Облыс әкімі Болат Бақауовтың бастамасымен осыдан бірнеше жыл бұрын жүзеге асқан спорттық шара бүгінде қарқынды түрде даму үстінде. Уақыт өткен сайын сайысқа қатысушылардың саны да артып келеді. Шараның басты мақсаты - бұқаралық спортты дамыту. Өңір тұрғындары арасындағы салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау. Тұрғындарды спорттың бірнеше түрімен айналысуға икемдеу. Өңірімізде дуатлон сайысына жыл сайын тұрақты түрде қатысып келе жатқан адамдардың қатары көп. Солардың бірі әуесқой марафоншы, павлодарлық Рысбек Алданов:

- Дуатлон сайысында жылда бақ сынаймын. Бұқаралық шараға қатысуға алдын ала дайындалуды әдетке айналдырдым. Облыс әкімі Болат Жұмабекұлы көпшілікке үлгі болып, аталған спорттық сайысқа жылда қатысады. Мен - дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Өз ісіммен мен де шәкірттеріме өнеге көрсеткім келеді. Марафоншылар велосипедпен жүруге, велоспортпен айналысатындар жаяу жүгіруге осалдау болады ғой. Ал Дуатлон бізді жан-жақты болуға тәрбиелейтін әмбебап спорт түрі дер едім, - дейді.

Сайыс 30 маусым күні сағат 9.00-де облыс орталығындағы С.Торайғыров көшесі мен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының қиылысында бастау алады. Дәстүрлі додаға қатысқыңыз келсе, алдын ала 8(7182) 619362 телефон нөміріне қоңырау шалып, тіркелуге мүмкіндік бар. Немесе 30 маусым күні жарыс болатын аумаққа таңғы сағат 8.00-ге дейін келсеңіз болады! Жарысқа қатысушылар 18 жасқа толған болуы керек. Сонымен қатар жеке куәлігіңізді, велосипедіңізді және шлем мен ыңғайлы спорттық киімді ұмытпағаныңыз абзал.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спорттың дамуына сіз де үлес қосыңыз! Жарыс жеңімпаздарын бағалы сыйлықтар күтіп тұрғандығын еске саламыз!

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz