Қаумалаған тыңдармандарды өнерімен тәнті еткен ерекше дауыс иесі бұл күні өзінің хитқа айналған әндерін шырқады. «Москва-Нева», «Бойфренд», «Факт», «О нем», «Люба», «Вспоминать», «Долго», «До луны» секілді эстрадалық туындылар жағалауға жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді. Әнші репертуарында ерекше маңызға ие шығармаларының бірі - «Кому? Зачем?» әні. 2008 жылы Ирина Дубцова белгілі әнші Полина Гагаринамен бірлесіп, аталған әнге бейнебаян түсірген еді. Бұл ән «Муз-ТВ - 2010» байқауында «Жыл дуэті» аталымына ие болды.

- Құрметті павлодарлықтар! Осынау үлкен сахна аумағына тегіс жиналған сіздерді көріп қуанып тұрмын. Қолдауларыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын! Тыңдарманы бар әнші қашан да бақытты, - деді И.Дубцова.

Ресейлік әнші бірқатар ірі музыкалық байқауларға қатысып, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Оның жұлдызын жаққан «Фабрика-4» жобасы еді. Ол осы байқауда жеңімпаз атанды. Сондай-ақ әнші «Золотой граммофон» жүлдесінің иегері атанды. И.Дубцова алғашқы ән жинағын 2005 жылы жарыққа шығарды. «О нем» деген атпен жарияланған ән жинаққа әншінің 12 туындысы топтастырылған. Осы кезде «Муз-ТВ» арнасында әншінің «Медали» және «Ветра» әндерінің бейнебаяны көрсетіліп, тыңдарман арасына тез тарап кетті.

Сондай-ақ осы күні облыстық Иса Байзақов атындағы филар-монияның әншілері мен жергілікті «Шаңырақ» орталығының өнер-паздары әннен шашу шашты.


Шілденің 6-сы күні Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай «Ertis Promenade» сахнасында республикалық және шетелдік белгілі әншілер өнер көрсетеді деп күтілуде. Бұл күні қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Ерке Есмахан, Жүгінісовтер әулеті, Артур мен Райм дуэті ән шырқайтын болады. Сондай-ақ ресейлік «Пицца» тобының өнерін тамашалауға да мүмкіндік бар.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz