Қалдыратын мұра мол

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында дала фольклоры мен қазақ музыка өнерін жаңғыртып, әуендерді заманауи цифрлық форматқа көшірудің маңызы зор екені айтылған. Аталмыш тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында музыка саласының өкілдері білек сыбана іске кірісуде.

 

Бұл бағыттағы жұмыстар Павлодар облысында да қолға алынып жатқанын атап өткен жөн. Қазақ музыка өнерін дамытып, қайта жаңғырту жолында белсенді еңбек етіп жүрген жерлестеріміз баршылық. Солардың бірі – сазгер, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Дүкенбай Назымбек Сәбитұлы.


- Тұңғыш Президентіміз аталған мақаласында «Дала фольклорының антологиясын» жасау керектігін және қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай, басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындыларды топтастырып, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару керек екенін айтқан. Осы тапсырма ойдағыдай орындалса, кейінгі ұрпақ ұлттық музыканың мол мұрасымен сусындайтын болады. Қуантарлық жайт. Сондай-ақ, мақалада Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта сақталуы тиіс екендігіне баса мән берілген. Шынымен де, Елбасы айтқандай, ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту бүгінгі заманауи аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы тиіс. Бұл ретте, ән-әуендерді, музыкалық поэзиялық топтамаларды электронды нұсқада шығарған дұрыс деп ойлаймын. Міне, осы бағытта біраз істің басын қайырудамыз, - дейді Назымбек Сәбитұлы.
Сазгер бұған дейін 500-дей әнге әуен жазып, 20-дан астам кітап және 20 шақты ғылыми еңбегін жарыққа шығарған. Ал қазіргі уақытта мәдениет саласының өкілі ретінде «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыруға бір кісідей атсалысып жүрген жайы бар.


- Елбасының мақаласында қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және батыр тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу керектігі сөз етіледі. Осыған орай, біз «Қазақ хандығы тарихынан» атты музыкалық поэзиялық топтама әзірледік. Оның сөзін белгілі ақын Серік Елікбай жазды. Шығармашылық топтамада «Қазақтың хан-батырлары», «Керей мен Жәнібек», «Әз Тәуке», «Басын берген біз үшін» (Кенесары туралы), «Батырым, бабам – Бөгенбай!», «Ерліктің тәңірі Қабанбай», «Батыр Баян», «Оспан батыр», «Он алтының зары бұл» (Амангелді Иманов туралы), «Бауыржан Момышұлы», «Қазақ елі», «Қазағым. Елім. Жерім» атты туындылар бар. Қай-қайсысының да тыңдарманға берері мол, - дейді Назымбек Сәбитұлы.


Ерекше атап өтерлігі, сазгер жақында Серік Елікбаймен бірлесіп, «Ұлы дала жырлайды» атты оратория (ең күрделі музыкалық жанр) жазған екен.
- Бұл шығармашылық еңбекті «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала аясында жарық көрген Кереку - Ертіс өңірінің туындысы деп білемін. Ол негізгі 11 бөлімнен тұрады. Оның әрқайсысы мазмұнына сай түрлі жанрда орындалады. Амандық болса, алдағы уақытта Алматы қаласында осы ораторияның тұсаукесер рәсімін өткіземіз деген жоспар бар. Себебі, соңғы 30 жылдың ішінде Қазақстанда бірінші рет біздің аймағымызда осындай күрделі жұмыс қолға алынып отыр. Қазіргі таңда дайындық жұмыстарын қызу жүргізудемін, - дейді сазгер. Сонымен қатар, ол бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың жемісті болуы үшін жергілікті мәдениет басқармасының қолдауы қажет екенін де тілге тиек етті.


Бар ғұмырын музыка саласына арнаған азаматтың балаларға арналған базарлығы да баршылық. Оның балғындарға арнап жазған «Ән салатын Әліппе» атты музыкалық-поэзиялық спектаклі соның дәлеліндей.


- Осы шығарманың сөзі Баянғали Әлімжановтікі. Бұл шығармашылық еңбекті балалар мектепке дейінгі мекемелердің қабырғасында жүріп-ақ әліппемен таныссын, оқу-жазуды үйрететін киелі кітаптың қадір-қасиетін ұғынсын деген ниетпен жаздық, - дейді.


Назымбек Сәбитұлының өңір мәдениетіне қосқан үлесі мұнымен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол осы уақытқа дейін жергілікті ақындардың сөзіне көптеген ән жазып, оны арнайы дискілерге түсіріп, жеке қорында сақтап қойғанын айтады. Егер мектептер мен балабақшалардан сұраныс болып жатса, көмек қолын созуға әзір. Сонымен қатар, алдағы уақытта «Музыкалық психология», «Қазақ халқының дәстүрлі әншілік өнері», «Музыкалық білім беру теориясы», «Қазақ халқының дәстүрлі музыка мәдениеті» атты бірнеше автормен бірлесе дайындаған кітаптары жарыққа шықпақ. Олардың қатарында үш тілде басылып шығатын еңбектері де бар екенін айта кеткен жөн.


Бұл – сазгердің отандық мәдениетке, соның ішінде қазақ музыка өнерін өркендетуге қосқан өлшеусіз үлесі, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған еселі еңбегі екені анық.

 

Нұржайна ШОДЫР