Бүгінде аймағымызда 801,9 млн. теңгенің 7 жобасы мақұлданып, оның бесеуі қаржыландырылыпты. Жұмыстың баяу жүргізіліп жатқанын облыс әкімі Болат Бақауов қатаң сынға алды. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасанов әр жоба бойынша қаржы қандай мақсатқа алынып жатқанын тізіп берді.

- Ағымдағы жылы елімізде 600 млрд. теңге халық тұтынатын тауарлар өндірісін қолдауға бөлінді. Жобалық кеңсе де аштық. Бірақ, ешқандай нәтижесі көрінбейді, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Жиында аймақ басшысы мақұлданған және ұсынылған әрбір жобамен жеке танысты. 50 млн. теңгеге дейін несие алатын кәсіпкерлердің тізімін жеке түзуді тапсырды. Сондай-ақ, әр жобаның нәтижелі жүзеге асуы үшін арнайы маман бекітіп беруді де жүктеді. Жобалардың көбі әлі шикі екенін аймақ басшысы ескертті.

Белгілі болғандай, жобалардың көбі агроөнеркәсіптік саладан көрінеді. Облыс әкімі Болат Бақауов шаруалар мен кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығын дамытудың басқа да тиімді бағдарламаларының барын түсіндіру қажет, деді. Ал қарапайым заттар экономикасына қарастырылған қаржы күнделікті тұтынатын тауарлар өндірісін өрістетуге бағытталуы тиіс. Дегенмен, кей шаруалар қарапайым заттар экономикасы арқылы кәсіпті кеңейтудің тиімділігін алға тартты. Мәселен, екібастұздық шаруалардың бірі ауыл шаруашылығы техникасын «Қазагроқаржыдан» алғаннан гөрі, қарапайым заттар экономикасы бағдарламасымен алу ыңғайлы, деді. Айтуынша, мұнда техниканы қай жеткізушіден алуды кәсіпкердің өзі шеше алады.

Ж.Хасановтың мәліметі бойынша, бүгінде дайын тұрған 5 жоба бар. 25 жоба бойынша бизнесмендер банктерге өткізетін құжаттарын жинақтау үстінде. Басқарма басшысы көп кәсіпкерлер жаңа бағдарлама жайлы толық білмейтінін де атап өтті. Сондықтан, фокус-топтар құрылып, кәсіпкерлерге бағдарламаның қыр-сыры толық түсіндірілмек. Сондай-ақ, мамандар несиенің пайыздық мөлшерлемесі 8 пайыздан 6 пайызға төмендетілгенін де көпшілікке жеткізбек. Республика көлемінде аталмыш бағдарлама бойынша өңір көрсеткішінің тым төмен болуы жергілікті жобалық кеңсенің жіберетін ақпарат-тарының да толымсыздығынан, дейді Ж.Хасанов.

Айта кету керек, жобалық кеңсе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы жанынан ашылған. Осы ретте, облыс әкімі палатаның жұмысын да сынға алды. Бұған дейін аймақ басшысы аталмыш мекемеде өткен жиында 16 жоба ұсынылғанын, бірақ, олардың бірі де жүзеге аспағанын айтты. Үстіртін жасалған жұмыстың нәтиже бермейтінін ескертті. Ал палата өкілі облыс бойынша бағдарлама талаптарына сай келетін 4 мыңнан астам кәсіпорын іріктеліп алынғанын, олардың 700-і қатысуға ниет білдіргенін мәлім етті. Олардың әрқайсымен жеке жұмыс бастап кеткендіктерін айтты.

Облыс әкімі әр аудан-қала әкімінің кәсіпкерлікке жауапты орынбасарларының атқарып жатқан жұмыстарын жеке-жеке сұрап, істерінің мардымсыз екенін жеткізді. Мәселен, Ақсу қаласы еліміздегі шағын шаһарлар ішіндегі үштікке енетініне қарамастан, аталған бағдарламаға үлес қосатын ілкімді жоба жоқ, деді аймақ басшысы. Аймақ басшысы, Павлодар ауданы азық-түлік белдеуі саналатындықтан, мұнда 4 емес 44 жоба бірден ұсынылуы керектігін алға тартты. Осылайша, әр аудан-қаланың бағдарлама аясында атқарып жатқан жұмыстарын сынға алған облыс басшысы шілденің 10-ына дейін жобаларды пысықтап, әкімдерді нақты ұсыныспен бір-бірден қабылдайтынын қадап айтты.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz