Өлеңі оның өмірбаяны еді

Кереку, Ертіс-Баян өңірінің тумасы, қазақ әдебиетінің жарқын өкілі, 60-70 жылдардағы поэзияның бел ортасында жүрген ақын, журналист, көркем аудармашы Қабдыкәрім Ыдырысов туралы ұрпақ жадында естеліктерді әркез жаңғырту парызымыз.

Мынау тоғай, мынау бел, мынау жазық дала – кешегі ортаңда өскен бала Қабдыкәрімнің құлдыраңдаған дауысы естілген, шыбық мініп шапқылаған ортасы еді. Мынау ауа, мынау жел сол сары баланы еркелеткен еді, қамықтырған еді.

«Бәрі де, бәрі есімде,

Ұмытсам мені кешірме», - деп еді Қабекең «Ауылым» атты өлеңінде.

Бұл өлең оның өмірбаяны еді.

Осы қазіргі Ақтоғай ауданы Әуелбек округіне қарасты Өтес ауылында (ол кезде «Жаңа ұйым» колхозы), 1928 жылы 27 тамызда Мұстафаұлы Ыдырыстың шаңырағында, Жекен анамыз Қабдыкәрім есімді шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелген екен. Қазаққа Ертіс жағасы осылай тағы бір ақынды сыйлады.

Бірақ бұл ақынның тағдыры басқаша өрбіді. «Халық жауы» болып, Қабдыкәрімнің тоғыз жасында әкесі кетті ұсталып. Ана қалды аңырап. Бала қалды қамығып. Қамыққан көңілді сейілтетін күшті бала Қабдыкәрім өлеңдерден тапты. Өзі жазғандай, ауылда Қарамолда деп жұрт атап кеткен, шын аты Иманқұл деген қария оны өлеңге баурады (ауылда Иманқұл есімді екі адам болған, екіншісі - Бәтістің Иманқұлы – кеңес өкіметіне дейін би-старшын болған, ел билеген азамат, дүниеден ертеректеу өткен). Қызыл тысты «Батырлар жырын» оқытты.

Соғыс қасіреті де Қабдыкәрім Ыдырысовтың балалық шағына тұспа-тұс келген екен. «Ел-жұрттың көңілін аулау біздің еншімізге бұйырды» деп жазған Қабекең. Сабалап жүріп домбыра үйренген, әншілер сайысына қатысқан. Сондай бір жарысқа қатысқан Естай ақынның жүзін көрген. Одан да тәлім алған. Құдайберген ақынның да атын ерте естіген.

Соғыс қасіреті кейіннен Қабдыкәрім ақынның негізгі тақырыбына айналғанын көреміз.

Соғыс кезі, сүреңсіз шақ, жұрт жұтаң,

Ел үміті – біз, бойымыз бір тұтам.

Шамамызша шаруаға тығын боп,

Кейде ұйқысыз біздің атып жүрді таң.

Қара таяқ, өңшең бала қаршадай,

Қайда барсақ тыпырладық шаршамай.

Біз қалғысақ аспан құлап кетердей,

Қайдан ғана бітті екен күш соншама, әй!

Талпынған қанат

Соғыс жылдары Ертіс жиегіндегі шағын ғана ауылға Иса ақын келеді. Дауылпаз ақын таң атқанша осы ауылда орын тепкен Ақмектептің төрінде өнер көрсеткен: қолында домбырасы бар, біресе есіктен төрге, біресе төрден есікке дейін жылжып отырып термелерін төгілткенін көнекөз қариялар сүйсіне еске алады. Колхоз төрағасы ақынның қасына қосар есті кісі таба алмай (бәрі майданға кеткен) жасөспірім Қабдыкәрімді шақыртады. Алғашқы рет тірі ақынды сонда көрген. Сонда баланың талабын таныған Иса ақын оған: «Жүрексіздеусің. Жүрексіз адамнан не ақын, не әнші шықпайды» деп ақыл берген.

Жеңіс күні туған соң Қабдыкәрім соғыстан оралған Елеусізов Асқар нағашысының көмегімен Павлодар қаласына қоныс аударып, трактор зауытында, әкімдікте біраз жұмыс істейді. Бірақ өлеңге деген талпынысы оны алысқа ұшырады. Талапшыл жас 1947 жылы Қалижан Бекқожинді кездестіреді. Содан оның алғашқы өлеңі – «Жылқышы сыры» облыстық «Қызыл ту» газетіне басылып, әрі қарай ақындық жолы ашылады. 1952 жылы Қ.Ыдырысов Алматыға, әдебиет ауылына көшеді. «Алматыға алты өлеңмен сүйреген» деп ағасына разылық өлең арнайды.

Оның алғашқыда қызметі журналистикамен байланысты болғанын білеміз. «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» газетінде істеді. 1962 жылы белгілі журналист, майдангер, жазушы Әзілхан Нұршайықов «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып келгенде, газеттің жауапты хатшысы болып Қабдыкәрім Ыдырысов бекітілген. «Ол ширақ, белсенді қимылдап, жанына газетке қамқор жігіттерді жинап алып, аудандарда газетке жазылу науқанын алға бастырды» дейді өз естелігінде Әзілхан ағамыз.

Ол әр уақытта балаларға арнап өлеңдер жазды, Мұзафар Әлімбаевпен сырласты, сыйласты. Ұлы жазушылар Мұхтар Әуезовтен, Сәбит Мұқановтан, Ғабит Мүсіреповтен, Жұбан Молдағалиевтен тәлім алды, өнеге үйренді. Тұстастары Ғафу Қайырбековпен, Сырбай Мәуленовпен, Сағи Жиенбаевпен қатты сыйласты. Жыр бәйгесінде Қадыр, Тұманбай секілді інілеріне қолдау көрсетті. Жазушылар одағында екінші хатшы болып жүргенде ұлтшыл сипатта жазады деп айыпталған студент Әбіш Кекілбаевты қорғап қалғаны бар. «Жастардың жыры екпінді болғаны заңдылық, саны жағынан да, санасы жағынан да биік болғаны дұрыс қой» деген екен бір сөзінде Қабдыкәрім Ыдырысов.

Сырбай Мәуленов айтқандай, «Ақынды ашу - жан тебірентерлік күрделі бір дүние. Оның ішінде дауысы айқайлап шықпайтын Қабдыкәрім сияқты ұяң, қарапайым, бірден көзге түсе қоймайтын сыпайы ақынды ашу оңай емес». Десе де, оның азаматтық, ақындық, қайраткерлік қыры үңілген адамға анық көрінеді.

Қабдыкәрім Ыдырысов кітап баспаларында беделді қызмет атқарды. Әсіресе 1975 жылы өзі қолымен ашқан «Жалын» жастар баспасында істеуі оның өмірінде елеулі бір өзгеріс әкелгені анық. Міне, сол кезде қазіргі әдебиет классигі аталатын қаламгерлердің тұңғыш кітаптары осы «Жалында», Қабдыкәрім Ыдырысовтың қамқорлығымен басылып шыққан.

Азаматтық - әкеден

 Ертістің шалғынында, көдесінде аунап өскен сары бала Алматыда, Алатаудың баурайында азамат ақын ретінде қалыптасты. Өмірлік қиындығы, тағдыры оның өлеңдерінде өрілді. Ол өмірді негативті тұрғыдан емес, зор позитивпен жырға қосты. Жалғаннан сәуле іздеді. Келешекке сенді, көңілімен өрге ұмтылды. Оның барлық шығармаларындағы көңіл күй сондай. Ол бәрінен, күйкіліктен, тіршіліктен жоғары тұрды.

Бәрі де... бәрі есімде,

Ұмытсам мені кешірме.

Жар сыйлап маған өмірлік,

Зор бақыт бердің еншіме.

Паңсынам саған несіне,

Сен берген толы несібе.

Көркіңді көріп көсілген,

Түседі бәрі есіме... 

«Қабдыкәрім - творчестволық өрісі кең ақын. Ол нәзік лирик болып та, еңселі эпик болып та жырлайды. Тақырыптары да алуан-алуан. Баламен де, атамен де сырласады. Сүйіне де, күйіне де біледі» деп айтқан екен әйгілі батыр ақын Жұбан Молдағалиев.

Қ.Ыдырысов шығармашылығының шырқау тұсы – «Әке жолы» поэмасы. Онда Қимаш кейіптегі Қабдыкәрім өзінің тағдырын, әке тағдырын, ана зарын, замана тақсыретін жырға қосады.

«Төрдегі мына сурет әкем менің

Білмеймін апам қайдан әкелгенін.

«Сақтадым, дейді, терең жүрегімде»,

Келмейді онысын да бекер дегім.

Қайшымен кесіп, бір кез ұсақтаған

Сурет қой анам жиырма жыл сақтаған.

Қасына қайта келген мына менмін,

Бұл қалпым әке мойнын құшақтаған».

Поэманың көтерген жүгі өте ауыр еді. Бұл шығарманы оқып біткенде көз алдыңнан көп өмір өтеді.

«Меніңше, ол поэма осы тақырыпта жазылған қазақ поэзиясының алғашқы қарлығашы еді. Сол поэма туралы ешкім жұмған аузын ашпады ғой, өкінішті-ақ. Ал осы тақырыптағы «Белые одежды» романы үшін орыс жазушысы Дудинцев Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болғаны есімде. Үлкен атаққа, лауазымға Қабдыкәрім сонша ұмтылмаушы еді», деп жазған екен ақынның жұбайы Бәтіш Ақанқызы өз естелігінде.

Ел кезіп қайда бармадым,

Шалқыдым көкте самғадым.

Көп жердің таттым бал дәмін.

Жүрекке жүрек жалғадым.

Су татсам небір өзеннен,

Ертістің дәмін сезем мен...

Иә, ол ақындық іссапарлармен біршама елдердің топырағын басты. Бірақ қайда болса да Ертісін жырлады, ауылын ұмытпады, ағайынын іздеді.

Тұманбай Молдағалиев жазғандай, «Арабстан дәптерінде» ақын тағы бір қырынан, жаңа бір қырынан танылды. Ақынның бұдан сәл бұрынырақ жазылған, Латвия топырағында туған «Балтық баспалдақтары» атты циклы да мені елең еткізген еді. Ал «Арабстан дәптері» тұсында ақын ағамыз тіпті асқақтап кетті, ой да, сезім де қатар қағылған қанаттай ақын шығармаларын өнер биігіне қарай алып ұшып бара жатты».

Жүргем жоқ босқа қаңғырып,

Туған жер – төрім мәңгілік.

Сапарым – сансыз ойларым,

Жырларым - мендік мал-мүлік, -

дейді Қабдыкәрім Ыдырысов «Ауылым» өлеңінің аяғында.

Жастарда еді көңілі

Жастар жақсы көріп өскен ағаның бірі Қабдыкәрім Ыдырысов еді. Ағаның шарапатын танығандардың бірі - танымал ақын, классик, бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов. Өткен жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты ұйымдастырған, Павлодар жерінде өткен кездесуде ол мынадай тәлімді әңгіме айтып еді:

- Бақ көшпелі ме деп ойлаймын, - деген екен Қабаң. - Ертіс-Баян өңірінде сонау Бұқар жыраудан бастап бірталай дарынды тұлғалар, Естай, Иса, Жүсіпбектер шықты. Алдымда Қалижан ағам мен Мұзафар ағам, Аманжол Шамкенов бар. Бірақ мен артыма көз тіксем, ешкім көрінбей ме, қалай? Ал Шығысқа қарашы. Өзің - Ұлықбек бар, анау Қалихан Ысқақ, Дидахмет, Оралхан бар, тұтас көш келеді. Бізден кейін ешкім қалмай ма – осы менің алаңдауым, деген екен.

Шүкір, Қабдыкәрім ағаның өзінің қолдауымен Ақкөл жерінен Мейрам Асылғазин танылып шықты, өмірі ұзақ болмады, әттең. Қазірде Ертіс-Баян өңірі ақын-жазушылардан кенде емес. Соған шүкір. Көш те, бақ та ауған жоқ. Себебі артында ел бар.

Бір уыс топырақ

Ақын Алматыдағы ұлылар мәңгілік тыным тапқан Кеңсай зиратында жерленген.

Мен 2018 жылдың көктемінде, Ораза кезінде жұмыс бабымен Алматыға барған едім. Арнайы өзі туған жері - Ақтоғай ауданы Өтес ауылынан бір уыс топырақ ала барған едім, қабіріне бір жағына соны салдым.

Қабір басына ақынның ұлы - Бағлан Қабдыкәрімұлымен барып, дұға бағыштадым.

Бұл ақынның туған ауылында топырағын басып өскен мен үшін қандай зор тебіреністі оқиға екенін айтып жеткізу қиын.

Құлпытаста былай деп қашап жазылған екен:

«Азабым да, базарым да — жырларым,

Жырларымда менің барлық сырларым.

Тұрсам болды көңіліңнің төрінде,

Туған елім, алтын бесік – гүл бағым!».

Елін сүйген ақынды ұмытуға халқының хақы жоқ.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қабдыкәрімтанушы.

saryarka-samaly.kz