Қоныс құтты болсын!

Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы күніне орай бір топ павлодарлық баспаналы болды. Кеше облыс орталығындағы генерал Дүйсенов көшесінде орналасқан қос көпқабатты үй тұрғындар игілігіне беріліп, 144 отбасы қоныс тойын тойлады.

 

Облыс әкімі Болат Бақауов қуаныш иелерін елорда күнімен құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті.


- Біздің мемлекеттің басты саясаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бүгінгі баспана «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының кредиттік тұрғын үй жобасын жүзеге асыру бойынша бірлескен жобасы аясында ұсынылып отыр. Өңірімізде азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта осы аумақтағы автотұрақ кеңейтіліп, спорт мектебінің аумағы абаттандырылатын болады, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.


Бұдан соң, баспаналы болғандарды «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов құттықтады.


- Біздің холдинг елімізде «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда негізгі мемлекеттік мекемелердің бірі болып табылады. «Бәйтерек» холдингі өзінің еншілес компаниясы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірлесе отыра тұрғындарға сапалы әрі жайлы баспана ұсынып келеді. Жыл сайын банк тұрғындарға жеңілдетілген несие беру үшін 400 миллард теңге көлемінде қаржы бөледі. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады, -
деді А.Әріпханов.


Аталмыш үйлер генерал Дүйсенов көшесі, 138/1 мекенжайы бойынша орналасқан. Үйлердің бірінде 36 екі және үш бөлмелі пәтерлер болса, екіншісінде 10 бір бөлмелі, 27 екі бөлмелі және 35 үш бөлмелі пәтерлер бар. Баспанаға «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ тапсырыс берген.


Баспаналы болғандардың бірі - Қуат Құсбеков. Ол - Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жинақтау бөлімінің басшысы. Жары Жазирамен алты бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы.


- 16 жыл бойы пәтер жалдап келдік. 2015 жылдан бастап жұмыс бабымен Павлодар қаласына ауыстым. Содан бастап «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жинақтау есепшотын ашып, соның аясында бүгін 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Баспаналы болу үшін тиімді мүмкіндік қарастырған жергілікті билік өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз, - деді ол.

 

Мереке АМАНТАЙ