Аққулыдағы жылыжай

Ауылдық аймақтардағы дүкендерде тауарлардың бағасы облыс орталығымен салыстырғанда қымбат болатыны белгілі. Әсіресе, жеміс-жидек пен көкөністің құны аспандап тұратыны бар. Дегенмен, Аққулы ауданында бұл мәселе тұрақты болмақ. Себебі, жергілікті кәсіпкер аудандық нарықты жылыжайда өсетін көкөніспен қамтуды көздеп отыр.

 

Аққулы ауданындағы Мусиндер отбасы осыдан төрт жыл бұрын жылыжай ашуды ойластырды. Бірақ, кәсіпті бастауға қажет қаржы болмай, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының көмегіне жүгінді. Сөйтіп, Ләззат Мусина «Нектар.kz» атты жеке кәсіпкерлігін ашып, мемлекеттік грант конкурсына қатысты. Инновациялық жобасы қолдау тауып, 1 млн. теңге қайтарымсыз қаржы алды. Әйтсе де, бұл сома жылыжай жұмысын жүйелеуге жеткіліксіз болды. Сондықтан отағасы Руслан Мусин 3 млн. теңгеден астам қаржы салып, отбасылық кәсіптің қазығы қағылды.


- Жылыжай құрылысы үш жылға жуық уақыт жалғасты. Себебі, біз нарыққа сапалы әрі жақсы өнімді ұсынғымыз келді. Ал бұл тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Мәселен, бастапқыда салған пластикалық конструкцияларды кейін шыныға ауыстырып, нысанның биіктігін 3 метрге дейін көтердік. Десе де, құрылыс жұмыстарымен шектеліп қалған жоқпыз. Үй жағдайында жылыжай жасап, қияр өсірдік. Ал осы жылдың 1 сәуірінен бастап кәсібіміздің аясы кеңейе түсті, - дейді Руслан Мусин.


Кәсіпкер көктем уақытында қызанақ, тәтті бұрыш пен қырыққабат көшеттерінің бір бөлігін аудан жұртшылығына сатып, қалғанын өз жылыжайларында өсіруде. Тіпті, құлпынай өсіріп көрмек.


- Қазіргі уақытта жылыжай қай көкөніс түріне тиімді болатынын сынап көрмекпіз. Сондықтан, қызанақ, қияр, құлпынай, қырыққабат салдық. Байқағанымыздай, жылыжай қызанақ пен қиярға қолайлы. Бір-екі ай дересінде алғашқы өнімді алып, аудандағы дүкендерде сатпақ ойымыз бар. Оған қоса, арнайы шамды сатып алып, жыл-он екі ай жұмыс істеуге ниеттіміз. Ауданда бұдан басқа жылыжай жоқ екенін ескерсек, біздің өнімге сұраныс жоғары болады деген сенім мол, - дейді кәсіпкер.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА