Аталмыш шараны «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Бірлестік мамандарының айтуынша, бұған дейін «Киелі Қазақстан» экспедициясы еліміздің бірқатар өңірлерін аралаған екен.

- 21 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласынан шыққан салт аттылар тәулігіне 50-60 шақырымды еңсеріп, жақын маңдағы ауылдарда лагерь құрып келеді. Экспедицияның мақсаты - атқа міну мәдениетін насихаттап, Қазақстанда атты туризмді дамыту. Қатысушылар он күн ішінде Ақмола, Павлодар облыстарымен Бұйратау, Баянауыл ұлттық парктерін жүріп өтті. Экспедиция нәтижесінде атты туризмді белсенді дамыту үшін қолдануға болатын бағыттар анықталады. Ол жерлер нақты координаталармен, сапалы фото және бейнематериалдармен қамтылып, толық ақпарат жиналады. Әрі қарай бұл ақпараттың барлығы отандық туркомпанияларға берілетін болады, - дейді «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің баспасөз хатшысы Айжан Жұматаева.

Сапарының 10-ыншы күнінде киелі Баянауыл топырағына табан тіреген экспедиция мұндағы Теңдік, Жаңатілек, Егіндібұлақ және басқа да ауылдарды жүріп өткен.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz