Оңай олжаға жол жоқ!

Соңғы уақытта елімізде әлеуеттің әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аударылып жатқаны белгілі. Осы бағытта облысымызда қандай жұмыстар қолға алынуда? Бұл мәселе облыс әкімдігінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен өткен жиында жан-жақты талқыланды.

 

Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов, басқарма басшылары және селекторлық режимде қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Вице-министр алдымен аймақтағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек пен осы санаттағы тұрғындарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысымен таныс болды. Бұл жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар-ламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов баяндап берді.


Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі 5 350 отбасына жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалған. Соның ішінде бұған дейін жәрдемақы алып келген 801 отбасына қайта есептеу жүргізілді. Осы мақсатқа қазынадан 1,2 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Ал ағымдағы жылдың соңына дейін тағы да 3,3 млрд.теңгедей қаражат қажет, дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ, ол АӘК алатын еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шаралары жүйелі жүргізіліп жатқанын алға тартты. Вице-министр осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігін тапсырды.


- Еңбек етуге қабілетті азамат-тардың барлығы жұмыспен қамтылуы тиіс. Тек өмірге сәби әкелуіне немесе бала күтіміне байланысты декреттік демалыстағы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға ғана жеңілдік жасалады. Ал атаулы әлеуметтік көмек нағыз иесіне, яғни, мемлекет қолдауына мұқтаж, тұрмысы төмен отбасыларына ғана берілуі керек. Сондықтан азаматтар оңай олжа табудың жолын ойлап, масылдыққа бой үйретпеуі керек, -
деді Ержан Жылқыбаев.


Вице-министр еліміздің кейбір өңіріндегі тұрғындардың жәрдемақыға қол жеткізу үшін түрлі алаяқтық әрекетке барып жатқанын, оның алдын алу мақсатында әр отбасының әлеуметтік картасы жасалғанын айтты. Оның көмегімен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасында елдегі барлық тұрғын жайлы ақпарат шығып тұрады екен. Сол арқылы алдағы уақытта АӘК алу үшін түрлі қулыққа барған азаматтардың әрекеті әшкере болмақ. Сонымен қатар, Ержан Жылқыбаев селекторлық режимде Ақсу, Екібастұз қалалары мен Шарбақты ауданындағы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларына көрсетіліп жатқан көмек жайымен де таныс болды. Аталған өңірлерде әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға тиісті көмек көрсетілуде. Әсіресе, республикалық «Nurly Ertis» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға қоныс аударған көпбалалы отбасыларына айрықша көңіл бөлінген.


- Павлодар облысының бұл бастамасын бүкіл республикаға үлгі етеміз. Осы жобаның арқасында ересектер еңбекпен қамтылып, балалар мектепке және балабақшаға орналастырылмақ. Бұл – үлкен қолдау деп білемін, - деді Ержан Жылқыбаев. Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов «Nurly Ertis» бағдарламасы бойынша кеншілер шаһарына келген отбасыларының жаңа орынға сіңісіп кетуі үшін жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.


Вице-министрге есеп берген Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары Ризагүл Неғманова АӘК алушылардың қатарындағы еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа тарту барысында кездесетін кедергілер бар екенін алға тартты.


- Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау ережесі бойынша отбасындағы ерлі-зайыпты екі адамның біреуінің кіші баласы 7 жасқа толғанға дейін үйінде отыруына құқығы бар. Мұндай шаңырақтар көп. Сондықтан еңбекке қабілетті бола тұра жәрдемақы алатын азаматтарды жұмысқа көптеп тарту үшін кенже баласы 3 жасқа толғанға дейін ғана рұқсат берген жөн деп ойлаймын. Осындай ұсыныс енгізілсе, жәрдемақыға қол жайып отырған тұрғындар саны едәуір азайып, керісінше жұмыспен қамтылатындар қатары артар еді, - деген пікірін білдірді ол. Вице-министр біртіндеп АӘК тағайындау тәртібі жетілдірілетінін айтып, ендігі кезекте әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікпен айналысуына барынша жағдай жасау керектігін тапсырды.


Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар-ламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтің айтуынша, өңірде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақса-тында 5,2 млрд. теңге бөлініп, 7 321 адам жұмысқа орналастырылған. Ал «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 939 адам жіберілген. Аталмыш жоба аясында жыл басынан бері 197 шағын несие мен бизнес идеяны дамытуға арналған 272 грант берілген.

 

Вице-министр халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарды бұдан да ширату керектігін айтып, осы мақсатта қанат қаққан 14 мемлекеттік бағдарламаның әлі де өз деңгейінде орындалмай жатқанын сынға алды.


Жиын соңында Асхат Оралов осы салаға жауапты басқарма басшыларына бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асу жолдарын қарастыруды тапсырды.

 

Нұржайна ШОДЫР