Зейнет жасын төмендету орынды ма?

Жақында бір топ халық қалаулысы мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың зейнетке шығу жасын төмендету керектігі жайлы ұсыныс айтқан болатын. Сондай-ақ, осы мәселені шешу үшін Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға депутаттық сауал да жолдаған. Әзірге бұл ұсыныс мемлекеттік деңгейде қарастырылып жатқан жайы бар. 

Ал аталған мәселеге қатысты әркім әртүрлі пікір айтуда. Біреулер жарымжан баланы күтіп-бағып отырған ата-аналарға түсіністікпен қарап, зейнетке ерте шығуына жеңілдік жасаған дұрыс десе, екінші тарап азаматтардың зейнетке шығу тәртібі мен талап баршаға ортақ болуы тиіс дейді. Қоғамда екіұдай пікір туғызып отырған мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.


Магеррам МАГЕРРАМОВ, 
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
(пікір интернеттен әзірленді)


- Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларына арнайы мәртебе беру керек. Сөйтіп, мұндай санатқа жататын ата-аналардың зейнет жасын төмендеткен жөн. Сонымен қатар, жарымжан баласы бар ерлі-зайыптылардың біреуін жұмыстан ертерек босату туралы да мәселені қарастыру керек. Себебі, мүгедек балаға тәулік бойы қарау қажет. Оның күтіміне көп күш-жігер кететіні айтпаса да түсінікті.


Мұндай жандарға түсетін психологиялық жүктеме аз емес. Сондай-ақ, қамқоршылықты рәсімдеу тәртібін де жеңілдету керек. Өйткені, қазіргі уақытта бұл процедураларға кемінде 9 айға жуық уақыт кетеді. Осы мерзімнің ішінде мүгедек баласы бар ата-анаға ешқандай қаржылай көмек берілмейді. Салдарынан толық емес отбасыларының қатты қиналып жататыны шындық.


Міне, осындай мәселелер орын алмас үшін баласы кемтар отбасыларына деген мемлекеттік қолдауды арттыру керек.


Гаухар ОМАРОВА, 
«Үміт үзбеу» қоғамдық қорының директоры:


- Денсаулығында кемістігі бар балаға ерекше күтім керек. Оны бағып-қағудан басқа, уақытында дәрігердің қабылдауына апарып, медициналық түрлі тексерістерден өткізіп тұру, спорттық сауықтыру шараларымен айналысуына жағдай жасау, дәрі-дәрмегін үзбей беру және басқа да міндеттер бар. Мұның бәрін бұлжытпай орындау – 
ата-ананың басты парызы. Ал таңнан кешке дейін күнкөріс қамымен тынымсыз еңбек етіп жүрген жандардың кейде мүгедек баласының жағдайын жасауға мұршасы жетпей жататыны жасырын емес. Сол үшін де халық қалаулыларының жарымжан баласы бар ата-аналарға арнайы мәртебе беріп, оларды зейнетке ерте шығару керектігі туралы ұсынысы өте орынды деп санаймын. Бірақ, бұл жаңашылдықты енгізбей тұрып, жан-жақты зерттеу жасалуы қажет. 
Мәселен, егер мүгедек баласы бар ата-ана бұған дейін жоғары жалақы алып келсе, ал зейнетке шыққаннан кейін отбасына кіретін табыс көлемі азайып қалса, бұл оның күнкөріс деңгейіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан осы мәселені де ескерген жөн. Яғни, қандай өзгеріс болса да, мүгедек бала мен оның ата-анасына оң әсер етуі керек.

Мила СҮЛЕЙМЕНОВА, 
Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері:


- «Бұдан жаман күнде де тойға бардық» демекші, отандастарымыз алдымен бүгінгі тірлігіне, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдауларға қанағат ете білулері тиіс деп ойлаймын.


Қазіргі таңда әлеуметтік тұрғыдағы әлжуаз топтарды қолдауға баса мән берілуде. Әсіресе, мүгедектерге ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленіп, олардың дәрі-дәрмекпен және сауықтыру шараларымен қамтылуы үшін қазынадан қомақты қаржы қарастырылатынын да білеміз. Сондай-ақ, ҚР Еңбек кодексінде жарымжан баласы бар жұмыскерлерге қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Осының бәрін ескере отырып, ендігі кезекте кемтар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың барлығының зейнетке шығу уақытын төмендету дұрыс емес-ау деп санаймын.


Меніңше, шынымен де ерекше күтімді қажет ететін жарымжан баласы бар ата-аналарға ғана осындай жеңілдік жасаған жөн. Әйтпегенде, жаппай өзгеріс енгізу кейбіреулерді құйтырқы әрекет жасауға итермелеуі ықтимал. Яғни, біріншіден, «қағаз жүзіндегі мүгедек балалардың» саны артуы мүмкін, ал екіншіден, халықты мемлекеттен орынды-орынсыз дәметуге үйретпегеніміз жөн.


«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.