«Еңсесі биік елорда»

Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар легі толастар емес. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Еңсесі биік елорда» атты кітап және фото көрмесі ашылды.

 

Қазақ елі ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздік тұғырына қонғаннан кейін ел астанасын таңдау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне бұйырды. Егемендік жылдарына дейін Алатау баурайында болған Елорданы 1997 жылы көшіріп, Арқа төріне қондырды. Бүгінде әлем таныған шырайлы шаһарға айналып, абыройымызды асқақтатып тұр.


Облыстық кітапхананың абонементтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Әсемгүл Ауылбаеваның сөзінше, көрмеге Нұр-Сұлтан қаласының арғы-бергі тарихы туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған әдебиеттер қойылған. Бұл көрмені тамашалаған адам Елорданың бүгінгі келбетін ғана емес, кешегі тарихына да көз жүгірте алады. Яғни, VІІІ-ХVІІІ ғасырларда Нұра-Есіл аймағын мекен еткен Бозақ қаласынан бастап кешегі Целиноградқа дейінгі «жүріп өткен жолы» қамтылған. Сонымен қатар, шаһардың бүгінгі көрікті нүктелері мен көз тартар әсем ғимараттарының фотолары көрме төрінен орын тапқан. Бұдан бөлек, ел Тәуелсіздігі жолында жазылған Елбасының құнды еңбектері мен маңызды сапарлары мен кездесулері туралы фотоқұжаттар топтастырылыпты.
- Бас қаланың бүгінгі келбетін ақ қағаздың бетіне қондырып жүрген қылқалам шеберлері де баршылық. Солардың бірі – өңірімізге белгілі суретші Өсербай
Шоранов. Осы көрмеге суретшінің майлы бояумен, қарындашпен салынған ең үздік туындыларын қойып отырмыз. Көрме осы кітапханада шілде айының аяғына дейін жалғасады. Тамашалаймын деушілерге есігіміз ашық, - дейді Әсемгүл Рамазанқызы.


Елорда күніне арналған фотокөрме Д.Багаев атындағы музей-үйінде де ашылды. Аталмыш музейдің көрме залына өңірімізге белгілі кәсіби фотографтардың объективіне ілінген астананың көрікті орындарының суреттері қойылған. Жұмыстар музей-үйінің қорынан алынды. Мысалы, Жұмағали Сейтеновтің «Ақорда», «Бәйтерек», «Есіл көпірі», Александр Пархоменконың «ЭКСПО шары», оның ішіндегі «Қазақстан павильондары», екібастұздық фотограф Алексей Стаховтың «Ғашықтар саябағы» сынды суреттері бір көрген адамға ерекше әсер береді. Музей-үйінің маманы Күләш Шайдулинаның айтуынша, көрменің ашылу салтанатын Павлодар қаласындағы №26, 28 мектеп оқушылары келіп тамашалады. Сондай-ақ, №18 орта мектептің оқушыларына музей мамандары өлкетану сабақтарын өткізді. Алдымен көрмеге қойылған суреттер туралы баяндап, одан кейін Қазақстанның тарихына және ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының құрылу кезеңіне қатысты түрлі сұрақтар қойды. Елорда күніне арналған фотокөрме бір айға дейін жалғасады.

 

Тілеуберді САХАБА