Как ты там», «Медали», «Ветра» әндері - өз тыңдармандарының жүрегінен орын тапқан ерекше туындылар.

Айта кетелік, 29 маусым күні кешкі сағат 19.00-де «Еrtis Promenade» сахнасында Ирина Дубцовадан бөлек, облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның, «Шаңырақ» орталығының әншілері өнер көрсетеді.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz