Абай көшесі неге аянышты халде?

2020 жылы Ұлы Абай Құнанбаевтың туғанына – 175 жыл. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың ұлы ойшылының мерейтойын республика деңгейінде тойлауға жарлық берді. Павлодар қаласында Абай көшесі бар. Жанға бататыны сол, өзі шолақ көшенің сыйқы осындай аянышты халде. Бастауы Кривенко көшесімен қиылысатын, бірнеше рет үзілетін Абай көшесінің соңы Усолка шағын ауданындағы Бестужев көшесімен түйіседі. Бүгінде осы аумақтағы көріксіз де көңілсіз мәселе – жолдардың ой-шұңқыры көп. Тіпті, езіліп, көлік жүре алмайды. Берекесі қашқан көше тұрғындарының шағымын жергілікті билік қашан ескереді?


Серік Әбдірахманов - Абай көшесінің тұрғыны. Ол көліктердің жаяу жүргіншілер жолымен жүретіні көптің наразылығын туғызатынын айтады. Өйткені, осының салдарынан бірнеше мәрте жазатайым оқиғаға тап бола жаздаған.


- Бұл жолдың сиқы осындай. Еріген қар суы мен жаздағы жаңбырдан суға толады. Тозығы жетіп, тұрғындарды да титықтатып бітті. Балшыққа батқан жолдың кесірінен барар жерге жету қиын. Ортадағы шұңқырлардан айналып өту үшін көлік иелері жаяу жүргіншілердің жолымен жүреді. Осының кесірінен талай мәрте көлік астында қала жаздадым. Бірде жүйткіген көліктердің бірі көз алдымда зағип жандарды қағып кете жаздады. Бұл деген сұмдық қой! - дейді ол қынжылыс танытып.
Барар жеріне дейін көлкіген суды кешіп өтпес үшін жүргізушілер бір амалын тапқысы келетіні түсінікті-ақ. Алайда, адам өміріне қауіп төндірер тұсын ойламайтыны өкінішті. Бұл ретте халықтың бүгінгідей өркениет заманында жөні түзу көшелермен жүріп-тұрғысы, жол қиындығын сезінбей жүргісі келетіні шындық. Жол жөнделсе мұндай мәселелер шешіліп, халықтың көңілі де жайланар еді.


Абай көшесіндегі автотұрақтың күзетшісі Владимир Кулагин жауаптылардың талайдан бері жолды жөндеуге құлықсыздық танытып келе жатқанын айтады. Өйткені, бұл мәселені көтеріп бірнеше рет қала билігіне хабарласқан. Алайда, мардымды жауап ала алмаған. Оның айтуынша, бұл жағдай соңғы 7-8 жылдан бері қайталанып келеді.


- Абай көшесімен қиылысып жатқан Бестужев және Амангелді көшелерінің жолына асфальт төсеп, жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін барлық ағынды су осы жерге жиналады. Оның үстіне еріген қар суы мен жаңбырдан соң көшенің қақ ортасы суға толып, арлы-берлі өткен көліктерге, жаяу жүргіншілерге көп қиындық тудырады. Бұл жағдайға қала билігі ешқандай қам-қарекет жасамай отыр. Көшенің 7-8 жылдан бергі көрінісі осындай. Тіпті, кейде қоқыс тиейтін үлкен көлік балшықтан жүре алмай, батып қалатын кездер де жиі кездеседі, - дейді В.Кулагин.


Тұрғын көше бойындағы қазіргі көлкіген су мен езілген батпақтың соңғы жауған жаңбырдан пайда болғанын айтады. Естеріңізде болса, Павлодар қаласында осыдан екі апта бұрын толассыз жаңбыр жауған болатын. Арада осыншама уақыт өтсе де, аталмыш көше бойындағы су әлі көлкіп тұр. Бұл ретте көше тұрғындары су ағатын дренажды жүйелердің жоқтығын да айтып налыды.


Тұрғындардың базынасын айтып Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық. Бөлімге қарасты жол жөндеу секторының меңгерушісі Николай Казаниннің айтуынша, биыл Павлодар қаласында жөндеуді қажет ететін көшелерде ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен, мамандар біз айтқан мәселеден бейхабар болып шықты. Олар алдағы уақытта жоғарыдағы мәселеге байланысты тұрғындардың талап-тілегін ескерусіз қалдырмайтындарын айтты. Айта кетейік, биыл облыс орталығындағы жол жөндеу жұмыстарына 2,2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында, Астана, Торайғыров, Лермонтов және басқа да көшелердегі жолдар қалыпқа келтіріліп, жұмыстар жүргізілген.


Жалпы, соңғы уақытта Павлодар қаласында төселуі де, тесілуі де тез жолдар көбейді. Апыл-ғұпыл жөндеп, мердігер компания жым болады, артынша жырым-жырымы шығып, жолдың жайы қайтадан «жыр» болады. Ал жолы жөнделіп, асфальті төселмегені қаншама?! Тоз-тозы шыққан Абай көшесіндегідей жолдың сиқын облыс орталығының өзге де жерінен кездестіруге болады. Алдағы уақытта қала билігі қандай да бір шешім қабылдап, қам-қарекетке көшер деген үміттеміз.


Әсіресе ұлы Абай атамыздың 175 жылдығына орай оның атындағы көшені тақтайдай етіп асфальттап қойсақ, үлкен өнеге болар еді.


Мереке АМАНТАЙ