Жақында Ертіс-Баян өңірінің ақын- жазушылары мен журналистері Тереңкөл жаққа арнайы барып, Сейділдә Түйтебекұлы жерленген зиратты көріп қайттық. Сапарға шығушыларды Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бөлім меңгерушісі, өлкетанушы Ербол Қайыров бастап барды. Иен даладағы жалғыз төмпешік бір көрген адамға ерекше әсер қалдырады, ойландырады. Кезінде ұлттың қамы үшін бастарын тауға да, тасқа да соққан батырлардың ат тұяғының дүбірі естіледі. Халықты Алланың ақ жолына шақырған көсемдер мен шешендердің шарапаты сезіледі. Талай тарихи оқиға дүбірлеп өткен Тереңкөл-Тегістік төңірегінде әлі күнге дейін ашылмаған сыр, айтылмаған сөз көп. Осы сапарымызда соған көз жеткізгендей болдық. Ауылдың ақсақалдарымен кездестік, тарихи-мәдени орындарын зерттеп жүрген өлкетанушылармен сұхбаттастық. Түсінген адамға түйіп алар дүние көп екенін аңғардық.

Сейділдә қажы Түйтебекұлы шамамен 1874 жылдары қазіргі Тереңкөл аумағында дүниеге келген. Руы – Уақ, оның ішінде Момын. Түйтебек шалдың төрт ұлы болған. Убайдолда, Сейділдә, Абайілдә және Бәйілдә. Сейділдә жастайынан дінге жақын, білімге құштар болып өседі. Бала жастан ауыл қарияларынан «дәріс» алып, аңыз-әңгімелер мен қисса-дастандарды жаттапты. Кейін сол кездегі көптеген қазақ жастары білім алған Уфадағы «Ғалия» медресесіне түсіп, шығыс және шағатай тілдерін меңгерді. Сейділдә қажы Уфадағы «Ғалия» медресесінен білім алып келгеннен кейін діни ағартушылық қызметке біржолата кіріседі. Ел арасынан шәкірт жинап, медресе ашқан. Одан кейін айналасына иманды әрі дән-дәулетті адамдарды тартып, мешіт салды. Ол бастапқы кезде «Ақ мешіт», одан кейін «Сейділдә мешіті» деп аталған. Сейділдә Түйтебекұлы өмірінде екі рет қажылыққа барған. Қасиетті орынға алғашында 1906 жылы сапар шексе, одан кейін 1908 жылы ат басын бұрған.

- Сейділдә қажы салған мешіттің орналасқан жері де өте қолайлы болған деседі. Яғни, мешіттен шақырылған азанның үні айналасындағы алыс-жақын ауылдардың көбіне анық естіледі екен. Ол кезде қазіргідей мол дәулетті адамдар өте аз болғаны белгілі. Дегенмен, Құдайдың құдіретімен Алла үйінің алғашқы іргетасы қалана бастаған кезден-ақ материалдық тұрғыда көмек берушілер көп табылған. Біреулер ақшалай қолдау білдірсе, енді біреулер алтын білезігін, алқасын, сақинасын берген екен. Мешіт ғимаратын салу жұмысына Омбы және Уфа қалаларынан мықты шеберлер мен ұсталар алдырған, - дейді Ербол Қайыров.

Бір өкініштісі, қазір мынау Сейділдә қажының ұрпағы деп білер адам жоқ. Яғни, артында ата-тегін жалғап, шаңырағының шырағын жағар ер бала қалмапты. Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлы Мешітбай кішірек кезінде қайтыс болыпты. Қыздарының арасынан тірі қалғаны – Құратылғайын. Міне, қазір сол қыздан тараған жиендері мен жиеншарлары атын атап, еңбегін насихаттап жүр. Солардың бір – қажының жиеншары Арман Төлегенов. Облыс орталығынан барған меймандарды қарсы алып, нағашы атасы туралы білгендерін айтып, үлкендерден естіген естеліктерімен бөлісті.

- Нағашы атамыздың үш әйелі болыпты. Оның бірі татардың қызы. Менің әжемді көбінесе сол татар әйеліне қаратып, соның алдына көп отырғызған деседі. Себебі, татар халқы діндар, тақуа болады ғой. Ондағы мақсаты – сол кісі секілді діндар болып өссін дегені болса керек. Оны бізге әжеміз айтып отыратын. Нағашы атамыз көзі тірісінде халыққа зор қызмет қылды, дін уағыздап, тура жолға шақырды. Тіпті, бойына жын кірген адамдардың жынын шығаратын үлкен әулиелігі, керемет қасиеті де болған. Атамыздың қасиетіне сенген адамдар қажының зиратының басына арнайы барып, марқұмның аруағына Құран бағыштайды. Мысалы, баласы болмаған ерлі-зайыпты адамдар осы жерге келіп қонып, Құдайдан бала тілейтін көрінеді. Кейде менің әжемді де ертіп кететін. Қажының шарапатының кереметтігі шығар, көбінің дұғасы қабыл болып, кейін ұрпақ сүйіп жатады. Ал, кейбір дертіне дауа таппай жүрген адамдар осы зираттың басына келіп, бір қонғаннан кейін бірден сырқатынан айығып шыға келгенін өз көзіммен көрдім. Көзі көрмейтін адамдардың жанары ашылады. Кеңес үкіметі тұсында мұнда үлкен-үлкен егін шаруашылықтары болды ғой. Көктемде жер жыртып, тұқым салу жұмысына кіріседі емес пе? Сол кезде тракторлар осы зиратқа жақындаған кезде жүрмей қалады дейді. Содан кейін совхоз басшылары жүргізуші ретінде қазақтарды алған. Ал олар осы маңайға келген кезде марқұмның аруағына бағыштап бір Құран оқиды екен де, жұмыстарын жалғастырып істей береді екен. Қазіргі күннің өзінде осы аумақтан өткен жолаушылар ата басына тоқтап, қол жаймаса, сәтсіздіктер болады екен, - дейді Арман Сейітқалиұлы.

Сейділдә Түйтебекұлы 1925 жылы қайтыс болған деген дерек бар. Зираты Тереңкөл ауданының шығыс жағында, Жаңақұрылыс ауылының аумағындағы Қоржынкөлдің маңайында, қайтыс болғанда осында жерленген. 1963 жылы шәкірттері Қанапия, Әусақ есімді азаматтардың және артында қалған жалғыз қызы Құратылғайынның бастамасымен ескерткіш тақта орнатылған. Бүгінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қажының бірқатар құнды заттары сақталған. Ал өзі ұстаған Құран кітабын жиеншары Арман Сейітқалиұлы осы сапар барысында музей қорына тапсырды. Тереңкөлдіктердің ендігі арманы – басына бір кесене орнатып, зират маңын қоршауға алу. Себебі, бүгінгі үлкендердің көзі кеткенде кейінгі жастар мұнда қандай ірі тұлғаның жатқанын естен шығара ма деп қорқады. Бірақ, кесене салу оңай шаруа емес, оның материалын сатып алу, жеткізу және жинау жұмыстары қыруар қаржыны талап етеді. Сонымен қатар, марқұмның басына зиярат ете келушілер паналайтын үй тұрғызуды да ойластыруда. Иә, айтуға оңай болғанымен, іске асыру оңай шаруа емес. Бұл бастама негізі былтыр көтеріліп, халыққа жарияланған. Содан бері әртүрлі деңгейде материалдық көмек беріп жатқандар бар. Бірақ, қолға алған шаруаның басын қайыруға жеткілікті қаражат жинала қойған жоқ. Міне, сондықтан ел болып, жұрт болып осыған атсалысу сауап болмақ.


Шолпан БАЙҒАЛЫ, ақын, Тереңкөл ауданының Құрметті азаматы:

- Тереңкөл ауданы - талай тарихи тұлғалар шыққан мекен. Біз бұл өлкені әлі терең зерттеп, тарихи құпиясын толық аша алмай келеміз. Біз басына барған Сейділдә қажының зираты үлкен жұмыстарды күтіп тұрғандай сезілді. Әсіресе, басына кесене орнатып, зиярат етіп келушілерге жағдай жасау керек. Егер осы бастама жүзеге асар болса, бұл жер бірден-бір тарихи-мәдени орынға айналары анық.

 

Тілеуберді САХАБА

Тереңкөл ауданы.

saryarka-samaly.kz