Арыстағы ағайынға асар

24 маусым күні Арыс қаласында орын алған оқыс оқиға қазақстандықтарды бейжай қалдырмады. 

 

10 күннен астам уақыт аралығында әр облыс билігі мен тұрғындары оңтүстіктегі ағайынға қолдау танытып, оларға көмек көрсетуде. Бұл ретте Павлодар облысы алғашқылардың бірі болып қол ұшын созды.

 

Естеріңізде болса, 27 маусым күні арыстық 130 бала арнайы ұшақпен Павлодарға келген болатын. Бүгінде олар Баянауылдағы «Жас дәурен» лагерінде демалуда. Бұрнағы күні облыс әкімі Болат Бақауов ауданға арнайы барып, балалармен кездесті. Арыстан келген балғындар демалыстың қызықты өтіп жатқанын айтады.


- Бір апта аралығында көптеген жаңа дос тауып, Баянауылдағы тарихи және киелі орындарға бардым. Қаныш Сәтбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жаяу Мұса Байжанұлы сынды қазақтың біртуар азаматтары жүрген жолмен жүрдім. Күн сайын ата-анаммен хабарласып, суреттерді жіберіп тұрамын. Олар менің демалысымның жақсы өтіп жатқанын көріп, қуанып қалады. 10 күннен кейін үйіме ораламын. Баянауыл баурайындағы бұл демалыс естен кетпес әсер сыйлады, - дейді Інжу Ералиева.


Арыстық тағы бір оқушы – Гауһартас демалысқа екі інісімен бірге келіпті.


- Павлодар облысы оқушыларды лагерьге шақырып жатқанын естігенде бәріміздің барғымыз келді. Себебі, бұған дейін солтүстік өңірлерде болмаған едік. Ата-анамыз рұқсатын беріп, ұшақпен аман-есен жеттік. Бізді жақсы қарсы алды. Лагерьде күнде экскурсияларға барып, Баянауылдың тарихын біліп жатырмыз. Жатын орнымыз, тамағымыз, бос уақыттың ұйымдастырылуы – бәрі ұнады. Келесі жылы Баянауылға отбасымызбен демалысқа келсек дейміз, - дейді ол.


Арыстан балалармен бірге келген тәрбиеші Ақжарқын Кенжебекованың айтуынша, әр күн қызыққа толы. Жеткіншектер шығармашылығын шыңдап, түрлі спорт сайыстарына белсенді қатысуда.


- Оқушылар үйді сағынғанымен, Баянауылдан кеткісі жоқ. Тіпті, кейбіреулері ата-аналарына «осы жаққа көшіп келейікші» деген тілегін білдіріп үлгеріпті. Жергілікті ұстаздармен, балалармен жақсы тіл табысты. Осыдан 10 күн бұрын Арыста орын алған апатты ұмытқандай. «Жас дәурендегі» демалыс олардың ойын сергіткені анық, - дейді А.Кенжебекова.


Арыстық оқушылардың екінші легі – 170 бала 9 шілде күні Павлодарға келеді деп күтілуде. Олар Ақсу қаласындағы «Ферросплавщик» және Шарбақты ауданындағы «Шағала» лагерлерінде демалатын болады.


- Байқағанымыздай, балалардың көңілі көтеріңкі, жүзі жайдары. Біздің мақсат та осы еді. Оларға жақсы демалыс күндерін сыйлауды қаладық.

 

Павлодарлықтар мұнымен шектеліп қалмайды. Таяуда Арыс қаласына барып, жергілікті тұрғындармен жүздестім. Бүгінде біздің аймақтың 130 маманы қираған үйлерді жөндеп, қалпына келтіруге кірісіп кетті. Біздің облысқа берілген секторда 325 үй бар. Оның бесеуі – көпқабатты баспана. Бір ай дересінде тиісті жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте сапаға баса мән беріледі, - деді Б.Бақауов.


Айта кетелік, бұған дейін Арысқа павлодарлық тұрғындар мен кәсіпорындар жинаған 90 тонна гуманитарлық көмек жіберілген болатын. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер, полицейлер, депутаттар мен қарапайым тұрғындар 70 млн. теңгені арыстықтар үшін ашылған арнайы шотқа аударды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА