Аталған аумақта жергілікті Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық зерттеу орталығы мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары тізе қосып жұмыс жасауда. Олардың бұл күнге дейінгі тапқан олжалары аз емес. Әсіресе, жер астынан табылған жылқы және ірі қара мал сүйектеріне ғалымдардың назары ерекше ауып отыр. Былтырғы жылы «Бөрілі-4» аумағынан табылған жылқы сүйектеріне Дания елінде генетикалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Профессор Людовиг Орландо жетекшілік еткен зерттеу нәтижесі бойынша аталған жылқы сүйектерінің қалдықтары Солтүстік Қазақстандағы Ботай қонысында қолға алғаш рет үйретілген жылқылардың өмір сүрген уақытымен тұспа-тұс келетіні белгілі болды. Бұл туралы арнайы ғылыми зерттеу материалы АҚШ-тың әйгілі «Science» журналында басылды. Ғаламдық деңгейдегі археологиялық ғылыми жаңалықтарды жария-лайтын аталған баспасөз құралын ғаламтор арқылы миллиондаған адам оқи алады. Баспа нұсқасындағы таралымы 130000 данадан асатын журналға жарияланған материал әлем ғалымдарының қызығушылығын тудырды. Осыған қарап-ақ біздің өңірден табылған құнды тарихи жәдігерлердің қаншалықты маңызға ие екендігін аңғаруға болады. Ал жергілікті ғалымдар Бөрілінің қойнауында жатқан тылсым дүниелер мұнымен шектелмегендігін, зерттеу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілетін болса, әлі де талай тарихи құпиялардың бетін ашуға болатындығын айтады.

- Бұл аумақта кешенді ескерткіш орындары бар. Көне жәдігерлер табылған сайын шындыққа көзіміз жете түскендей болады. Мысалы, керамикадан жасалған ыдыс-аяқтардың қалдығын алайық. Бұл - археологтар үшін баға жетпес байлық. Мәселен, табылған бір құмыраға екіншісінің жасалуы, ою-өрнегі мүлдем ұқсамайды. Яғни, екеуі екі әулеттің немесе екі ауылдың шеберлерінің қолынан шыққан дүниелер болуы мүмкін. Ол кездегі адамдардың әрбір тобының өзіндік белгілері, таңбалары болған ғой. Түсіне білген адамға ыдыстарға салынған әрбір ою-өрнек тарихтан тіл қатады. Осыған қарап-ақ көне дәуірлерде де біздің аумақта қолөнер мәдениеті жақсы дамығандығын сеніммен айта аламыз, - деді тарих ғылымдарының кандидаты, Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық зерттеу орталығы мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Илья Мерц.

Ғалымдарды тағы бір таң қалдырған дүние - осы аумақтан табылған тастан жасалған бұйымдар. Күнделікті тұрмыста қолданылатын заттарды тастан жасау, оларға түрлі әшекей өрнектерін салу да қолөнердің айрықша үлгісі болып табылады. Бір қызығы мидай жазықта орналасқан көл маңында тау да, тас та жоқ. Демек, заттарды жасау үшін тастар басқа өңірлерден тасымалдануы мүмкін. Бұл аймағымыздағы солтүстік-шығыс аумақты мекендеген адамдардың басқа өңірлермен тығыз қарым-қатынаста болғандығын көрсететін дәлел болса керек. Ол үшін тастан жасалған заттарға петрографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Осы арқылы тастардың қай жақтан тасымалданғанын анықтауға болады.

Бүгінде Бөрілі көлі маңындағы экспедициялық жұмыстарға жергілікті оқу орындарының студенттері де жұмылдырылған. Олар тарихи орында ғалымдарға көмектесіп, тәжірибе жинақтауда.

- Осында келгеніме қуаныштымын. Археологиялық қазба жұмыстарына қатысуды бала кезден армандайтынмын. Таза ауада көлдің жағасында сүйікті ісіңізбен айналысу қандай ғанибет. Болашақта тарихшы боламын деген жастар үшін осында келіп, мол тәжірибе жинақтауға болады. Неолит дәуіріне жататын тарихи жәдігерлердің әрқайсысын тапқан сайын қызығушылығымыз арта түсуде. Керамикалық ыдыс-аяқтар, тері өңдеуге арналып қолдан жасалған заттар, түрлі әшекейлік бұйымдар біздің таным-түсінігімізді кеңейте түсуде. Осында келгелі тас пен керамиканы, сүйек қалдықтарын бір-бірінен ажыратуды үйрендік. Табылған жылқы, сиыр, ешкі сүйектеріне қарап, олардың қазіргі жануарлардан ірілеу болғандығын аңғаруға болады, - дейді С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің студенті Самал Баймолдина.

Аталған қонысты зерттеу арқылы ғалымдар б.з.д. IV мың энеолит дәуірінде өмір сүрген ежелгі малшылар туралы тың мәліметтерге қол жеткізе алады. Сондай-ақ орта неолит дәуірінде (б. з. д. VI-V мың) өндіруші шаруашылықтың пайда болуы туралы нақты деректерді алуға мүмкіндік бар. Табылған жәдігерлер арасында утилитарлық заттар және ежелгі өнер үлгілері де кездеседі.

Адам денсаулығына пайдалы минерал-дарға толы Бөрілі көлі медицинада сұранысқа ие салин артемия шаянына бай екендігін көпшілік жақсы біледі. Ал осынау көлдің жағасына байырғы бабаларымыздың қоныс тебуі де бекерден-бекер болмаса керек. Өкініштісі, жыл өткен сайын көл суы толықсып, жағадағы жардың жиегін шаюда. Жыл сайын археологиялық қазба байлықтар жатқан аумақтың екі-үш метрі су астында қалуда. Апатты жағдайда тұрған тарихи орын ерекше назарға алуды қажет етеді.


Төлеген ШАҚАРМАНОВ, «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» төсбелгісінің иегері:

- Көлдің тарихи атауы – Борлы емес - Бөрілі. Орыс тілінде айтылғанда дыбыстық өзгеріске ұшыраған ғой. Бұл жер маған бұрыннан жақсы таныс. Айналасындағы шіліктер қасқырлардың бой тасалауына ежелден ыңғайлы орын болған. Маңатындағы ауылдардан да тым алыс емес. Бірақ оңаша. Қасқырлар малды ауылдарды торуылдап, тояттаған соң осы көл маңын паналаған. Сөзіме аталған аумақтағы қасқырлардың ескі апандары дәлел бола алады. Бұл төңіректе тылсым сыр бар екендігін бұрыннан сезетінмін. Алайда, мен кәсіби археолог емеспін. Осы жер зерттеуді қажет ететіндігін алғаш рет археолог, ғалым Виктор Мерцқа айтқан да мен едім. Ғалым - өз ісінің нағыз шебері, мақтауға лайықты азамат. Бүгінде тарихи тың деректердің бетін ашып, бізді қуанту үстінде.

 

Алпысбай ХОНЖ.

Аққулы ауданы.

saryarka-samaly.kz