Жарыс облыс орта-лығындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Торайғыров көшесінің қиылысында бастау алды. Қатысушылар Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойымен әуежайға дейін барып, кері қайтты. Сайыскерлер Мемлекеттік рәміздер алаңындағы мәре сызығына дейін жаяу жүгіріп жарысты.

- Биыл Елордамыздың 21 жылдығына орай 21 шақырымдық дуатлон ұйымдастырдық. Бұл - «Жастар жылы» қолға алынған игі шараның бірі деп ойлаймын. Баршаңызды келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласының туған күнімен құттықтаймын! - деді аймақ басшысы Б.Бақауов.

21 шақырымдық жарыста сынға түскен 300 спортшының арасынан Павлодар бизнес-колледжінің I курс студенті Қысса Түсіпбаев 44 минут, 21 секундта мәре сызығын кесіп өтіп, чемпион атанды. Ал 46:43 уақыт көрсеткішімен жарысты аяқтаған Павлодар қаласының тұрғыны Денис Забияка екінші орынды жеңіп алды. Сайысты 47:22 уақыт ішінде аяқтаған Руслан Шакратов қола медальді мойнына тақты.

Әйелдер (қыздар) арасында Ирина Быкованың бағы жанды. Ол бұл қашықтықты жүріп өтуге 52:56 уақыт жұмсады. Күміс жүлдені Татьяна Мирогородская (53:19) еншіледі. Ал үшінші орын Хадишат Цечоеваға бұйырды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін облыс әкімі Болат Жұмабекұлы құттықтап, медальдармен Алғыс хаттармен марапаттады.

Дуатлон сайысына кәмелеттік жасқа енді ғана толған жастар да, спортты жанына серік еткен егде жастағы азаматтар да қатысты. Соның бірі Ақсу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зәлмұқан Арынов:

- Менің бүгін туған күнім. 75-ке толдым. Адам жасы егделеген сайын дене жаттығуларын көбірек жасағаны дұрыс. Спорт – денсаулық кепілі. Осындай көпшілік қатысатын жарыстарға жиі қатысамын. Барлық облыс тұрғындарын спортпен айналысуға шақырамын, - деді З.Арынов.

Дуатлонға қатысқан барлық спортшы естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz