Қалада электробустар жүре бастады

Өңірде қоғамдық көліктерді жаңғырту жобасы жүйелі жүзеге асырылуда. Осыған орай облыс орталығына жаңа автобустар, электробустар мен трамвайлар жеткізілді. Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы күніне орай аталмыш көліктердің таныстырылымы өтті.

 

Облыс әкімі Болат Бақауов жиналғандарды мерекемен құттықтады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау мәселесіне баса назар аударуды тапсырған болатын. Бұл ретте Павлодар облысы «жасыл экономикаға» көшу барысында үлкен қадамдар жасауда. Өңірімізге жаңа инновациялық көліктердің әкелінуі - осының айғағы. Республика бойынша аймақтар арасында бірінші болып біздің өңіріміз электробус сатып алды. Мұны облыстағы қоғамдық көліктерді дамыту саласындағы ірі жоба деп айтсақ болады.

 

Электробустар қала тұрғындарының қозғалысын жайлы етіп қана қоймай, қоғамдық көліктерді дамытудың жаңа драйверіне айналады, - деді облыс әкімі.
Бұдан соң, аймақ басшысы электробустардың бірін тізгіндеп, қала ішінде жүріп көрді.


Электробустар «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мен оның еншілес компаниялары «ҚДБ Лизинг» АҚ және Қазақстанның Даму Банкі жүзеге асыратын лизинг бағдарламасының аясында сатып алынған. «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың айтуынша, бұл бағдарлама қазірдің өзінде Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылуда.


- Автобустар мен электробустар заман талабына сай құрастырылған. Электробустар Қостанай қала-сындағы «Сарыарқа АвтоПром» ЖШС-нің зауытында құрастырылып, шығарылған. Ішінде тегін Wi-Fi мен бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жолаушылардың жайлы әрі қауіпсіз жүруі үшін және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай қарастырылған, - деді А.Әріпханов.


Осылайша «№1 Автобус паркі» ЖШС «Анкай» маркалы 20 автобус және 10 электробуспен толығып, нәтижесінде серіктестіктің техникалық құрамы 76 пайызға жаңарды. Алдағы уақытта бұл көліктер №5, 10, 21, 22 қалаішілік бағыттарға және облыс орталығына қарасты ауылдарға қатынайтын болады. «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ да жаңа жылжымалы құраммен толықты.

 

Мереке АМАНТАЙ.