Суретші жеке көрмесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы шеңберінде ҚазКСР Ғылымдар академиясының бірінші президенті Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арнапты. Олай жасауының да өз сыры бар. Себебі, Екібастұз қаласының тумасы Шынар Жұмағалиқызы - атақты академик Қ.Сәтбаевтың жиеншары.

Көпшілік назарына суретшінің «Аңшылық», «Жамбыл Жабаев», «Билік құдіреті», «Менің Қазақстаным», «Өмір ағашы», «Құстар әлемі», «Баянауыл», «Менің өмірбаяным» сынды эксклюзивті картиналарын ұсынды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, автордың ерекшелігі - оюларды үздіксіз әрі бір-бірімен еш қиылыспайтын сызықтармен салатындығында. Шынар Қоғабай - зооморфты ою-өрнектердің триадасын бейнелеудің шебері. Яғни, шығармаларында скиф-сақ дәуіріне жататын тұяқты жануарлар мен жыртқыш құстарды кескіндейді. Ол сол дәуірдің жануарларын қаз-қалпында көшіріп алмайды, оларды суреттеудің өзіндік стилін қалыптастырған. Бір сөзбен айтқанда, сақтар мен сарматтардың, ғұндар мен көне түркілердің аң стилін бейнелей отырып, оны қазіргі заманғы жануарлар, құстар, өсімдіктер әлемімен әдемі үйлестіре біледі. Сондай-ақ, Шынар қазақ аңыз-ертегілерінде жиі айтылатын Самұрық құсты, қыран бүркітті үнемі картинасының жоғары жағына орналастыратын көрінеді. Ал жануарларды төменге жайғастырып отырады.

Мамандардың пайымдауынша, бұл кеңістік пен жер жүзін басқарудың өзіндік құрылымын көрсетсе керек. Осылайша, суретші ата-бабамыздың жер бетіндегі өмір жайлы философиялық түсінікті қатаң сақтайды. Әр картинасы көздің жауын алады. Шынар Жұмағалиқызы шығармаларындағы әр ою-өрнекте симмет-рияны шебер сақтап салады. Жалпы, қолөнер шеберінің бірегей сериялық- сюжетті ой-өрнектері еліміздің қазіргі өнер әлеміне өзіндік жаңа леп қосып отыр.

Көрмеге келген көпшілік көз тартар шығармаларды сүйсіне тамашалады. Автор көрме соңында ниет танытқандарға шеберлік сағатын да өткізді.

 

Г.МАҒЖАН, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz